Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауовқа қатысты сот үкімінің күші жойылды
Экс-әкім қосымша есептелген салықтарды азайту мақсатында лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны, соның әсерінен ЖШС-ның салықты төлемегені үшін сотталған.
Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауовқа қатысты сот үкімінің күші жойылды, деп хабарлады turkystan.kz.
Павлодар қаласының № 2 сотына облыс прокурорының орынбасары жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты өңірдің бұрынғы әкімі Болат Бақауовқа қатысты іс бойынша өндірісті қайта бастау туралы өтінішхатпен жүгінді.
Экс-әкім қосымша есептелген салықтарды азайту мақсатында лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны, соның әсерінен ЖШС-ның салықты төлемегені үшін сотталған.
«Экономикалық тергеп-текру департаменті тергеушісінің 2022 жылғы 22 қазандағы қаулысымен сот үкімі шыққаннан кейін мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің салықты қате қосымша есептеуі тұрғысындағы сараптама қорытындысы бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты ЖШС-нің салықты төлемеуі туралы іс тоқтатылды», - делінген Павлодар қаласының No 2 сотының баспасөз қызметі хабарламасында.
Тергеушінің істі тоқтатуына байланысты Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 10 мамырда заңсыз деп танып, қосымша салықты есептеу туралы жариялаған хабарламасының күші жойылды.
Осылайша, мемлекет мүддесіне айтарлықтай зиян келтірілмеді.
Бұл мән-жай сотқа үкім шығару кезінде белгісіз болды.