Биыл Ақтөбе облысының экономикасына 804 млрд теңге инвестиция тартылған
Жыл соңына бұл көрсеткішті 1,1 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарда бар.
Биыл Ақтөбе облысының экономикасына 804 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 8,2%-ды құрады. Жыл соңына бұл көрсеткішті 1,1 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарда бар. Өңір әкімі Асхат Шахаров Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында инвестиция тартып, аймақтағы өнеркәсіп саласын жетілдіру жайына тоқталды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ақтөбе өңірінде инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірқатар маңызды және ірі инвестициялық жоба іске қосылды.
«Атап айтқанда, өңірдің экологиясын жақсартатын ERG компаниясының Дөң тау-кен байыту комбинатында 1973 жылдан бастап жиналған шламдарды қайта өңдеу фабрикасы, қажетті мұнай жабдықтарымен ішкі нарықты қамтитын мобильді бұрғылау қондырғыларын өндіру зауыты, мал азығы құрама жем сияқты өнім шығарып, Ақтөбе ғана емес, Батыс Қазақстан өңірлерін де қамти алатын Ново-Альджан комбинатының жаңа цехы іске қосылды», - деді спикер.
Бұдан бөлек, ERG, СНПС-Ақтөбемұнайгаз және Ақтөбе мыс компаниялары 200 млрд теңгеден астам қаражатқа кәсіпорындарында жаңғырту және кеңейту жұмыстарын жүргізді. Ол келер жылы жалғасын табады. Алдағы 4 жылда 4,1 трлн теңгеге 51 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарда бар.
«Оның ішінде Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ERG компаниясының жел электр стансасы, қой жүнінен жылуды сақтайтын құрылыс материалдарын шығаратын бірегей зауыт, облыстың цемент материалына деген қажеттілігін толығымен жабатын 1 млн тонна өнім шығаратын «QazCement Industries» зауыты, электроника өндірісінің негізін құрайтын никель-кобальт кендерін өңдеу зауыттары, металлургия саласында «AltynEx Company» алтын өңдеу фабрикасы», – деді А.Шахаров.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Ақтөбе әуежайында мультимодальды орталық құру тапсырмасына сәйкес, Көлік министрлігімен бірлесіп, шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Естеріңізге сала кетейік, Президент өткен аптада өңірге жұмыс сапарымен болып, жергілікті инвестициялық әлеуетті арттыруды тапсырды. Осы барлық қажетті шара қолға алынбақ.