Қазақстанда қанша отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр?

Биыл осы мақсаттарға бюджеттен 65 млрд теңге бөлінді.

Қазақстанда қанша отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып отыр?
gov.kz

1 желтоқсандағы жағдай  бойынша 113,6 мың отбасындағы 595,7 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) тағайындалды, деп хабарлады turkystan.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Биыл осы мақсаттарға бюджеттен 65 млрд теңге бөлінді.

«АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару», - делінген хабарламада.

АӘК мыналарды көздейді:

- табысы өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70% - нан аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;

- табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК (5 175 теңге) мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. Биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 186,1 мың балаға қосымша төлем тағайындалды;

- жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.

Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.