Жастар зорлық-зомбылыққа қарсы: студенттер арасында сауалнама жүргізілді

Студенттер өзекті тақырыпқа жауап беруден тайсалмай, ашық ойларын айтты

Жастар зорлық-зомбылыққа қарсы: студенттер арасында сауалнама жүргізілді
1216

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсылық танытуда.

«Жастар Рухы» Жастар қанатының өкілдері көшелерде, сауда нүктелерінде және басқа да қоғамдық орындарда азаматтардың отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабардар болу деңгейі жайында тұрғындар арасында жаппай әлеуметтік сауалнама жүргізуді жалғастыруда.

Дәл осындай сауалнама Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттері арасында жүргізілді. Респонденттерге кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық себептері, зорлық-зомбылық құрбандарын қолдау іс-шаралары, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің тиімділігі туралы және т.б. сұрақтар қойылды.

Жастар қанатының аймақтық филиал төрағасы Біржан Құдайбергенов білім алушылардың ойын тыңдап қайтты. Оның айтуынша, студенттер өзекті тақырыпқа жауап беруден тайсалмай, ашық ойларын айтты дейді.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық жайында көзқарастарын ашық жеткізетін азаматтар қатары көбеюде. Олардың ішінде колледж бен университеттер қатарында білім алып жатқан студент жастар да бар. Сауалнама алу барысында олардың қаншалықты қарсылық танытып, қоғам болып бірлесе алдын алуға үндегендеріне риза болдым. Қазақта «Ауруын жасырған – өледі» деген сөз бар. Расында, жақындарымыз бен таныстарымыздың арасында, жалпы қоғамда орын алып жатқан зорлық-зомбылаққа көз жұмып қарамай, мүмкіндігінше ашық айтуға бейімделуіміз керек. Солай ғана қоғамда тәртіп орнатып, нәзік жандыларды келеңсіз жағдайлардан сақтаймыз деп ойлаймын», - деді Біржан Құдайбергенов.

Статистикаға сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің көпшілігі – әйелдер. ҚР-дағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева атап өткендей, елімізде күн сайын балаларға қатысты 6 қылмыс жасалады, 342 адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегеді. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік мәселесі де өткір болып тұр. Уақтылы көрсетілген көмек қайғылы жағдайдың шамамен 70%-ға алдын алады.

Осылайша Жастар қанатының белсенділері қоғамдағы тәртіп бұзушылыққа қатысты қызылжарлық жастардың пікірін тыңдаса, ал Батыс-Қазақстан мен Түркістан облысының ауыл тұрғындарының тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты пікірлерін біліп қайтты.

Зорлық-зомбылыққа төзбеушіліктері мен оның алдын алу жайында алынған сауалнама БҚО, Бәйтерек ауданы Мичурин және Асан және Түркістан облысының Дермене ауылдарында өтті. Оған 100-ге жуық азамат қатысып, басым көпшілігі үйден басталатын тәлім-тәрбиені дұрыс бағытта беру керек деп жауап берді.

«Отбасымызда ұл-қыз тәрбиелеп отырғандықтан, оларға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, үлкендік ақыл-кеңесімізді айтып отырамыз. Дастархан басында берілетін өнегенің орны ерекше. Қоғам мен мемлекетті өркендетеміз десек, өзімізден бастау керек. Қазақта «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген өте орынды сөз бар. Оны жадымыздан шығармайық. Ал әйел азаматтарға көрсетілетін қиянатқа келсек, оған түбегейлі қарсымын. Заң бұзғандарды жазалайтын полиция бар, арнайы өкілетті органдар бар», – деді Мичурин ауылының тұрғыны Ербол Октябрұлы.

Айта кетсек, күні кеше ғана буллингке қатысты әлеуметтік эксперимент Өскемен және Атырау қалаларында өтсе,  блиц-сауалнамалар еліміздің өзге де аймақтарында жүргізілді. Атап айтқанда, Семей, Көкшетау, Ақтөбе, Қонаев, Қызылорда, Жезқазған қалалары мен Жамбыл, Жетісуға облыстарына қарасты ауылдарда тұрғындардың жауабы тыңдалды. 500-ден  астам азаматтар тұрмыстық зорлық-зомбылық, оған көрсетілетін жазаны күшейту, буллингтің алдын алу және  алименттен жалтару туралы ашық ойларын айтты.

Осылайша, жастар Мемлекет басшысының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейту жөніндегі бастамаларына қолдау білдіруді қарқынды түрде жалғастыруда. Оған түрлі әлеуметтік эскперименттер мен сауалнамалар, ғаламтор желісіндегі шаралар кіруде.

Атаулы акциялар қалай өткізілді, нәтижесі қандай «Жастар Рухы» (@jastar_ruhy) әлеуметтік желідегі парақшасынан көре аласыздар.

 

 

Серіктес жаңалықтары