Тәуелсіздік және тарихтың жаңа парақтары
Жалпы, 30 жыл ішінде түрлі салада, өнерде, мәдениетте жеткен жетістігіміз аз емес. Оны тізбектеп тауыса алмасымыз анық. Өткеніміз ешқашан өшпек емес. Ал ендігі негізгі мақсат, басты міндет – тәуелсіздігімізді сақтап қалу, еліміздің тұғырын биіктетіп, алға қарай ұмтылу.
16 желтоқсанды енді мемлекеттік мереке ретінде атап өтеміз. 30 жылдан астам уақыт бойы елдің бас мерекесі болған бұл мейрамның бұдан былай мән-мағынасы өзгерді. Той тойлап, мерекелеуден бұрын тәуелсіздік құрбандарын еске алып, өткенімізді саралап, бүгінімізді бағдарлайтын күн болмақ.
Қазақ елінің егемендік алып, өз алдына еркін ел болған күн – әр азаматтың жүрек түпкірі, көкірек көмбесінде сақталған ең аяулы да қастерлі оқиға. Ата-бабамыз аңсаған азаттыққа қол жеткізіп, аманаттап қалдырған ұлан-байтақ жеріміздің шекарасын шегендедік. Әлемнің саяси картасында алып жаңа ел пайда болды. Азаттығымызды ең бірінші мойындаған және баға берген – Америка Құрама Штаттары. Ал тұңғыш елшілік ашқан Түркия болды. Осылайша, төрткүл дүниемен дипломатиялық қарым-қатынас орната бастадық.
Тәуелсіздік алған соң бір жылдан кейін Алматы қаласында Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өткізілді. Бұдан кейін қандастар үшін алғашқы жылдық квота тағайындалып, атамекеннен жырақтағы 10 мың отбасы атажұртқа қоныс аударды. Осылайша, қандастарымыздың тарихи Отанына оралуы тәуелсіздіктің ең үлкен, ерен жетістігі болды.
Ал 1993 жылы тұңғыш Ата Заңымыз қабылданды: тәуелсіз Қазақстан тұңғыш Конституциясын жариялады. Ең алғашқы басты құжаттың қабылдануы – тәуелсіздік жылдарындағы елеулі оқиғалардың бірі. Егемендігіміздің белгілері – Әнұранымыз, Туымызды, Елтаңбамыз бекітілді.
1993 жылы Ұлттық валюта – теңге қолданысқа енді. Биыл теңгеміздің 30 жылдығын кең көлемде атап өттік. Ұлттық валютамыз жаңа заман, цифрлық дәуір табалдырығын аттағалы отыр. Алтын валюта қорын құрдық, болашақ ұрпақтың игілігі үшін Ұлттық қор құрдық.
1994 жылы бір топ қазақстандық студент алғаш рет «Болашақ» бағдарламасы аясында шетелдік жоғары оқу орындарына жіберілді. Бүгінде «Болашақ» түлектері еліміздің өркендеуіне үлес қосып жүр.
Еліміз тәуелсіз мемлекет ретінде алғаш рет 1994 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен XVII қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Содан бері олимп шыңында көк байрағымыз желбіреп келеді.
Жаңадан астана салдық. Астанамыз 25 жыл ішінде басқа елдердің елордаларымен терезесі теңескен шаһарға айналды. Дүниежізілік EXPO көрмесінен бастап түрлі саммиттер мен маңызды жиындар өтіп келеді.
Жалпы, 30 жыл ішінде түрлі салада, өнерде, мәдениетте жеткен жетістігіміз аз емес. Оны тізбектеп тауыса алмасымыз анық. Өткеніміз ешқашан өшпек емес. Ал ендігі негізгі мақсат, басты міндет – тәуелсіздігімізді сақтап қалу, еліміздің тұғырын биіктетіп, алға қарай ұмтылу.
Әділетті Қазақстан
Кейінгі екі жылда елдегі түбегейлі өзгерістер туралы жиі айтыла бастады. Жаңа, әділетті мемлекет құру басты мақсат деп белгіленді. Өзгерістер легі басталып та кетті. Ең негізгісі – былтыр 5 маусымда өткен референдум болды. Референдум нәтижесінде 1995 жылы 30 тамызда жалпы дауыс беру арқылы 98 баптан тұратын Ата Заңның үштен бір бөлігі жаңаратын болды. Президент Конституциялық реформа еліміздің мемлекеттік құрылымының тұғырын нығайтатынын, азаматтық қоғамның дамуына жол ашып, жалпыұлттық диалогты орнықтыратынын айтты. Яғни, бұл қадамдар халықтың әл-ауқатын арттыруға және еліміздің болашағына ықпал етуге тиіс.
Конституциялық реформалар қолға алынғанда, заң өзгеріп, бастамалар құқықтық тұрғыдан негізделмесе, барлығы бекер екені айтылған болатын. Себебі заң өзгермей, заңның солқылдақ тұстарын жетілдірмей, қалған салада тәртіп орнатып, алға жылжыту мүмкін емес екені түсінікті.
– Конституциялық реформа Қазақстан тарихында жаңа дәуір басталғанын айқындады. Сондай-ақ соңғы үш жылдағы саяси өзгерістерді орнықтырып, мемлекетімізді одан әрі нығайту үшін мықты негіз қалады. Бұдан былай әділеттілік, ашықтық және жанашырлық қағидаттары қатаң сақталады. Біз референдум арқылы бұрын-соңды болмаған сыртқы және ішкі сын-қатерлерге төтеп бере алатынымызды дәлелдедік. Конституциялық реформаны нақты жүзеге асыра бастадық, – деді Мемлекет басшысы.
Қабылданған өзгерістерге сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Конституциялық Сот өз қызметін бастады. Яғни, әрбір азамат өзінің конституциялық құқығы мен бостандығын тікелей осы орган арқылы қорғайтын мүмкіндікке ие болуы керек. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі, құзыреті мен дер-бестік кепілдігі конституциялық заң деңгейінде алғаш рет бекітіліп отыр. Президент қол қойған екінші заң – «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Қазақстан Республикасының конс-титуциялық заңы. Заң мәтініне сүйенсек, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл-дің міндеті – «адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге, Қазақстан Республикасының нор-мативтік құқықтық актілерін жетілдіруге, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын көтермелеу мен ілгерілетуге жәрдемдесу». Ол қызмет кезінде тәуелсіз және қандай да бір мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға есеп бермейді. Мемлекеттік органдар, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар, олардың лауазымды адамдары Уәкілге қажетті материалдарды, құжаттарды, мәліметтер мен түсіндірулерді ұсынуға міндетті.
«Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заң Бас прокуратураның өкілеттігін кеңейтіп, рөлін күшейтеді. Мәселен, азаптауға байланысты қылмыстарды тергеуге нақты Бас прокуратура жауапты болатын болды. Бұған дейін прокуратураның қызметі заң бойынша регламенттелген болатын. Жаңа өзгеріс бойынша прокуратураның құзыреті, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібі Конституциялық заңда белгіленеді.
Одан бөлек, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы; «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен то-лықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы қабылданды.
– Біз Конституциямызда жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі екенін нақты көрсеттік. Осы норманың арқасында «Ұлттық қор – балаларға» атты ауқымды бағдарламаны қолға алдық. Ұлттың ұлылығы әрбір отбасының, әрбір азаматтың әл-ауқатынан көрінеді. Сондықтан ел экономикасы, ең алдымен, халықтың мүддесі мен игілігі үшін жұмыс істеуі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жаңа экономикалық саясат
Тәуелсіздік алғаннан «Әуелі экономика, содан кейін – саясат» деген ұстаным басшылыққа алынған еді. Алдымызда ел шаруашылығының тиімді үлгісін таңдау мәселесі тұрды. Бізге белгісіз, тәжірибеде, тарихи санамызда жоқ нарықтық экономиканың соқпағына түскен соң, бұл жолдың жеңіл болмайтыны әу бастан белгілі болды. Мол шикізаттың жемісі болған уақытша тұрақтылықты, яғни экономикадағы шикізат секторының, әсіресе мұнай секторының жедел дамуынан қалыптасқан сыңаржақтықты реттеу керек екені егемендік алғаннан кейінгі 10-15 жыл ішінде де айтыла бастады. Оған әр жылдары елдегі өндірісті әртараптандыруға, әсіресе өңдеу салаларының жедел дамуына, инновацияларды экономиканың басты салалары ететін, экономиканы индустриялық сатыға көтеруге талпынғанымыз, соған сәйкес стратегиялық бағдарламалар қабылданғаны дәлел болады. Соған қарамастан, ел шаруашылығы әлі күнге дейін шикізатқа тәуелді болып отыр.
– Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ, – деді Президент былтырғы 1 қыркүйектегі Жолдауында.
Осылайша, экономиканың қазіргі құрылымы тұрақты және инклюзивті экономикалық өсім қалыптастыруға қауқарсыз екені айтылды. Жаңа Қазақстанға жаңа экономикалық саясат керек деп бастама көтердік. «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасында монополистердің қызметіне тосқауыл қойып, жаңа экономикалық моделге көшу туралы айтылған болатын.
Салық, бюджет, ақша-кредит, тариф саясатын тең дәрежеде әрі ашық жүргізу, сондай-ақ ішкі өндірісті, шикізаттық емес экспорт ынталандырылатыны айтылған болатын. Мемлекет басшысының бұл бастамасы 1 қыркүйектегі Жолдауында да жалғасын тапты. Мемлекет басшысының Жолдауы толықтай Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдарына арналды, жаңадан қолға алынған бастамалар айтылды, орындалған, орындалып жатқан жоспарларға шолу жасалды.
Ең алдымен, «Заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң қабылданды. Оның нормалары әкімшілік-билік ресурстарына иелік еткен немесе осындай қолдау алған олигополия субъектілеріне қатысты қолданылатын болады. Сондай-ақ адал инвесторлардың мүдделері толығымен қорғалатын болады. Заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссия құрылды. Үкіметтің ресми мәліметіне сүйенсек, қазір мемлекетке құны шамамен 1 трлн теңге сома болатын активтер қайтарылды. Оның шамамен 600 миллион доллары басқа юрисдикциялардан қайтарылған. Мысалы, БАӘ-ден шамамен 15 миллион доллар, Австриядан 82 миллион доллар, Лихтенштейннен 260 миллион доллар, Гонконгтан 2 миллион доллар қайтарылды.
Сонымен қатар «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң, яғни жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылданды. Заң аясында борышкерлер үшін төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс және сот арқылы банкроттық рәсімдері қарастырылған. Қазір 11,3 млрд теңгеден астам сомаға 7,1 мың азамат банкрот деп танылды.
Салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша жұмыстар атқарылуда. Кәсіпкерлерді көлеңкелі сектордан шығару үшін қолайлы бизнес-орта құрылып жатыр.
– Әрине, даму жолымыз әрдайым теп-тегіс, даңғыл болмайды. Ешкім де сырттан келіп, Қазақстанды көркейтіп жібермейді. Ол үшін еліміздің әрбір азаматы заман талабына сай болуға тиіс. Жалпы, халқымыз осындай дағдарыс кезінде біртұтас болуы керек. Басқа жол жоқ. Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады, – деді Президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында.
Яғни, әртараптанған, шикізатқа тәуелді емес ел шаруашылығын құру үшін үлкен еңбек, біраз уақыт, толайым күш-жігер керек. Ал оның негізгі алғышарты – халық, мемлекет, атқарушы биліктің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, болашақ үшін аянбай еңбек етуі. Басталған іс бағытынан танбаса, көздегенімізге жетететінімізге сенім мол.
Саяси реформалар – өзгерістер өзегі
Ең алдымен, аймақтық әкімшілік саясаттағы өзгерістің бастауы – жаңадан 3 облыстың құрылуы болды. 2022 жылғы 16 наурызда Мемлекет басшысы өзінің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарын құруды ұсынған болатын. Бұл шешім өңірлердің екінші тынысын ашуға, өркендетуге жасалған нық қадам болды.
Ал биылғы 19 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілісті таратып, мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді. Негізі, биылғы бірінші жартыжылдықта депутаттар қайта жасақталатынын Президент былтыр күздегі Жолдауында айтқан болатын. Бұл жолғы сайлау жаңа саяси жүйені құруға бағытталған өзгеше қадам болады деп сендірген еді жауаптылар. Өзгешелігі сол – депутаттар құрамының белгілі бір бөлігіне халық жекелей дауыс берді. Яғни, сайлау жүйесі өзгерді.
30 жыл ішінде елімізде Мәжілісті жасақтау әдісі бірнеше рет өзгерді. Ең алдымен, мажоритарлы жүйе қолданылды, одан кейін аралас жүйеге ауыстық. Содан соң тек пропорционалды әдіске көштік. Енді былтырғы референдумның қортындысы бойынша, депутаттарды сайлау жүйесіне тағы да өзгеріс енгізілді: аралас жүйеге қайта оралатын болдық.
Бізде Мәжіліс депутаттары партиялық тізім негізінде сайланып келді, яғни пропорционалды жүйенің ішінде «жабық тізімі» қолданылады. Енді осы екі жүйені біріктіретін, үшінші, аралас сайлау жүйесі бар. Бұл тәсіл бойынша барлық мандаттың белгілі бір бөлігі мажоритарлық әдіспен, қалған бөлігі пропорционалды әдіс арқылы бөлінеді, үлестіріледі. Яғни, үміткерлердің бір бөлігі партиялық тізіммен, қалғаны өзін-өзі ұсынып, сайлауға түсу арқылы депутат болады. Бізде 1999 жылы Мәжіліс депутат-тары осы аралас тәсіл арқылы жасақталған еді. Сайлаудың бұл жүйесі екінші рет 2004 жылы қолданылды. Одан соң 2007 жылы Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, Мәжіліс депутаттарын сайлау жүйесі пропорционалды әдіске ауыстырылған болатын. Содан бері осы тә-сіл арқылы 4,5,6,7-шақырылым депутаттары жасақталды. 19 жыл өткен соң, 8-шақырылым депутаттарын қайтадан аралас жүйе арқылы таңдадық. Осылайша, Парламент Мәжілісінің белгілі бір бөлігі халықтың өзі таңда-ған, әр өңір жұрты үмітін артып, сенімін аманаттаған азаматтардан құрылды.
Одан бөлек, сайлауға түсетін партиялар тізімінде, оларға қойылатын талаптарға қатысты өзгерістер болды. Партия мүшелерінің санына қатыс-ты талап өзгерді. Оның төменгі шегі 4 есе төмендеп, 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайды. Партиялардың әр аймақтағы өкілдерінің саны кемінде 600 адам болуға тиіс еді, ал қазір 200 адамға дейін төмендеді. Осы өзгерістен кейін елімізде жаңадан екі саяси партия Әділет министрлігінен арнайы рұқсат алып, тіркеуден өтті. Сонымен, сол жаңадан қатарға қосылған «Байтақ» және «Республика» партияларын есепке алғанда, қазір елімізде ресми тіркелген 7 саяси партия бар.
Алғаш рет аудан әкімдерін, кейіннен ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткіздік. Жергілікті басқару мен өзін-өзі басқару үлгілерін жетілдіруге ұмтылу – өзгерістің негізгі бағыттарының бірі. Жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқаруды ұтымды құру кезінде жергілікті ресурстар оңтайлы игеріліп қана қоймай, халықтың билікке деген сенімі де айтарлықтай артады деген үміт бар.
Ерлан САИРОВ, мәжіліс депутаты:
Біз демократия жолына түстік деп нақты айтуға болады
– Қазақстан кейінгі 4 жылда перманентті саяси реформалардан өтіп жатыр. Жақында ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Өткен жылы Парламент сайлауы, барлық деңгейдегі мәслихат сайлауы өтті. Аудан әкімдерін де сайладық. Мұның бәрі саяси реформалардың біртіндеп жүзеге асып жатқанын байқатады. Сонымен қатар бұл халқымыздың саяси мәдениетін арттыруға нақты әсер ететін болады. Халық сайлау құқығы өзінің негізгі құқығы екенін түсінетін болады. Бұл – тікелей демократияның нақты көрінісі.
Өзгерістердің ең негізгісі – конституциялық реформа. Жеке басқа табыну тенденциясы тежелді, Президент бір-ақ мерзімге сайланатын болды, туған-туыстары жоғары лауазымға ие болмайтын болды. Мәжілістің рөлі артты.
Әрине, көш жүре түзеледі, сондықтан кем-кетіктер де болуы мүмкін. Бірақ тенденция – анық.
Ол – біздің елдегі саяси реформалар, халыққа өз билігін қайтарып беру жолындағы жұмыстар. Біз демократия жолына түстік деп нақты айтуға болады.
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
«Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының иегері:
Тәуелсіздік бізге ерлікпен, құрбандықпен келді
– 1986 жылдың 16 желтоқсаны – біздің ұрпақтың көкейіне жазылып қалған. Оны ешбір көңілді музыка, жалған ұран немесе алдарқатқан сөздер өшіре алмайды. Себебі біз жазықсыз студент балалардың қанына жуылған алаңды көзімізбен көрдік. Қыздар мойын орағыштарын шешіп ұлдардың құлағын орап бергенін көрдік. Біздің қазақтың қыздары неткен батыл еді. Олар алдыңғы қатарда жігіттермен бірдей жүрді. Сол жастар – ұлттың ғасырлар бойы тілеген теңдігіне қол жеткізді. Сол үшін мен қазақ қыздарын қатты жақсы көремін. Алаңдағы қыздар Әлия, Мәншүк, Хиуаз сияқты батыр қыздардың ізбасарлары еді. Мұндай көріністерді ұмыту мүмкін емес. Ол – аяулы сурет. Бұл көз алдымыздағы көрініс біздің өмірімізбен бірге кетеді, бірақ анық, ашық айтылмай кетеді.
Қазақ қыздары мен ұлдарының ұлылығы, батырлығын көрсеткен 16 желтоқсан санамызда жаңғыра бермек. Көтеріліс кезінде Тұңғышбайдың басына таяқ тигенін, марқұм Әзербайжан Мәмбетовтің таяқтан маңдайынан қан атқылағанына куә болдық. Ал далада қанша қыз іштен тынып өмірімен қоштасты. Ибадуллаева деген радиожурналист сол радионың түбінде ешкім көрмеген қорлықты көрді. Басы да жарылды, іші де жарылды. Сол қыз өткен жылы дүние салды. Көтерілістегі қыздардың қасіретін сөзбен айтып жеткізе алмаспыз. Орыс әскерінің табаны қалың етігінің астында тепкіленген қыздардың кейінгі көрген өмірі де оңай болмады. Бірақ сол сәтте қолымыздан ештеңе келмеді. Шырылдадық, жыладық, шуладық. Үстімізге мұздай су шашылғанда үйді-үйімізге балаларымызды сүйрелеп барып, жылап жаттық.
Міне, Тәуелсіздік бізге осындай ерлікпен, құрбандықпен келді. Сондықтан біз үшін Тәуелсіздік құрбандарын еске алу күні ерекше маңызды. Өйткені қиындықпен келген азаттықтың әр күні аса қымбат. Жалынды жастардың намысқойлық, өр рухы келер ұрпаққа дарысын. Жас ұрпақ елінің, жерінің, Тәуелсіздіктің қадірін сезінсе екен. Сол жолда олардың сауатты, саналы болғанын, елдің тыныш және барлық салада әділеттіліктің болғанын көргіміз келеді. Біз саны аз ұлттың ұрпағымыз. Сондықтан да ұрпағымыздың саналы, өр рухты болып өскенін көргіміз келеді.
Бізге ең қымбаты – елдің, ұлттың еркіндігі. Бүгінде Қазақстанды әлем таныды. Өзінің ұрпағы, дәстүрі бар ел болдық. Қазақстан деген көк Туды көтердік. Сол Ту мәңгілік желбірей берсін.
Сабырхан СМАҒҰЛОВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы:
Ең басты құндылығымыз!
Адамзат тарихы үшін, отыз жыл аз уақыт көрінгенімен, біздің халқымыз үшін осы бір тағдырлы уақыт межесі отыз ғасырға татиды. Біз сан жылдар бойы ата-бабаларымыз аңсаған, сол жолда қанын төгіп, жанын құрбан еткен, бостандыққа қол жеткіздік. Жаңа заман келіп, жарық күн туып, нұрын шашты, темір құрсаудан шықтық. Күрмелген тіл, байланған жол ашылды. Ауыздағы қақпақтан, аяқтағы тұсаудан арылдық. Армансыз еркін сөйлесіп, ой-пікірімізді ашық айтуға қол жеткіздік. Ел еркі өзіне тиді. Ел тізгіні өз қолымызда.
Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз. Қол жеткен тәуелсіздіктен, алған азаттықтан айырылып қалмалық деп, орасан зор қайрат көрсетуіміз керек. Оны көзіміздің қарашығындай қорғауымыз, сақтауымыз және одан әрі нығайтуымыз қажет. Бұл бір, екіншіден, сол кездегі саяси, экономикалық, әлеуметтік, демографиялық және басқа да жағдайларға байланысты тағдыршешті мәселелерді жеті рет емес, жетпіс рет өлшеп, бір рет кесуге мәжбүр болдық. Біз тығырықтан шығар жолдың саңылауы да көрінбейтін қиын күндерден қақтығыс пен қантөгіске ұрынбай аман шығып, ешкімге есемізді жібермей, жаңа сипаттағы Қазақ мемлекетін құрдық. Бүгінгі және болашақ ұрпақ мұны әрдайым біліп отыруы керек.
Сондықтан қазіргі және кейінгі ұрпаққа Тәуелсіздік дәуірінің тарихын, мәнін, маңызын, бар шындығы мен қыр-сырын жан-жақты ашып көрсету, ұғындыру, түсіндіру бүгінгі тарихшы-ұстаз, педагог және ғалымдардың алдында тұрған маңызды міндет. Сол үшін Отанымыздың ежелгі және ортағасырлардағы тарихымен қатар Қазақстанның жаңа тарихын да жүйелі зерттеген жөн. Осы бағытта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Тарих факультетінде осыған дейін де іргелі жұмыстар жүргізіліп жатса, енді профессор-оқытушылар құрамы бұл мәселеге ерекше назар аударып, білім беру және зерттеу арнасын одан әрі кеңейте түсті. Бұл – ұлт тарихын дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе және тарихи сананы жаңғырту мәселесінің түйіні. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған тарих ұрпақтың санасын оятып, жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қазақтың сан ғасырлық шынайы тарихын шетелдерге, бүкіл әлемге таныту қажет. Ол үшін өз жеріңді, еліңді, мәдениетіңді, салт-дәстүріңді тану, өзіңді-өзің тану қажет. Ал өзін-өзі тани алмаған халық өзін өзгеге таныта алмайды.
Туған Отанымыздың болашағы жарқын да жасампаз болатынына кәміл сенеміз. Мемлекет басшысы айтқандай – «Тәуелсіздік бәрінен қымбат». Атамекен – Қазақстанымыздың Тәуелсіздігі мәңгілік болсын! Халқымыз аман-есен, көк аспанымыз ашық, тірлігіміз бейбіт те берекелі болсын!