Көкшетауда зейнеткерді алдап, қомақты ақша талап еткен дроппер ұсталды

88 жастағы Көкшетау тұрғынының телефонына жалған полиция қызметкерінен қоңырау түскен.

Көкшетауда зейнеткерді алдап, қомақты ақша талап еткен дроппер ұсталды
Фото: gov.kz
838

Көкшетаулық полицейлер зейнеткерді алдамақ болған дропперді ұстады, деп хабарлады turkystan.kz.

Polisia.kz-тің жазуынша, 88 жастағы Көкшетау тұрғынының телефонына «Сіздің келініңіз баласымен бірге жол көлік апатына ұшырады» деген жалған полиция қызметкерінен қоңырау түскен. Өзін Виктор Федорович деп таныстырған полиция қызметкері қобалжыған әжеге оның кішкентай шөбересімен бірге келіні апаттың құрбаны болғанын және медициналық көмек көрсету үшін 5 млн теңге көлемінде ақша қажет екенін айтқан.

88 жастағы зейнеткердің мұндай ақшасы болмаған соң алаяқ оған туыстарынан қарызға алуды ұсынады. Сенімділік үшін ақмолалық әйелге алаяқтың сыбайласы қоңырау шалып, шөбересі ауыр халде екенін жылап айтқан. Қобалжыған әже алаяқтарға қолда бар 2 млн теңгені беруді ұсынды.

Үйге ақша алу үшін жәбірленушіге жеткізуші немесе дроппер келген. Руслан есімді Виктор Федоровичтің орынбасары болып танысқан ер адам зейнеткерден қолма-қол ақша салынған целлофан пакетін алып, қашып кетті. Кейіннен ол алаяқтар көрсеткен шотқа 1,8 млн теңге аударып, 200 мың теңгесін сыйақы ретінде қалдырды.

Полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеді. Күдіктілерді ұстау мақсатында Көкшетау қаласының криминалдық полиция қызметкерлері бірқатар жедел-іздестіру іс-шараларын өткізді. Зейнеткердің тұрғылықты жерінде орнатылған жедел басқару орталығының бейнекамераларының жазбаларын қарап, такси фирмаларының жүргізушілері мен үй тұрғындарынан жауап алды.

26 қарашада қабылданған шаралардың нәтижесінде дроппердің жеке басы анықталды. Ол Өскемен қаласының 27 жастағы тұрғыны болып шықты. Әңгіме барысында ер адам жеткізуші жұмысын мобильді қосымшадан тапқанын айтты. Ал шарттар оған өте қарапайым болып көрінді: бір мекенжайдан ақша алып, содан кейін жақын жердегі банкомат арқылы көрсетілген шотқа аудару.

Ұсталған адамда мұндай әрекеттердің заңдылығы туралы мәселе туындаған. Алайда куратор жұмыстың құқық қорғау органдарымен бірлесіп жүргізіліп жатқанына және бәрі «таза» екеніне сендірді. Бір қызығы, жұмыс беруші оған қарт адамнан ақша алу керек екенін айтқан және вирустардан қорғану үшін медициналық маска киюін сұрады. Шындығында, әже курьердің бетін есте сақтай алмауы үшін маска қажет болған.

Қазіргі уақытта осы факт бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары