Қазақ көші елге ел қосты
Сонау 1991 жылдан бері жүргізілген көші-қон саясаты қазіргі экономикамызда маңызды орын алады. Тәуелсіздік алғалы бергі 32 жыл ішінде Қазақстан тарихында көші-қон саясаты негізгі 3 кезеңді бастан өткерді.
«Бос жатқан жер жау шақырады» дейді қазақ. Әсіресе, қазіргі геосаяси жағдайда етек-жеңімізді қымтай түсуге тиіспіз. Қ.Тоқаев: «Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды», – деді. Кезінде Үкімет ішкі миграцияға талдау жасап, оңтүстіктегі халықтың бір бөлігін және қандастарды ШҚО, СҚО, Павлодар және Қостанай облыстарына көшіру керегін анықтаған. Егер бұл мәселе шешілмесе, 2050 жылға қарай солтүстіктегі жан саны 1 миллион адамға қысқарып, оңтүстікте 5,2 млн-ға артады екен.
Қазақстанға барлығы 1 млн 123,5 мың қазақ оралған
Қазақстан 1991 жылы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткізу туралы мәселе көтеріп, сол жылы 18 қарашада Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерге жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт өкілдерін Қазақстанда қоныстандырудың тәртібі мен шарттары туралы» Үкімет қаулысы қабылданды. Сөйтіп, алыс-жақын ағайынды атажұртқа жинауға мүмкіндік беретін заңды құжат та Тәуелсіздікпен тұстас дүниеге келіп, этностық көші-қонға нақты жол ашылған болатын.
2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 16 408 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 123,5 мың этникалық қазақ оралған. Алайда ресми статистикаға үңілсек, соңғы 10 жылда азаматтық алған қандастар саны бір көбейіп, бір азайып отырғанын байқаймыз. Қазақстанға шетелден қоныс аударған қандастар саны:
• 2012 жылы – 39 401 адам
• 2016 жылы – 33 000 адам
• 2017 жылы – 18 605 адам
• 2018 жылы – 14 541 адам
• 2019 жылы – 17 661 адам
• 2020 жылы – 13 046 адам
• 2021 жылы – 17 540 адам
• 2022 жылы – 15 637 адам
Министрліктің мәліметі бойынша, жыл басынан бері Қазақстанға келген қандастардың жартысы (53,7 пайызы) Өзбекстаннан, 19,3 пайызы – Қытайдан, 10,9 пайызы – Моңғолиядан, 7,7 пайызы – Ресейден, 6,3 пайызы – Түрікменстаннан және 2,1 пайызы басқа елдерден атажұртына оралған.
Қазақ көшінің тарихи кезеңдері
Сонау 1991 жылдан бері жүргізілген көші-қон саясаты қазіргі экономикамызда маңызды орын алады. Тәуелсіздік алғалы бергі 32 жыл ішінде Қазақстан тарихында көші-қон саясаты негізгі 3 кезеңді бастан өткерді.
Көші-қонның бірінші кезеңі 1991-2000 жылдар аралығын қамтиды. Ұлы көштің басы КСРО-ның ыдырауы, әкімшілік режимнің ауысуымен әрі елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауымен қатар келді. Ел етек-жеңін жинап үлгермеген елең-алаң кез еді. Соған қарамастан 1993 жылы қазақтардың көшіп келуінің бірінші жылдық квотасы белгіленді. Ол 10 мың отбасы немесе шамамен 40 мың адам болатын. 1993-1994 жылдары басталған экономикалық дағдарыс көші-қонға біраз салқынын тигізді. Дабырамен басталған көш бір мезгіл саябырлап, тіпті кейбір қандастар өз елдеріне қайта көшіп кетті. Тек 1995 жылдан бастап қазақ көші түзелді. 1996 жылы «Шет елдегі ағайындарға қолдау көрсету туралы мемлекеттік бағдарлама» және 1997 жылы қабылданған «2000 жылға дейінгі көші-қон саясатының негізгі бағыттары» туралы құжаттар жасалды. Осы кезеңде елдің демографиялық бет-бейнесі де бірқатар өзгеріске ұшырады. Көші-қон процестерінің әсерінен халық саны 1991 жылы 16,5 млн адамнан 2000 жылы 14,8 млн адамға дейін күрт төмендеген болатын. Туу деңгейі мың адамға шаққанда 14,9-ға дейін төмендеді, керісінше, өлім деңгейі 10,6-ға дейін өсті.
Осы тұста мемлекеттік көші-қон саясаты этникалық қазақтарды репатриациялауға бағытталды. Көші-қон процестерін реттеу ендігі жерде заңнамалық құжаттардан көрініс тапты. Мысалы, 1995 жылы қазақ диаспорасын қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы бекітілсе, 1997 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының алғашқы заңы қазақ тілінде жазылып, қабылданды. Заң негізінде сырттағы ағайынға құқықтық мәртебе беріліп, республикалық бюджеттен атамекенге оралуы үшін қаржылай қолдау жасалатын болды. Соңыра Көші-қон және демография агенттігі құрылды. Ал 1998 жылы этникалық қазақтарды тарихи Отанына қайтару тұжырымдамасы қабылданды.
Көші-қонның І кезеңінде Қазақстанға жалпы саны 176 мың адамнан тұратын 41 мың отбасы оралған: Моңғолиядан – 63,5 мың, Ираннан – 4,8 мың, Түркиядан – 2,4 мың ТМД елдерінен 103 мың адам.
Қазақ көшінің екінші кезеңі 2001-2010 жылдарды қамтиды. Бұл кезең еліміздің экономикалық өсуімен, әлеуметтік-саяси қайта құрумен және реформалардың қабылдануымен қатар келді.
Ана мен баланы қолдау, кедейлікті азайту, аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, сондай-ақ этникалық қазақтардың репатриациясына мақсатты түрде бағытталған мемлекеттік бағдарламалар елдің демографиялық көрсеткіштеріне оң әсер етпей қоймады.
Аталған кезеңде халық саны 16,4 млн адамға жетті. Бала туу көрсеткіші өсті, өлім-жітім деңгейі айтарлықтай төмендеді және этникалық қазақтардың елге оралуы (шамамен 1 млн адам) есебінен халық саны 1,5 млн адамға ұлғайды.
Қазақ көшінің ең шарықтау тұсы – 2002-2006 жылдар аралығы. Аталған 5 жыл ішінде 384 106 қандас атажұртына оралған екен. Көрсеткішті беске бөлсек, сонда жылына 76 821 адам ата қонысына қайта оралған.
Ішкі көші-қонның жандануы ел халқының ірі қалаларға жаппай көшуінен байқалды. Ал қандастарды оңтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныстандыру елдегі демографиялық теңгерімсіздік мәселесін ушықтырды. Бұл мәселені шешу мақсатында ІІ кезеңде Қазақстан Республикасының Көші-қон саясатының 2001-2010 жылдарға арналған жаңа бағдарламасы, Қазақстан Республикасының Көші-қон саясатының тұжырымдамасы және Қазақстан Республикасының Ауылдық аумақтарын дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл құжаттарда алғаш рет ерекше қолайсыз елді мекендердің тұрғындарын көшіру және этникалық қазақтарды тартуға квотаны 20 мың отбасына дейін ұлғайту көзделді.
Қазақ көшінің үшінші кезеңі 2011-2022 жылдар аралығын қамтиды. Бұл жаһандану процесімен тұспа-тұс келді. Сыртқы әлеуметтік және экономикалық факторлардың басым әсерін айқындады, этникалық репатриация көрсеткіштері төмендеді және білікті кадрлардың елден кетуі күшейе түсті.
Алайда табиғи және көші-қон өсімінің арқасында Маңғыстау облысында халық саны 2019 жылдан бастап 2022 жылғы қыркүйекке дейін – 12,0 пайызға, Атырау облысында – 8,6 пайызға, Жамбыл облысында – 7,9 пайызға, Алматы облысында – 7,6 пайызға, Ақтөбе облысында – 6,3 пайызға өсті.
Халықты қоныстандырудың өңірлік диспропорциясы ішіндегі мәселелерді шешу жөніндегі шаралар 2011-2021 жылдар аралығында іске асырылған жұмыспен қамту бағдарламалары шеңберінде нақтыланды. Азаматтарды еңбек тапшылығы бар өңірлерге қоныстандыруда тұрғын үй құрылысының сапасы, бейімделу қызметтерін көрсету жөніндегі шаралардың жеткіліксіздігі бойынша проблемалар туындады, бұл қоныс аударушылар өңірден көшуіне әкеп соқтырды.
Көштің саябырсуына не себеп?
Соңғы бірнеше жылдың көлемінде қандастар көші саябырсып қалды. Көші-қон туралы 2023-2027 жылдарға арналған Тұжырамдамада қандастар көшінің бәсеңдеуіне «әлеуметтік-экономикалық факторлар» себеп болды деп жазылған. Бірақ 90-шы жылдардың өзінде, жағдайымыз әлдеқайда мүшкіл кезде көш бұлай тоқырамап еді...
Түрлі дерек бойынша қазір шетелде 5-6 млн. шамасында қазақ бар. Яғни, үлкен бір бөлшегіміз шекара сыртында қалды деген сөз. Жоғарыда келтірілген статистикалық деректерден бір жылда атажұрқа қоныс аударған халық санының аз екенін көріп отырмыз, осы орайда сырттағы елге оралуға ниетті қазақтардың Отанына оралуы алдағы 5-10 жылдықта шешіле қоятын мәселе емес. Бұл процесс тіпті ғасырларға созылуы мүмкін. «Көш жүре түзеледі» деп отыра береміз бе әлде миграцияның қарқынын арттырамыз ба?
– 1993-2021 жылдар аралығындағы бөлінген квота кестесіне қарасақ, адам саны 100 еседей азайып кеткен. 1993 жылы енді ел болып, есімізді жиып, етегімізді жауып жатқанда 60 мыңдай (10 мың отбасы), 2009 жылы 100 мыңнан аса адам (20 мың отбасы) қабылдаған Қазақстан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында 1 426 адамға ғана квота бөлді. Осыншама, бұрынғы межеден 100 еседей азайып, анти-рекордқа жететіндей басымызға не күн туды? – деген болатын депутат Қазыбек Иса.
Оның айтуынша, бәріне кедергі кезінде көшті жандандырған Көші-қон агенттігінің жойылып, миграциямен айналысу әр министрлікке, квотаға ұсыныс беру әр облыс әкімшілігіне берілгенінен болып тұр. «Әкімдер шетелдегі қандастарымызды шақырудан, оларды орналастырудың қиындығынан қашып, елдің ырысын емес, жанының тыныштығын ойлап отырғандықтан, барлық облыста квота бөлу күрт төмендеп кеткен. Мысалы, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары 2017-2021 жылдары бес жыл қатарынан квота бөлуге бір де бір адам ұсынбаған. Ол облыстарға еліміздің сртатегиялық мақсаты – халқымыздың санын қандастарымызбен көбейтудің қажеті болмағаны ма? – дейді Қазыбек Иса adyrna.kz сайтында жариялаған мақаласында.
Қоғам белсенділері баяулаған көшті Демография және көші-қон жөніндегі Агенттік құру арқылы қайта қолға алуды ұсынып келеді. Сондай-ақ қандастарды қабылдау квоталарын жылына 20 мың отбасыға жеткізу керегін айтады.
Кедергісі көп жол
Қандастарымыздың азаматтық алу мәселесі күрделеніп тұр. Ресей, Израиль сынды мемлекеттерде азаматтық алу біздегідей қиын емес. Ол үшін бір ғана құжат талап етіледі екен, сәйкесінше мәселелері де тез шешіледі. Ал біздің елімізде азаматтық алу үшін 48 құжат жинау керек екен. Құжаттың барлығын жинаймын дегенше бірінші анықтаманың жарамдылық мерзімі өтіп, азаматтардың жүйкесі жүн болатыны анық. Әр анықтаманы сатып алу керек екенін айтпаса да түсінікті. Сондықтан қандастар үшін құжат санын шектеп, азаматтық берудің жолын жеңілдету елге ел, төлге төл қосары анық.
Тағы бір кедергі – қазақтың өзін қазақ екенін дәлелдеу, оны құжат жүзінде рәсімдеудің қиындығы. Сонымен қатар атамекеніне қайта оралғысы келетін қандастың елімізде туысының бар болуы керек деген талап та біраз бауырымызды сарсаңға салып отыр. Осы қиындықтарды еңсеріп, әупірімдеп азаматтығын алып, туыстарымен қауышқан қандастарға ендігі жерде күн көру мәселесі мұңға айналады. Әкімдіктен жайылымға жер сұраса, малың жоқ деп бермейді. Мал алайын десе, банк кредит бермейді, жұмысқа орналасайын десе дипломы жарамсыз немесе орыс не ағылшын тілін білмейді.
2021 жылы Үкімет Ираннан 53 қандасты Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданына көшіріп әкелді. Бірақ олар іле-шала кері қайтамыз деді. Бес-алты отбасы қайтып та кетті. Себебі жергілікті билік квота бермейді, жұмысқа орналастырмайды, үйлері де сапасыз. Бұл – бір ғана мысал. Әттең... Теріскейде қазақтардың үлес салмағы өссе, экономиканың еселенгені өз алдына, бірқатар саладағы саяси ұстанымдарды қайта қарауға болар еді. Қалың қазақ қара ормандай иін тіресіп отырса, ешкімнің «құқығын» таптамай, ешкімнің қас-қабағына жалтақтамай, маңызды мәселелер өз-өзінен табиғи жолмен шешілер еді.
Қандастар көшін жаңғыртудың жаңаша тәсілдері енгізілген тұжырымдаманы Үкімет былтыр мақұлдады. Аталған тұжырымдаманы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Елімізге білікті кадрлардың келуін ынталандыруға, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғауға және өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті жоюға және жалпы көші-қон саясатын тиімді «жаңғыртуға» бағытталғанын» мәлімдеді.
Өзін «қазақ» деп көрсетіп, Қазақстанда «қандас» мәртебесін алғысы келетіндер көп. Биылдан бастап Қазақстан азаматтығын алғысы келгендер, оның ішінде қандастар да қазақ тілінен емтихан тапсыра бастады. Әсіресе, құжатында ұлты көрсетілмеген репатрианттар міндеттеледі. Тіл жанашырларының өзі бұл өзгеріске қарсы шығып жатыр. Шынында да, қазақ мектебінде оқымаған, қазақ тілді ортада өмір сүрмеген адамның не жазығы бар? Алайда Еңбек министрлігі олардың әрқайсына генетикалық сараптама жасай алмайтындықтан осындай қадамға барып отырған секілді.
Абзал САПАРБЕКҰЛЫ,
«Отандастар қоры» ҚеАҚ президенті:
Білім саласын негізгі бағытқа айналдыру керек
– Елімізде шетелде тұратын этникалық қазақтар үшін төрт негізгі білім беру бағдарламасы бар. Олар: тек шетелдегі этникалық қазақтарға арналған ЖОО-лар базасындағы дайындық курстары (жыл сайын 1 300 грант), бакалавриатта оқу үшін мемлекеттік 4 пайыздық квота (жыл сайын 3 000-ға жуық грант), колледждерде оқу үшін мемлекеттік 4 пайыздық квота (жыл сайын шамамен 5 000 грант), сондай-ақ, жалпы шетелдіктер үшін бакалавриат, магистратура және докторантурада оқуға арналған стипендиялық бағдарлама (жыл сайын 550 грант). Аталған бағдарламаларға негізінен Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Иран Ислам Республикасы, Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғыз Республикасы және Ресейден келген қандастар қатысады. Оның ішінде, Моңғолия мен Өзбекстандағы қандастарымыз үшін қазақстандық бағдарламалар өте жоғары сұранысқа ие болып отыр. Себебі тек осы елдерде ғана қазақ тілінде білім беретін мектептер жұмыс істейді (Өзбекстанда – 370 мектеп, Моңғолияда – 43 мектеп). Қазақстанға оқуға түскісі келетін этникалық қазақтар саны жылдан жылға артып келеді. Алайда оқуға түсіп жатқандардың саны керісінше төмендеуде, нақтырақ айтсақ, жыл сайын ЖОО-ға гранттық негізде оқуға түсетін қандастардың саны орташа есеппен 800-ді құрайды. Бұл – жалпы гранттың шамамен бар-жоғы 30 пайызы. Оның бірнеше себебі бар. Соларға арнайы тоқталып өткім келеді.
Дайындық бөлімінде (шамамен жылына 1 300 бала оқиды) оқыған түлектің ҰБТ-дан өте алмауы (кем дегенде 50 пайыз) – дайындық бөлімдеріндегі оқыту деңгейінің жеткіліксіз екенін көрсетеді. Шынтуайтқа келгенде, 11 жылдық қазақстандық мектеп бағдарламасын шетелдің өз бағдарламасымен оқып келген баладан 9 айда біліп шығуын талап ету қаншалықты дұрыс? Мемлекеттік квота шеңберінде қандастарға бөлініп отырған қаражат толық игерілмей отыр. Сонымен қатар дайындық бөлімінде оқыған жастардың тек жартысының ЖОО-ға түсуі бөлінген қаражаттың тиімді игерілмей отырғанын көрсетпей пе? 1 адамға – 340 мың теңге бөлінеді деп есептегенде, 1 000 адамға 340 млн теңге қаражат бөлінеді. 1 000 адамның тек 30-40 пайызының оқуға түсуі – 200-210 млн теңгенің тиімсіз жұмсалғанын көрсетеді. Сонымен қатар оқуға келген қандастарға әлеуметтік пакет (медициналық сақтандыру, тегін жатақхана, тілдік курстар) ұсынылуы керек.
Орташа бір мемлекет бір баланың 18 жасқа дейін өсіп, білім алуы үшін кем дегенде 1 млн АҚШ доллар шығындалады екен. Сондықтан, адамға инвестиция ретінде қарасақ, Қазақстанға келуге дайын қандастарды тарту арқылы инвестиция тартқан болып саналамыз. Жалпы әр мемлекет 16-17 жасқа дейін баланы өсіріп, білім беру үшін қыруар қаражат жұмсайды. Біз жас жұмыс күшін елге ең тиімді жолмен тартқымыз келсе, онда 4-5 жылда маман болуға дайын қандас жастарды тартуымыз керек. Оқуға келген қандас жастардың басым бөлігі Қазақстанда қалып азаматтық алғысы келеді. Оқуға келіп, Қазақстан азаматтығын алған қандастардың атажұрты, туған жері үшін демографиялық, экономикалық тұрғыдан да пайда әкелетіні айтпаса да түсінікті.
«Отандастар қоры» өз кезегінде қандас талапкерлер үшін ҰБТ-ны алып тастап, орнына Болон процесі желісімен стипендиялық бағдарламаның ережелері бойынша шетелдік азаматтар үшін қолданыстағы тәжірибемен оқуға қабылдауды ұсынып келеді. Яғни, сөйлесу және білімділігі мен біліктілігі жеткілікті екенін қолда бар құжаттармен тексеру арқылы. ҰБТ-ны алып тастаған жағдайда дайындық бөлімінің оқыту жүйесін тек қазақ тілі курстарын жүргізетін бөлімге ауыстыру қажет. Себебі Қытай, Иран Ислам Республикасы және тағы басқа елдерден келетін қандастарымыз әліпбиден бастап үйренетіндіктен, басқа пәндерді игеру біраз қиындық тудырады. Сондықтан тек қандастар ғана қатыса алатын стипендиялық бағдарлама жасау керек. Қаражатты қазір толық игерілмей отырған мемлекеттік 4 пайыздық квота үлесінен алуға болады. Осы ретте үкіметаралық гранттардың да маңызы зор. Мәселен, Қазақстан мен 10 мемлекет өзара келісімшартқа отырып, үкіметаралық гранттарды қандастарға үлестірсе де болады. Бұл да бір ұсынысымыз.
Бағдарлама арқылы шетел университеттерінде оқитын қандастардың қазақстандық ЖОО-ларға 1-2 семестрге оқуға келу мүмкіндігін қарастыру керек. Бұл әсіресе Еуропа елдерінде тұратын жастарды елімізге тартуға мүмкіндік береді. Қазақ балаларын тек бакалавр емес, магистратура, докторантураға қабылдау жоспарын кеңейтіп, грантқа түсуде, жұмысқа орналасуларына жағдай қарастырылса тіпті жақсы болар еді.
Қандас студенттердің Қазақстан үшін пайдасы ұшан-теңіз. Қазақстандық ЖОО-ларда шетелдік студенттердің үлесі өседі. Бұл – университеттің халықаралық рейтингтегі орнын жақсартатын негізгі критерийдің бірі. Қазақстандық жоғары білім туралы ақпарат пен тәжірибе шетелде кеңінен таралады. Себебі қандас студенттер өз еліне барғанда Қазақстанда оқып жатқаны туралы айтып, жергілікті халық арасында қызығушылықты оятады;
Жастар – кез келген мемлекеттің адами капиталы. Осыны түсінген Ресей сияқты көрші елдер 2024 жылы 30 мың грант бөліп, қарапайым емтиханмен түлектерді оқуға қабылдап жатыр. Біз кеткен жастардың орнын Қазақстанға келуге дайын қандастарды тарту арқылы ұтамыз. Оқуға келіп, Қазақстан азаматтығын алған қандастардың атажұрты, туған жері үшін демографиялық, экономикалық тұрғыдан да пайда әкелетіні айтпаса да түсінікті. Жалпы бұл мәселе 11 қазанда Астанада әлемнің 30-дан астам елінен келген 200-ге жуық қандасымыздың қатысуымен өткен Отандастар Форумында ең өзекті мәселелердің бірі болды. Сондықтан бұл мәселені өз игілігіміз үшін шешу – басты міндет.
Болат КЕРІМБЕК,
Мәжіліс депутаты:
Жаңа тұжырымдама санға емес, сапаға мән береді
– Шетел қазақтарын тарихи Отанына шақыру жобасы старатегиялық тұрғыда өзін-өзін ақтады. 90-жылдары КСРО құрамындағы 15 мемлекет өз Тәуелсіздігін алды. Алайда осы 15 республиканың ішінде Қазақстан ғана батыл қадамға барып, шетелдегі ағайындарды, бауырлас қандастарымызды елге шақырып, кейін арнайы агенттік құрылып, қаржы бөлініп, бағдарламалы түрде құжат қабылдап, мақсатты түрде үлкен саясат жүргізді. Соның арқасында 1 миллионнан астам бауырымыз Қазақстанға келіп қоныс теуіп, бүгінгі таңда елдің демографиясына да, экономикасына да үлкен үлес қосып отыр. Сол тұста халықтың саны 16 миллионнан 14 миллионға түсіп кеткен болатын. Соның ішіндегі қазақтардың саны әсіресе солтүстік өңірлерде тіпті аз болатын. Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, ШҚО-да өзге ұлттардың саны 50 пайыздан жоғары болды. Қазақстандағы өзге ұлттардың көбісі Германия, Украина, Беларусь Республикасына көшті, ал сол уақытта қандастарымыз елге келді. Осылайша, экономикалық тұрғыда бір-бірінің орнын басу арқылы жұмыс күші, кадр тапшылығы аса сезіле қоймады. Бұл бір жағынан. Екіншіден, қандастарымыз осында тұрмыс құрып, үйленіп, отбасын құрап, бала санын көбейтіп, демографияға оң әсер етті. Бүгінде 20 млн халық болғанымызға да қандастардың қосқан үлесі зор. Осыған дейін көшіп келген 1 миллионнан астам қандастар саны 3 млн-нан асты.
Былтыр қабылданған Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы ұлы көшке 90-жылдардағыдай серпіліс туғыза алмайды. Ол – анық. Себебі 90-жылдардағы көштің мақсаты мүлдем басқа болатын. Елден жаппай өзге ұлттардың көшуі, экономиканың тұрақсыздығы, кадр тапшылығы, демографиялық мәселелерді шешу бірінші орында тұрды. Ал қазір, Құдайға шүкір, бұл мәселелер артта қалды. Сондықтан жаңа тұжырымдама бойынша ендігі жерде бұрынғындай Қазақстанға кез келген қандас көшіп келе алмайды. Ендігі жерде кәсіпкерлікке қыры бар, ғылым, өнерден хабары барлар көшіп келеді. Яғни, жаңа тұжырымдама санға емес, сапаға мән береді. Өйткені бүгінде сапалы қандастарды елге оралту мәселесі өзекті. Бір жағынан сапаның болғаны дұрыс. Екінші жағынан, қазір әлемдік геосаяси жағдай күнде өзгеруде. Сондықтан бейбіт, тұрақты Қазақстанға жаппай көшу тенденциясы орын алып отыр. Мысалы, Ауғанстан, Пәкістан, Түркия, араб елдерінен «мен – қазақпын, түпкі аталарым қазақ болған» деп кей азаматтар келіп жатыр. Жасанды құжат жасатып елге келіп жатқандар да бар. Сондықтан Қазақстан осындай қауіп-қатерлер күшейе түскен сәтте «қазақпын» деп келген адамның барлығын көшіріп алмай, белгілі бір деңгейде сапалы, елдің дамуына үлес қосатын азаматтардың келуіне мүмкіндік жасап отыр. Бұл тұжырымдаманың негізгі түпкі ойы дұрыс-ақ. Қандастар Қазақстаннан тысқары жерге зорлықпен немесе күш қолданумен көшкен жоқ. Көбісінің ата қонысы сол жер болды. Шекараның дұрыс сызылмауына байланысты олар Қытай, Моңғолия, Ресей, Өзбекстанның арғы бетінде қалып қойды. Сондықтан олардың атажұртына оралғысы келуі – заңды құбылыс. Менің субъективті жеке пікіріме келсек, Қазақстанға оралығысы келетіндерге қатты шектеу қоюдың қажеті жоқ. Себебі олардың жылдағы көрсеткіші мен динамикасы біркелкі. Біз сырттан келетін қандастарымызға мүмкіндік беруіміз керек. Көші-қон туралы заңға өзгеріс жасалды. Елдің экономикасына елеулі күш салатын, жұмыс күші ретінде немесе ішкі өңіраралық қатынасты дамытуға бағытталған азаматтарды көшіруге мүмкіндік жасалып отыр. Кезінде 5 бап болған заңнан «өз бетімен көшіп келу» туралы бір бабы алынып тасталды. Бұл елге жаппай келетін азаматтарға тежеу болып отыр. Осы бап алдағы уақытта өз орнына келсе екен деген тілеулес ағайын көп. Өйткені 1,5 млн қандас Қазақстанға келуге ниетті екен. Алайда бұл ретте келуші адамдарға бақылауды күшейту керек.
Қорыта айтқанда, біз атажұртына оралуға ниеттенген азаматтың көкірегінен итеріп, меселін қайтарып, бет алысын бәсеңдетпеуіміз керек. Өйткені 50 жылдан кейін ол азаматтар сол тұрып жатқан жеріне сіңісіп кетеді де, атажұртым деп келуі екіталай. Сондықтан өз еркімен келушілерге мүмкіндік беру керек.
Қайрат БОДАУХАН,
Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты, «Асар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
Құқықтық тетіктерді жыл сайын өзгертіп, «жаңалықтар» енгізумен әуреміз
– 2023-2027 жылдарға арналған Көші-қон тұжырымдамасында Еңбек министрлігі қандастар арасында жоғары білімді мамандардың тым аздығына ерекше екпін түсіріпті. 2022 жылы елге оралған қандастардың 12,3 пайызы – жоғары білімді, 38,9 пайызы – арнайы орта білімге ие, 47 пайызы – тек мектеп бітірген, 1,7 пайызының орта білімі жоқ екен. Бізде аталған министрліктің Көші-қон комитетінің негізгі атқарып отырған жұмысы «санақ». Қанша қандас келді, қайда орналасты деген мәселеге бас қатырады. Атажұртқа келіп жатқан қандастар, мемлекетке құйылып жатқан «шексіз капитал» екенін сезінуден қалған. Жылына квота бойынша 1 400-1 500 адамды қабылдап, жыл бойы соларды санаумен отыр десем артық болмас.
Әлемдегі жер аумағы бойынша 9-орындағы (Италия, Франция, Германия, Испания, Польша, Англия және Украина аумақтарын қосқандай), халық тығыздығы бойынша 62-орындағы, Менделеев кестесінің барлық элементіне бай Қазақстан үшін адами потенциалдың қаншалықты маңызды екенін 30 жыл бойы айтумен ғана шектеліп келеміз. Барлығы – мінберлерден айтылатын сылдыр сөз, нәтижесіз сандармен көмкерілген «есептер».
Мемлекеттің қауіпсіздігі, шекараның тұрақтылығы мен экономиканың қарқынды дамуы үшін көші-қон үрдісін, демографиялық саясатты жолға қоюға құзырлы мемлекеттік орган, ынталы басшы, ниетті азамат басшылыққа бұйырмады. Енді, қазақ даласын адаммен толтыруға міндетті орган «сауатсыздар» келіп жатыр деп есеп беруі қандай масқара!
Этникалық қазақтар үшін арнайы карта енгізіп, шеттегі қазақты қолдаудың «керемет тетігі» деп есептеп, іске асырамыз дегелі табаны күректей 4-5 жыл өтті. Әлі кабинеттен кабинетке көшіп, сағыздай созылып келеді, нәтижесі нөл деуге болады. Қазіргі таңда «кімге, қалай береміз?» деп бастарын қатыруда. Өйткені тетігі дұрыс емес. Қазақ еліне «байлар» керек дейді. Елім, жерім, Отаным, болашағым деген қазақ сонда пайдасыз болғаны ма?
Атажұртқа көшіп келіп, әрең дегенде Қазақстан азаматтығын алып, осы мемлекетке бейімделген қандасқа дұрыс көзқарас қалыптастыра алмай «сынаққа» алған шенеуніктер басқа елде жүрген қандасқа не бөліп бермек? Екіншіден, бұл құжат, адам құқығын шектеу, адамды әлеуметтік мәртебесіне қарай топтау, қазақты жікке бөлу, шиеленіс туындату, халықты сергелдеңге салу. Кез-келген маңызды құжаттың мәртебесі арнаулы сынақтан, тәжірибеден өтіп, тетіктері тайға таңба басқандай анық болуы керек. Бұл құжаттың мәнін жауапты мамандар да әлі түсіне қойған жоқ. Жылына квотадан тыс ондаған есе көп келіп жатқан ағайындарға мемлекет ешқандай көмек жасамайды. Келген ағайындарға қандас мәртебесін берудің өзі әлі жүйелі шешілмей, қоғамда үлкен дауға айналып отыр. Белгіленген өңірлерге бармаса, Қазақстан азаматтығы берілмейді деп айды аспанға шығарды. Сондағысы 1 500-дей адам ғана..
Әрине, Тәуелсіздікті енді ғана алып, етек-жеңіміз жиналмай жатқан кезеңдердің өзінде сан мыңдаған ағайынды арнайы ұшақтармен, мүліктерімен әкеліп, баспана беріп, көмек созған едік. Соның нәтижесінде миллионнан астам ағайын елге оралып, ұрпағын өсіріп, қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етуде. Бұл – нақты нәтиже. Мәселе, осы бағыттағы оңды істерді саралап, нәтижесін ары қарай жетілдіріп, нақтылы стратегия қалыптастыра алмауда болып отыр. Мемлекеттік басқару жүйесі мен арнайы тетіктерді (мемлекет үшін және адам үшін) шегелей алмадық. Құқықтық тетіктерді жыл сайын өзгертіп, «жаңалықтар» енгізумен әуреміз.