Қиянатқа қарсы тұрған Қайыргелді
Қайыргелді Күзембаевты 1987 жылдың 9 қаңтарында ұстады. Күн бейсенбі болатын. Сол күні ол Горный Гиганттағы пәтерінде жатқан еді. Үйіне бір ұзын бойлы жігіт келеді.
Уақыт аласапыранында тағдыр адамның басына не салатынын ешкім болжай алмайды. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде алаңға шыққаны үшін 14 жылға сотталған Қайыргелді Күзембаев та 24 жасында арман қуып Алматыға келгенде алда не күтіп тұрғанын білген жоқ.
Қайыргелді Күзембаев 1959 жылы қазіргі Ақмола облысының Степняк қаласында дүниеге келген. Бірақ тағдыр ауыртпалығына жас кезінен ұшыраған ол 1964 жылы анасынан, 1976 жылы әкесінен айырылып, өзінің екі бауырымен бірге апа-жездесінің қолында тәрбиеленеді. Мектепті бітірген соң Омбы командалық өзен училищесіне оқуға барған, бірақ көзінің көру қабілеті сәл нашарлау болғандықтан оқуға қабылданбаған.
1979-1981 жылы Алматыда әскери парызын өтейді. Одан соң туған жеріне оралып, Степняк қаласындағы Ішкі істер бөлімінде үш жыл милицияда жұмыс істейді де, 1983 жылы Алматыға келіп, қала жанындағы Горный Гигант поселкесінде пәтерде тұрып әуелі «Үй құрылысы» комбинатында жұмыс істейді. Сол жерде жүріп электрмен дәнекерлеуші мамандығын оқып алады да, кейін №40 құрылыс-монтаж басқармасында жұмыс істейді. Роза Спановамен бас қосады. Желтоқсан көтерілісі кезінде тұңғыш ұлы 3 жаста еді.
Қайыргелді айтады:
− Желтоқсан көтерілісі 16 желтоқсанда басталды ғой. Екі күн бойы студенттер мен жұмысшы жастар ереуілдеді. Мен алаңға 18 желтоқсанда бардым. Ол кезде өзі Төле би мен Саин көшелері қиылысы тұсында салынып жатқан бір құрылыс объектісінде жұмыс істеп жатқанбыз. Бригадиріміз Азим деген жігіт болатын. Жұмыста негізінен кілең орыстар істейтін. 18 желтоқсан күні бригадиріміз жұмысқа келмей қалған, соны пайдаланып кетіп бара жатқанымызда бірге істейтін орыс жігіттері «Қайда бара жатырсыңдар? Совет өкіметін фашистер де сындыра алмаған, сендер бірдеңені қиратамыз деп ойлайсыңдар ма?» деді. Сонда мен оларға «Әр халықта ар-намыс деген бар. Біз мемлекетті қиратуға емес, қалыптасқан жағдайға өз көзқарасымызды білдіру үшін бара жатырмыз» деп жауап бердім.
Сосын біз Саин көшесінен Сәтбаев көшесімен жүретін 66-автобуспен алаңға келдік. Алаңда келгенімізде қыздарды қуалап, шаштарынан сүйрелеп жатқан озбырлыққа куә болдық. Сосын сағат тоғыз-ондар шамасында Абай мен Байсейітова көшелері қиылысы маңындағы қабырғасы ағаштан салынған екі қабатты ескі үйлердің сыртқы тақтайларын жұлып алып ағаштармен қаруланып, әскерлерге қарсы шабуылдап, қыздарды құтқарып алдық. Жан-жақтан адамдар келіп қосылып, қатарымыз көбейіп кетті. Содан Фурманов көшесіне келіп таяқтарымызды тастадық та, қазір мемлекеттің әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» әнін айтып, алаңға кірдік.
Алаңға келгенде баяғы өзім қызмет еткен арнаулы батальонның әскерлері тұрғанын көрдім. Мен ол батальон құрамында қызмет етіп кеткеміне 3-ақ жыл болған ол кезде. Батальон командирі Каримченко мені танып қалып: «Күзембаев, сен мұнда не қылып жүрсің? Біз сені неге тәрбиелеп едік?» деді зілдене. Сонда мен «Сіз бізді қарусыздарды ұрып-соқпауға үйреттіңіз, ал сіздер әйелдерге дейін қару жұмсап жатсыздар, сондықтан мен сендерге қарсы шығып тұрмын» дедім.
Алаңды қоршап алған әскерлер бізді ары жібермеді. Сондықтан арамыздан ереуілшілердің талап-тілегін жеткізу үшін жеті адам Үкімет үйі жаққа кетті. Біз оларды біраз уақыт күтіп қалдық. Сөйтсек, оларды ана жақта ұстап қамаған екен ғой. Солай үлкен үйге кеткендерді күтіп тұрғанымызда, бұрын бізге таныс емес арамыздағы бір-екі жігіт «не қарап тұрсыңдар, аналарға тас лақтырайық» деп, солдаттармен төбелес бастап кетті. Олардың органның арандатушылары екенін ол кезде білмедік, әрине...
Бірақ әскерилер басымдық танытып алаңға келгендерді қуып таратты. Содан біз қазіргі Абай-Достық қиылысына келіп, сол жерде құрылыста жұмыс істеп жатқан жігіттерге «сендер неге шықпайсыңдар, басқалардан жандарың артық па?» деп айқайлап, олардың намысын қайрадық. Сосын қайтадан алаңға келіп, кеш батқанша жүрдік...
Қайыргелді Күзембаевты 1987 жылдың 9 қаңтарында ұстады. Күн бейсенбі болатын. Сол күні ол Горный Гиганттағы пәтерінде жатқан еді. Үйіне бір ұзын бойлы жігіт келеді. Қанша дегенмен бұрын органда жұмыс істеген адам ғой, Қайыргелді олардың ұстап әкетуге келгенін бірден сезіп, «Қамауға келдіңдер ме?» дейді. Анау сұраққа жауап бермей, «Күзембаевсың ба? Бізбен бірге жүресің» деп сыртқа алып шығып, тасалау жерге қойған машинасына отырғызады. Қайыргелді өзінің Желтоқсан мәселесіне байланысты ұсталғанын біледі де, «Мен ешқайда қашып кетпеймін, үйге барып баламды бір иіскеп қайтайын» деп өтінеді, бірақ аналар оған рұқсат бермей алып кетеді. Сөйтіп, Күзембаевты «Целинный» кинотеатры маңындағы Ішкі істер басқармасының қараңғы бөлмесіне қамайды. Онда екі ай жатқан соң Сейфуллин мен Мәметова көшелері қиылысындағы түрмеге апарып, тергеу ісі жарты жылға созылады.
Қайыргелдінің көшеде таяқты иығына қойып, күрек сияқты ұстап кетіп бара жатқан сәті фотоға түсіп қалған екен. Соны көрсетіп адам өлтіруге қатысың бар деген айыпты мойнына қойғысы келеді. Онда тергеушілер алдымен мүләйімсіп жылы сөйлеп, алдап-арбамақшы болады. Бірақ Қайыргелді өзінің кісі өліміне қатысы барын мойындамай қояды. Басында жылы сөйлеп, сыр тартып көргісі келген тергеушілер кейін оның қылмысын күштеп мойындатқысы келіп оны талай рет соққыға жығады.
Ресми мәліметтерге сәйкес, үш күнге созылған Желтоқсан оқиғасы кезінде екі адам қаза тапқан, оның бірі − алаңға шыққандар қатарында болған Алматы қаласындағы Энергетика институтының 2 курс студенті Ербол Сыпатаев болса, екіншісі − милицияға көмектесетін жасақшылар қатарында болған мемлекеттік телеорталықтың жас инженері Сергей Савицкий ауыр соққы алып, 19 желтоқсанда ауруханада көз жұмған. Міне, осы Савицкийдің өлімі талай қазақ баласына сор болып жабысты. Қайыргелдіні де осы Савицкийдің ажалына қатысың бар деп қинайды. Бірақ ержүрек қазақ баласы олардың қоқан-лоққысына сынбай, қайсарлықпен төтеп береді. Қайыргелді Савицкий өлген кезде басқа жақта жүргенін айтады, жалаға иілмейді.
Сөйтіп, жарты жылға созылған тергеуден соң оны Қ.Рысұлбеков, Т.Тәшенов, Ж.Тайжұмаевтармен бірге сотқа алып келеді. Олар сотта алғаш рет бір-бірін көріп, бәрі бір қылмыстық іс бойынша айыпталғанын біледі.
1987 жылы маусымда екі ай жүргізілген соттың қорытындысында әйгілі төртеудің сотында кісі өлтірді деген айыппен Алматы архитектура-құрылыс институтының студенті Рысқұлбеков Қайрат Ноғайбайұлы өлім жазасына кесіледі (кейін ол 20 жыл бас бостандығынан айыруға өзгертіледі). Ал 37-Құрылыс-монтаж басқармасының жұмысшысы Тәшенов Түгелбай Тұрманұлы 15 жылға, Алматы электротехникум студенті Тайжұмаев Жамбылбек 15 жылға. 40-Құрылыс-монтаж басқармасының жұмысшысы Күзембаев Қайыргелді Қалиақпарұлы 14 жылға бас бостандығынан айырылады.
Қайыргелді айтады:
− Мені 14 жылға соттап Петропавловск түрмесіне апарып, нағыз қылмыскерлердің арасына отырғызды. Ісімде «БС» деген белгі бар. Ол «бывшый сотрудник» деген сөз ғой, демек мені қылмыскерлер отырған зонаға жіберуінде мән бар. Органның бұрынғы қызметкерін жек көретін қылмыскерлер мені өлтіріп тастасын деп ойлаған ғой. (Бірақ ол түрмедегі зэктер маған тиіспеді). Сотталғандардың төртеуі де тірі кетіп бара жатқанына советтік орган жендеттерінің кектенген түрлері ғой, түрмеде өліп кетсін деп әдейі жасаған. Кейін Қайрат Рысқұлбеков марқұмды рецидивистерге өлтірткендері сол. Қайраттың камерасы ашық тұрған, сөйтіп оны ұйықтап жатқан жерінде тұншықтырып түбіне жетті...
Тергеу кезінде аяғым көп тебіліп, соққы алғандықтан мен аяғымды баса алмай, барған соң санчаста көп жаттым. Бірақ ол жерде дұрыстап емдемеді. Сосын мен түрме бастығының орынбасары полковник Бектұровқа шағым жасадым. Ол менің ісімді қолына алып қараған соң ондағы «БС» деген белгіні көріп, «Сен бұрын органда жұмыс істегенсің бе, қалай мұнда келіп қалғансың?» деп таңғалды. Сөйтіп, мені Заречныйдағы түрмеге жөнелтті. Ол жерде бұрын органда түрлі қызметтер атқарып, кейін істі болған адамдармен жаттым.
Кейін 90-жылдарда түрмеден ертерек шыққан желтоқсаншы жігіттер, сотталғандардың отбасы мүшелері аштық жариялап, бізді босатып алуға күш салды. Сонда зайыбым Роза айтады, біз аштық жариялап жатқанда қасымыздан өткен Жоғарғы Кеңестің депутаттары назар салмайтын деп. Содан кейін олар балаларды әкеліп: «Депутат ағалар, әкемізді туғалы көргеніміз жоқ, әкесіз өсіп жатырмыз. Біздің әкелерімізді қамаудан босатуға көмек беріңіздер» деп сөйлеткен. Содан соң ғана депутаттар аштық жариялап жатқандардың талап-тілегіне назар аудара бастаған.
Содан 1990 жылы 19 мамырда тиісті орындар бізді босатуға шешім шығарған. Шешімді аштық жариялағандарға оқыған депутат «Күзембаев деген кім? Оны босатуға шешім шықты» деп хабарлаған.
Ол кезде мен аяғым ауыратындықтан санчаста жатқанмын. Менің жағдайымды айтып, «аяғын кесіп тастамақшы» деп, емделуім қажеттігін айтқан зайыбым Розаның талабынан кейін республиканың Денсаулық сақтау министрлігінен адамдар келіп, менің аяғымды тексерді. Мен бізді босатып алу үшін адамдардың аштық жариялап жатқанын солардан естідім. Арада бір-екі күн өткен соң «Запорожец» машинасымен қайнағам мен жұбайым келіп, мені алып қайтты.
Түрмеден шыққан Қайыргелді отбасына оралады. Отбасы Сайран ықшамауданында, қазіргі Абай-Өтеген батыр көшелерінің қиылысындағы жатақханада тұрады екен. Бірақ тергеуде және түрмеде көрген қиыншылықтар себебінен аяғы ауруға ұшыраған желтоқсаншы жігіттің біраз уақыт емделуіне тура келеді.
Түрмеде Қайыргелдіге остеомиелит деген диагноз қойылған. Бұл аяққа тиген соққыдан соң оған суық тиіп, сүйектің шіру үдерісі жүріп жатыр деген сөз. Түрмеде аяғын кесу керек дегенінің себебі сол болса керек. Бұл бір жағынан желтоқсанда совет өкіметіне қарсы шығып сотталған адамды өлтіре алмаған соң оны мүгедек етіп тастау пиғылынан да туындаса керек. Дегенмен Қ.Күзембаевтың зайыбы Роза Спанованың қажырының арқасында білікті дәрігерлердің емдеуімен аман-сау қатарға қосылады.
Қайыргелді айтады:
– Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы – қазақ жастарының саналылығының, ұлт намысы үшін басын қатерге тіккенінің көрінісі. Сол кезде іргесі берік тұрған алып мемлекетті шайқалтты. Содан төрт-бес жыл өткенде КСРО құлады. Оны ыдыратудың басы 1986 жылдың соңындағы қазақ жастарының алаңға шығуынан басталды.
Түрмеден шыққан соң 1992 жылы ақталдым. Бірақ негізі өзгелермен қатар мені де істемегінімді істеді деп жазықсыз соттады ғой. Алаңға шыққаным, қыздарды қорғап милициямен, солдаттармен төбелескенім рас, бірақ кісі өлтірмесем де, бірдеңені өртемесем де 14 жылға сотталдым. Сондықтан прокуратураға «Мен қылмыскер емеспін, сондықтан соттылықты алып тастаңыз. Маған сотта өтірік куәлік жасағандарға қарсы іс қозғауыңызды сұраймын» деп арыз жаздым. Бір айдан соң барып хабарлассам, «олар өздерінің жалған куәлік еткенін мойындамай жатыр» дейді. Мен «Қалай мойындамайды? Кезінде бізді қалай мойындатып едіңдер?» деп ашуландым. «Егер оны сендер шеше алмасаңдар өзім шешем» дедім. Сөйтіп, теле-радио орталығына барып, баяғыда маған сотта өтірік куәлік берген Валяева, Доручина дегендерді тауып алдым. Оларға «сендер сотта куәлік бергенде, тергеушілердің айтқанын орындап маған жала жаптыңдар ғой, енді соны мойындаңдар. Сендерге қарсы қылмыстық іс қозғатамын» десем, «жоқ, шындығы біз айтқандай болды, сен дұрыс сотталдың» дейді беттері бүлк етпей. Мынадай ұятсыздыққа ашуым келгені сондай, «Сендерге жала жапқанның не екенін көрсетемін, бұл елде тұрғызбаймын» деп қатты айтып тастадым. Содан кейін олар менің үстімнен «қорқытты» деп шағым жасап, мені Ішкі істер басқармасына шақыртты.
Мен ол жерге барып, «мен ақталған адаммын, сондықтан дәл қазір қылмыскер емеспін. Сондықтан маған жала жапқаны үшін заңды түрде сотқа беріп отырмын» десем, сол жерде отырған қызметкер орыс жігіті «а-а, желтоқсанда сотталған атышулы төртеудің бірі екенсің ғой, қазір мен олармен сені қайта беттестірсем, қайтадан сотталып кетесің» дейді. «Мә соттатарсың» дедім екі саусағымның ортасынан бас бармағымды көрсетіп, «қолыңнан дым да келмейді, қазір басқа уақыт, сендердің дәуірлерің өткен, енді біздің заманымыз келді» деп қатты шамырқандым. Сосын сол жерде істейтін бір қазақ жігіті ортаға түсіп «жүре беріңіз, сізге ештеңе болмайды» деп шығарып салды.
Шамасы өздерінің өтіріктері ашылып, масқара болатынын білсе керек, кейін әлгі Валяева, Доручина дегендер Ресейге, Белоруссияға көшіп кетті.
Сөйтіп, 1987 жылы сотталып 14 жыл бас бостандығынан айыру жазасын алған, кейін жаза өтеу уақыты 3 жыл 4 ай 10 күнге дейін қысқартылып, Петропавлда 1,5 жылдай, Алматының Заречный түрмесінде 2 жыл уақыт қамауда отырып шығып ақталған Қайыргелді Күзембаев қайтадан бейбіт өмірге оралып, «Алматыпромстрой» мекемесіне жұмысқа тұрады. Бірақ сол кездегі экономикалық қиыншылықтарға байланысты ол мекеме жабылған соң сауда істеп күнін көреді. Желтоқсан оқиғасы болардан сәл бұрын туған ұлынан соң екі қызы дүниеге келеді. Сонымен бірге зайыбының сіңілісі 1994 жылы 35 жаста қайтыс болған соң оның ұлын да өз қолдарына алып тәрбиелейді. Қазір ол бала үйлі-баранды болып кеткен. Өз балаларының алды отбасы құрып, одан немере сүйіп отыр.
Қайыргелдінің жұбайы Роза Спанова қазір Халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істейді. Ол «Біз білетін желтоқсан» атты кітап жазып шығарды, кітапта жұбайы Қайыргелдінің және өзге де желтоқсаншылардың басынан өткен қиындықтарды баяндайды.
Қайыргелді қазір зейнетте. Түрлі іс-шараларға шақырумен барып, жастардың алдында желтоқсаншылар туралы, олардың ел намысы үшін бастан кешкен қиындықтары жайында тағылымды әңгімелер айтады.
Ер қиындықта сыналады. Бір кезде Түгелбай Тәшенов, Жамбылбек Тайжұмаев, Қайрат Рысқұлбековтермен бірге сот залында әділетсіз шешімге сынбай, қиындыққа мойынсынбай қиянатқа қасқайып қарсы тұрған Қайыргелді Күзембаев – бүгінде елінің ардақты перзенттерінің бірі. Оның кешкен тағдыры да, еткен ісі де кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала бермек.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ