Сейфолла Оспан: Тұлғалар халқына еткен еңбегін бұлдамаған

Сол кезде жұрт га­­­­зеттерге мақала жазғанды қойды. Себебі бас­пасөз баяғыдай қаламақы бермейді. Сол кез­де өндірте мақала жаздым. Тіпті, кей күн­дері екі-үш мақаладан жазған кезім бар. Екі жыл­дың ішінде екі жүзден артық мақала жа­­­зыппын. Ол барлық газетке басылып жат­ты. Кейін «Ара» журналында, «Түркістан» газе­тінде журналист болдым. Обалы не керек, «Түркістанды» ашқан Қалтай Мұхамеджанов ағамыз оны елге пайдалы үлкен газет қылды. «Түр­кістан» атауын біздің елге тән ұғымға ай­налдырды. Алайда сол кезде басылымның ти­ражын көтеру қиындау еді. Газетке не­гізі­нен Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда об­лыстарының оқырмандары зор қолдау көр­сетті. Зейнетке «Түркістан» газетінде істеп жү­ріп шықтым. Сондықтан бүгінде өздерің жұ­мыс істеп жүрген газет – маған өте ыстық, қа­д­ірлі басылым.

Сейфолла Оспан: Тұлғалар халқына еткен еңбегін бұлдамаған
turkystan.kz

Кей қаламгерлер жұрт көзіне жиі түсетін белсенді болады, ал енді кейбірі шаруасын тым-тырыс атқарып, ел назарынан шеттеу жүреді. Осының екінші тобына жататын, әдебиетіміздің ақсақалдарының бірі Сейфолла Міркемелұлы – 65 жылдан бері көркем сөз әлемінде тер төгіп келе жатқан қаламгер. Көптеген кітаптың авторы. Поэзия, аударма, журналистика саласында еткен еңбектері елеулі.

− Сейфолла аға, қазақ әдебиетіне ең­бек сіңірген ақсақалсыз, бұйырса жа­қында 85 жасқа толғалы отырсыз. Үлкен кі­­сінің өмірі жастарға өнеге ғой, алды­мен ғұмыр жолыңызды қысқаша шолып шықсақ.

− Қызылорда облысы, Тереңөзек ауда­ны­ның Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшарда дүниеге келдім. Сол ауданда қазақтың белгілі қаламгерлері − атақты драматург Қалтай Мұхамеджанов, белгілі аудармашы Әбілмәжін Жұмабаев, ақын-сыншы Әбірәш Жәмішевтер туған.
Тереңөзекте 8-сыныпты бітірген соң 9-10-сынып­тарды Қызылорда қала­сын­да тұратын жалғыз апамның үйін­де жа­тып оқыдым. Жездемнің аты – Қойшыбек, сол кі­сі­нің Тайшыбек атты інісі мені өзінің туыс­тары болып келе­тін 1-Май мектебінің ди­ректорына алып барып, 9-а сыныбының пар­тасына отырғызды. Ол сыныпта 15 бала бар екен, 16-болып мен қосылдым. Ол сы­нып­та кілең бас­шылардың балалары оқиды екен. Сынып жетекшіміз Қы­зылорданың атақ­ты дәрігері Ыдырысов деген кісінің зайы­­бы болды. Өзі – мәдениетті, келісті татар қызы, хи­мия пәнінің мұғалімі.

Біз ауылдан келген баламыз, қаланың ба­лалары мүл­де бөлек екен. Бұлар біз секілді са­бағын оқып, тым-ты­рыс үйіне қайта бер­мей­ді, мұғалімдермен айтысып-тар­тысып оты­рады. Кілең жұлқынып тұрған пәле. Бірде тіп­­ті физика пәнінен сабақ беретін мұға­лім­нің біліміне көңілі толмай директорға арыз­данып, оны бізге са­бақ беру құқығынан айы­рып, төменгі сыныптарға жі­берт­кізді. Сол бірге оқыған жігіттердің бәрі кейін бастық бол­­ды. Мектепті бітіруге тақағанда Алматыдан бір әйел келіп, шамасы жергілікті балаларды оқу­ға тартуға келсе керек, бізге «Алматының ме­динститутына бала жетпей жатыр, елімізге білімді дәрігерлер керек, сондықтан соған оқуға барыңдар» деп үгіт жүргізді. Менің әкем де шөптен дәрі жасайтын тәуіпшілігі бар, мол­да кісі еді, соның әсері болса керек − ме­нің де дәрігер болғым келді. Мектепті бітіріп ауыл­ға барсам, әкем мені үйлендіргісі келіп отырған екен. Менің есіл-дертім оқу. Сөйтіп, әрі-сәрі болып жүргенде бірде әкем ауылдағы бір кісінің үйіне «пәленшеде 300 сом ақша бар еді, соны алып келші» деп жұмсады. Ақ­ша­ны алып тұрып ойландым: «ауылда қалсам маған оқу жоқ, осы 300 сом маған Алматыға баруға жетеді ғой» дедім де Қызылордаға тар­тып кеттім, үйге айтпай. Қалаға барып құ­жаттарымды алдым да мектепті бітірген соң екі-үш жігітке еріп, пойызбен Алматыға тар­тып кеттім. Бұл – 1956 жыл. Алматыға түс­кенде, шынымды айтсам, қала көзіме тым қо­раш көрінді. 1-Алматы теміржол вокзалы біз­дің атамзаманда салынған Қызылорданың те­міржол вокзалының қасында вокзал деуге кел­мейді тіпті. Бұл маған біртүрлі әсер етіп, «Ел­дің астанасы дейміз, мынаусы қалай?» деп ой­ладым. 

Қасымдағы жігіттердің бірінің қазіргі Абы­лайхан көшесінде тұратын туысы бар екен, соған орналасып болып мединститутқа кел­сек, оқитын бала табылмай қараң қалып жат­қан түгі жоқ, институтта абитуриент де­ге­­нің толып жүр. Құжатты үш күн жүріп зор­­ға тапсырдық. Кейін білдік, біз тапсыр­ған­­да бір орынға 17 баладан келіпті. Инсти­тутқа 8 сабақтан емтихан тапсырып, өте ал­мадым. Ауылдан шыққанда 300 сом ақшам бар еді, советтің көне ақшасы ғой, соның 150 со­мына Қызылордадан пойызға мініп келгем, қал­ған 150 сомын Алматыда жатқан үйде ұрла­тып алған соң, қайтарда пойыздың төбе­сін­е мініп қайтуға тура келді. Ауылдағы әдет қой, билет жоқ болса вагонның төбесіне міне­тін. Пойыздың төбесінде бара жатқанда бас киімім ұшып кетті. Бірақ оған ренжімей, «бас киімімді алып қалды ғой, Алматыға тағы да келетін шығармын» деп жақсылыққа жо­рып қойдым.

– Елге оралған соң не істедіңіз? Оқуға де­ген ынтаңыз суып қалмады ма?

− Сонымен итшілеп Қызылордаға да жет­тік. Ақшасын қалтаға басып, рұқсатсыз кетіп қал­ған адамбыз, әкенің бетін көру қайда? Қа­лаға келген соң, қалайда ақша табудың қа­­мына кірісіп, сексеуіл дайындайтын жерге жұ­мысқа тұрдым. Бар ойым − қолыма ақша түс­се тағы Алматыға жету. Әлгі жерде екі жа­рым айдай жұмыс істеп, 2 жарым мыңдай ақ­ша таптым. Жездем өзіне жайлы, тілалғыш ба­ладан айырылғысы келмейді, «прорабтың оқуын не шопырдың оқуын оқы, өзім ақша­сын төлеп оқытамын» дейді. Мен қалай да мединститутта оқимын деймін. Ренжіп қал­ды. Бірақ сексеуілде жұмыс істейтіндерге бе­­­ретін бір машина отынды үйіне түсіртіп, ри­за қылып кеттім. Сөйтіп, Алматыға жеттім. Бір­ақ бұл жолы да мединститутқа оқуға түсе алмадым. Үшінші рет тағы да сол оқуға құжат тапсырған соң Алматыдағы №75 құрылыс тресіне жұмысқа тұрдым. Сонда мына Сайран көлі жоқ еді, соның орнын ойып жасанды көл жасауға қатыстым. Тас уататын агрегатта жұ­мыс істедім. Сөйтіп жүргенде 1958 жылы Мәс­кеуде қазақ мәдениетінің декадасы бола­тын болып, баспа мен баспахананың ара­сында барып кел, шауып келде жүретін ку­рьер керек болып жатыр дегенді естіп, соған жұ­мысқа өтіп кеттім. Баспаның бастығы – академик Мұхамеджан Қаратаев. Бұрын аты-жөнін сырттай ғана білетін қаламгерлерді көргеніме мәзбін. Бірақ ол кезде қаламгер бо­ламын деген ой жоқ. Мектептегі қазақ әде­биетінің оқулығын жазған Баламер Сахариев, Ай­қын Нұрқатов, Серік Қирабаев деген кісілерді көрдім. Мен оларды жасы жер ор­таға келген адамдар шығар десем, бар бол­ғаны бізден он-он екі жас қана үлкен жас жі­гіт­тер екен. Таңғалдым. Мұхаңдарды, Сә­бең­дерді көріп тұрам. Маған соларды көріп жүру­дің өзі бір романтика!

Айлығым – 60 сом. Курьермін. Өтебай Тұр­­манжанов деген баспада балалар бөлі­мі­нің бас­тығы. Сонда істейтін Мариям Хакім­жа­нова де­ген ақын апамыз, өзі бір ғажап адам, мені әң­гімеге тартып, әдебиет туралы не біле­тінім­ді сұрайды. Оқыған кітаптарымды сар­тыл­да­тып айтып беремін. Біраз уақыт өткен соң «ба­лам, әдебиетті жақсы біледі екен­сің, шы­ғар­ма жазуға талпын, өлең жаз, әңгіме жаз» дей­тін болды. Ол кезде әдебиеттің ауы­лы ма­ған тым алыс сияқты. Сондықтан Мә­риям апай­ға «Апа, мен жазушы болмаймын, ме­дик бол­ғым келеді» деймін ғой баяғы. Сон­да да ол кісі «медик болсаң бола бер, медик бо­лып жү­ріп те жазуға мүмкіндік табасың» деп үміт­тендіруден танбайды.

– Әдебиетке келуіңізге не себеп бол­ды? Қаламгерлер ортасында  жұмыс іс­теуіңіз­­дің әсері тиді ме?

– Бұл – өзі бір қызық. 1958 жылы «Бал­дыр­ған» журналы ашылды. Сонда белгілі балалар ақыны Әнуәрбек Дүйсенбиев ағамыз жұмыс іс­теді. Өзі нар түйедей ірі кісі. Қайратты. Күн­де көрісеміз, туыстай болып кеткен адам. Ан­да-мында жұмсаса жүгіріп кетем. Сол кісі бір­де «Сейфолла мен сені інімдей жақсы кө­ремін. Сен ше?» деді. «Аға, мен де сізді туған ағам­дай көрем» дедім. «Онда мен саған бір тап­сырма берем» деді. «Жарайды, жүгіріп алып келейін» деп жатырмын. Тапсырмасы, не­гізінен бір жарты алып келу ғой! «Жоқ, оны ай­тып тұрған жоқпын, − Әнекең. − Бұл жолы са­ған берілетін тапсырма − бір өлең не бір әң­гіме жазасың». «Ойбай аға, ол қолымнан кел­мейді» деп шыр ете қалдым. «Неге қолың­нан келмейді? Мына жерде жарты жылдан аса уақыт жұмыс істеп жүріп, ештеңе үйрен­бе­дің бе?» деп ренжігендей болды ағам. Сол кез­де алғашқы өлең кітабы жарық көріп, ақын болып желпілдеп жүрген Тұманбай Мол­дағалиев те Әнуәрбек ағаның сөзін қош­та­ғандай, «бірдеңе жазбайтын болсаң, бұл жерде неғып жүрсің, кетпейсің бе басқа жер­ге» деп отқа май құйды. Әнуәрбек ағам айт­қа­нын қыла қоймағаныма ашуланған болуы ке­рек, оң қолымен басымды орай құшақтап қы­сып тұрып, «жазасың ба?» деді. Болмайды дейін десем, қарулы қолы жанымды көзіме көр­сетіп бара жатыр, «жазайын, аға» дедім амал­­­­сыз. Ағам «саған он күн уақыт беремін, бір өлең не бір әңгіме жазып келесің, бітті!» деп қолын жаздырды.
Шынымды айтсам, оқушы кезімде бір-бі­рі­не сөз айтқан қыз-жігіттерді мазақтап өлең шы­ғарып, соның кесірінен таяқ та жегенмін. Одан өзге көркем шығарма жазу деген ой бол­ған емес. Ал мына тапсырмаға әбден ба­сым қатты. Шығарма және балаларға арналуы керек. Ойлана келе «Біріншіден не жаман, екін­шіден не жаман...» деп келетін халық тер­месінің ізімен балаларға арнап он шумақ өлең жаздым. Сосын өзімше ізденіп «Бидай сөйлейді» деген үш шумақ өлең шығардым. Қарасам, жаман емес сияқты. Екі өлеңді қал­тама салып алып жұмысқа кеттім. Бірақ оны шығарма ретінде қабылдайды деген ойым жоқ. Қабылдамаса да басым ауыра қоймайды, тек Әнуәрбек ағамның тапсырмасынан құ­тыл­сам болды. Он күннен кейін Әнекең «Әй ба­ла, тапсырма не болды?» деді. «Жоқ аға, жа­­за алмадым» деймін қысылып. «Сен ақы­мақ кімді алдап тұрсың, уәде бергенің қайда?» Со­сын амалсыз «Не жаман?» деген өлеңімді қы­сыла-қысыла ағамның қолына ұстаттым. Жұрт оқыса күле ме деп қорқамыз ғой баяғы. Бір кезде оқып шығып, «ой, айналайын, бізге ке­регі де осы еді ғой» деп қуанып, мені құшақ­тап, «жаза алады екенсің ғой, міне, тым жақ­сы өлең» деп мәз болып жатыр. Содан оны «Бал­дырғанға» апарып бастырайын десе, анау-мынауды жақтырмайтын редактор М­ұзафар Әлімбаев келісім бермейді, «мұндай өлең­нің керегі жоқ» деп. Сөйтіп жүргенде Мұ­зағаң демалысқа кеткенде Әнекеңдер жур­налдың бір материалын алдырып тастап, ор­нына менің өлеңімді салдырып жіберген. Со­дан редактор келіп айқай-шу болған. Бірақ басылар өлең басылып кетті. Ол кезде санаулы газет-журналдар ғана ғой бізде, олар­ға шыққанды елдің бәрі оқиды. Балалар жат­тап алған. Таныс-білістердің үйіне бар­сам, олар балаларына «Сейфолла ағаңның өлеңін оқы» дейді балаларына, олар зуыл­да­тып айтып шығады. Онымен де тұрмай әлгі өлең 3-сыныптың «Ана тілі» оқулығына еніп кет­ті. 
Ауылда Қанапия Дәрібаев деген ақын бар, сол ағам мені мазақтайтын: «20 жасыңда бір өлең жазып бүкіл Қазақстанға танылдың. Ен­ді 40-қа келгенде бір өлең жаз, атыңды күл­лі Советтер одағы білетін болады. Сосын 60-қа келгенде бір өлең жазсаң бүкіл әлемге та­ныласың» деп.
Сөйтіп әдебиетке келдік. Жиі жаза бас­та­дық. Топтама өлеңдерім 1961 жылы жас ақын­­­­­дардың «Жас дәурен» жинағына шық­ты. Кейін балаларға, үлкендерге арналған кі­таптарым шықты. Медик болу бұйырмады, 1966 жылы ҚазМУ-дің филология факультеті жур­налистика бөлімін сырттай оқып бітір­дім. Ауылдың қызымен бас қостым. Сол кезде әкем қайтыс болды. Сосын елден өгей ше­шем­ді алдырып едім, ол кісі бұл жақты жер­сін­бей, елге қайтып кетті.
Баспада жүргенде «Көк базардың» жа­нын­да қазіргі Қонаев көшесіндегі қазынаның ша­ғын пәтерінде тұрдым. Онда менен бұрын со­ғыста қайтыс болған ақын Абдолла Жұ­ма­ға­­лиев, ақын Қайрат Жұмағалиев тұрған екен.

− Журналистикада да біраз жыл ең­бек еткен екенсіз?

− Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін на­рық заманы басталды ғой. Сол кезде жұрт га­­­­зеттерге мақала жазғанды қойды. Себебі бас­пасөз баяғыдай қаламақы бермейді. Сол кез­де өндірте мақала жаздым. Тіпті, кей күн­дері екі-үш мақаладан жазған кезім бар. Екі жыл­дың ішінде екі жүзден артық мақала жа­­­зыппын. Ол барлық газетке басылып жат­ты. Кейін «Ара» журналында, «Түркістан» газе­тінде журналист болдым. Обалы не керек, «Түркістанды» ашқан Қалтай Мұхамеджанов ағамыз оны елге пайдалы үлкен газет қылды. «Түр­кістан» атауын біздің елге тән ұғымға ай­налдырды. Алайда сол кезде басылымның ти­ражын көтеру қиындау еді. Газетке не­гізі­нен Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда об­лыстарының оқырмандары зор қолдау көр­сетті. Зейнетке «Түркістан» газетінде істеп жү­ріп шықтым. Сондықтан бүгінде өздерің жұ­мыс істеп жүрген газет – маған өте ыстық, қа­д­ірлі басылым.

– Аудармамен де біраз айналысқа­ныңыз­ды білеміз. Соның бастылары ту­ралы айта кетсеңіз? 

− Мен Шығыс әдебиетімен бала жастан та­­­ныспын. Әкем кешкісін шамның жары­ғы­мен Мұхаммед пайғамбар туралы қис­са­лар­дан тұратын «Сияр-Шәріп» дастанын оқып бере­тін. Соның ырғағы құлаққа әбден сіңісті бо­лып қалған ғой, соның әсерімен пар­сы­ның ірі ақыны Әбдірахман Жәмидің шы­ғар­ма­ла­рын аудардым. Сөйтіп, кезінде шығыс әде­бие­тінің аудармашысы ретінде таныл­ға­ным бар.
Ғабит Мүсіреповтің ұсынысымен Қал­тай Мұхамеджанов араб әдебиетінің ор­та ғасырдағы классикалық шығармасы, әй­гілі «Мың бір түнді» аударды ғой. Түпнұс­қа­сында бұл шығарманың көлемі 200 томнан аса­ды екен. Оны Батыс елдері 12 том қылып ық­шамдап аударған ғой. Кейін 8 том болып қай­та шыққан. Сол нұсқасы орыс тіліне тәр­жі­меленген. Оны Қалағаң қазақшалады, өлең­дерін мен аудардым. Ол 12 мың жолдан тұ­ра­ды. 
Жалпы, біткен іске сыншы көп қой, «Мың бір түннің» 6 томы аударылып жария­лан­ған­нан кейін бір рецензия шықты. Онда Қала­ғаң­ның аудармасын мақтайды да, мен аудар­ған өлеңдерді әкесін танытып тұрып сынай­ды келіп. Бұл өлеңдерді Сағи, Тұманбайлар ау­даруы керек еді деп. Әрине, бұл екі ақын­ның мықты екеніне дау жоқ, бірақ олардың құ­лағына діни бояуы қалың Шығыс әдебие­ті­нің ырғақтары мен секілді жасынан сіңген жоқ қой. Ақындық шеберлік бір бөлек те, ма­териалды сезіну деген бөлек нәрсе емес пе? Со­ны түсінбеген сыншыға не дейсің енді? Ол тұ­ра берсін, содан бір он күн өткеннен кейін та­ғы бір ғалым-сыншы «Мың бір түн» туралы ма­қала жазып, менімен қоса Қалтай ағаның да аудармасын іске алғысыз етті. Бірақ ол бәрі­бір халықтың қазынасына айналды.
Арада біраз уақыт өткенде Қызылорда об­лысын Мұхтар Құл-Мұхаммед  басқарып тұр­ғанда сол өлкеден шыққан қаламгерлердің шы­ғармаларынан құрастырылған «Сырдария кітап­ханасы» деген сериямен 200 томдық кі­тап шықты. Соның 8 томына Қалағаң екеу­міз аударған «Мың бір түн» кітабы енді. Сол сериямен менің де 3 томдық өлеңдерім кітап бо­лып шықты. Айта кетейін, өзімнің поэ­зиям­ның өз қалауыммен дұрыс кітап болып шық­қаны сол болды.

– Түрлі тұлғаларға арналған кітаптар­ды да құрастырып шығарыпсыз. Бейнеті көп­теу бұндай жұмысқа жегілуіңіздің се­бебі не?

– Жалпы, үлкен тұлғалар халқы үшін қан­ша еңбек етсе де, онысын міндет қыл­ма­ған. Яғни, мен оны істедім, мұны жасадым деп жарияға жар салмайды. Бірақ олардың өмір­дегі өнегелі жолын өзгелер үлгі етуге тиіс қой. Мен мұны сезіне алған адамның бірі ре­тінде қазақтың атын шығарған, халқына адал еңбек еткен тұлғалардың азаматтығын дәріп­теу қажеттігіне көз жеткізіп, осы жолда аз­да­ған шаруа тындырғаныма шүкірлік ете­мін.
Біраз жыл «Қазақфильмде» аудармашы-ре­дактор болып жұмыс істедім. Сол кезде ки­но саласының мамандары туралы тереңі­рек біле бастадым. Абдолла Қарсақбаев деген мық­ты қазақ режиссері болды, керемет ки­но­лар түсірген. Ұлтына өте таза адам еді, жа­рықтық. Сол кісі туралы «Қазақ киносының Құ­лагері» атты естеліктер жинағын шығар­дым. Кезінде оның өмірдің шынайы бол­мы­сын ашып берген, жалғандықтан ада фильм­дері Мәскеуде кино оқуын оқып жүргендерге үлгі ретінде көрсетіледі екен.
Қалтай Мұхамеджановтың кім екенін қа­заққа таныстырудың керегі жоқ, ол кісінің ке­ремет әзілдері ел аузында аңыздай ай­ты­ла­ды. Тапқырлығы өз алдына бір керемет дү­ние. Сол туралы «Қалтайдың қалжыңдары» де­ген естеліктер кітабын шығардым, ішінде өзі­нің айтқан керемет қалжыңдары бар, екі рет басылып шықты. 
Жұбан Молдағалиев деген атақты ақы­нымыз бар ғой, «Мен − Қазақ­пын» атты поэмасы әлі оқылып, айтылып келе жатыр. Кезінде КСРО мемлекеттік сый­лығының лауреаты болған. Әйгілі Желтоқсан оқи­ғасы тұсында Колбинге тайсалмай қарсы шыққан батыр ағамыз. Сол кісі туралы ес­те­ліктер кітабы шықпаған екен. Соны Әбілмә­жін Жұмабаев екеуміз құрастырып шығар­ғы­мыз келіп еді, кеңес өкіметіне қарсы сөз сөй­легендіктен, оны шығарту мүмкін бол­мады. Бірақ бәрібір он жылдан кейін шы­ғар­туға қол жеткіздік. Басқасы басқа, Жұбанның жер­лестері де ол кітапты («Мен − Қазақпын») жалғанның жарығына шығаруға тәуекел ете ал­мағанда «Білім» баспасының директоры Жа­рылқасын Нұсқабаев «әкеліңіз, шығара­мыз» деп азаматтық көрсетті. Кітаптың құ­рас­тырушысы болдым, алғы сөзін, соңғы сө­зін жаздым, ішіне өзімнің жазған бір ма­қаламды енгіздім. Сөйтіп, қазақтың бір тұл­ғалы ақынының алдындағы інілік пары­зым­ды өтедім.
Қазақта адамдық болмысы таза, ұлтын сүйе­тін қаламгер деп мен өзім көргендердің ішін­де Қалжан Нұрмаханов пен Тахауи Ахта­новты айтар едім. Екеуі де сондай бір ғажап жан­дар еді, көңілінде кісіге деген қылаудай арам­дығы жоқ. Тахаңның 90 жылдығы тұ­сын­да қасыма Бекарыстан Мырзабай, Сәмен Құлбарақ деген жігіттерді алып, «Арыстан жалды заңғар жазушы» деген естеліктер кі­табын шығардым. Кітаптың атын да өзім қой­дым. Ол да Жарылқасын Нұсқабаевтың бас­пасынан шықты. Кітапта Тахауидың қа­лам­герлік, азаматтық тұлғасын жарқыратып ашып көрсеткен материалдар мол. Мәселен, алғысөз ретінде берілген ұлы Мұхтар Әуезов­тің Тахауиға жазған хаты керемет қой. Өзім­нің естелігімде де оның Мұқағали мен Бер­ді­бек Соқпақбаевқа қандай азаматтық жаса­ға­нын жаздым. Жақсының жақсылығын айт­қан­ға не жетсін!
Қазақ қаламгерлері туралы көп мақала жаз­дым. Төрт том болып тұр. Соның «Қанаты қыр­қылған қырандар» деген бір кітабы ғана ж­арық көрді. «Бала болмай дана боп туғандар» деген екінші кітапты баспаларға тапсырып едім, хабар жоқ. «Ағалар жолын қуғандар» де­ген үшінші кітап та құрастыруын күтіп жа­тыр.

− Сіздің шығармашылығыңыздың бас­тауы өткен ғасырдың 60-жылдарында ж­атыр ғой. Сол кезде поэзиямызға ке­ліп, танымал тұлғаларға айналған бел­гі­лі ақындар туралы сұрағымыз келіп отыр...

− Ол кездегі ақындардың біразымен жүз­дес­тік, біразымен жақын араластық. Бәрі ту­ралы жаздым, соның ішінде Өтежан Нұр­ға­лиевке 4-5 мақала арнадым. 
Қайбір жылы осы қалада бір өзеннің жа­нын­да Сәрсенбек Жұмабеков деген шиелілік ақын жігіт екеуміз пәтерде тұрдық. Бізге жа­қын жерде Өтежандар тұрды. Ол кезде Өте­жан сұмдық ақын, өлеңдері керемет. Анау-мынауға мойын бұрмай, шалқақтап жүреді. Бір күні Сәрсенбек сыртқа шығып кетіп еді, іле қайтып кіріп «Сәке, сені Өтежан шақырып жа­тыр» деді. Барсам Өтежан «Сейфолла, мені бір азамат шақырып, жиырма шақты жігіт ер­тіп кел деп еді,  адам таппай тұрмын, соған бір­ге барып, сыйын көріп қайтайық та» деді. Со­нымен Өтежан бізді Панфилов паркіндегі рес­торанға бастап барды. Ол жерде он бестей адам жиналды. Бір кезде бір ірі жігіт келіп, бәрі­мізбен амандасты да, кіріңіздер деді. Рес­торанда біздерден басқа ешкім жоқ. Әлгі жігіт та­мақ, су, шарап әкелгендерді басқарып жүр. Ара­сында өзі де оларға қолғабыс жасап қоя­ды. Төрде Өтежан отыр. Бір кезде жаңағы тұл­ғалы азамат бір құшақ «Социалистік Қа­зақ­стан» газетін әкеліп, Өтежанның алдына қой­ды. Ол газетті бәрімізге бір-біреуден ал­ғыз­ды. Қарасақ, газеттің бірінші бетінде 6 шу­мақ өлең басылыпты, астында Мұқағали Ма­қатаев деген аты-жөн тұр. Өтежан бізге ірі жі­гітті көрсетіп, «Мұқағали Мақатаев осы, мы­на өлеңін бізге жуып отыр» деді. Сөйтсек, біз­ді шақырған Мұқағали екен. Кезек-кезек тост айтып, арақ-шарапты алып қойып, та­мақ­ты жеп болған соң Мұқағали Өтежанға қа­рап «Ал батаңды бер» деп еді, Өтежан: «Оқи бер, оқи бер − білімді боласың, жаза бер, жаза бер − үлкен ақын боласың, аллаһу әкпар!» деп бе­тін сыйпады. Бір өтірігі жоқ, өз көзіммен көр­генім осы! Мұқағалиды да алғаш көргенім сол. Мұқағали өте ақ көңіл жақсы жігіт еді. Кейін аты шығып, атағы дүрілдеуінің бәрі сол адал­дығының арқасында шығар деп ойлай­мын.
Төлеген Айбергенов ерекше аруақ­танып жүре­тін. Бір жерге барса, біреу тост айтып не сө­йлеп жа­тыр ма, оған қарамай, кезексіз сөй­­леп, өзі өлең оқып билеп-төс­теп кете бе­ретін. Ол туралы жаз­ғаным бар.

Өмірзақ Қожамұратовты көрген жоқ­пын, өлең­дері­нен үлкен кеңістік кө­­­рініп тұра­тын. 60-жылдардың біраз ақы­ны әлі кібіртіктеңкіреп тұрған­да, соларға әсер етіп, солардың ақын­ды­ғына серпін берген Өмір­зақ поэзия­сы болатын. Оны көп жұрт айт­қысы кел­мейтін шығар, бірақ адал зерт­теп қараған адам болса оны сезінер еді. Ал­ма­тыда аз ғана уа­қыт бір ақын әйелмен тұр­ған кезінде, со­ның үйінде біраз өлеңдері қа­лып кеткен де­генді есіттім...

Сағи Жиенбев тамаша лирик ақын еді. Қа­дыр мен Жұмекен − философ ақындар. Бә­рі­нің де мұрасы ұлттың асыл қазынасына ай­нал­ды ғой.

− Үстеліңіздің үстінде жинақталып қал­­ған қолжазбаларға қарасам, қызу бір іске кірі­сіп жатқан сияқтысыз?

– Жас та ұлғайды. Денсаулық та онша емес, бір көз көрмейді, алайда бітіретін шаруа аз емес. Кезінде онша мән бермедік пе, әлде өмір­дің қарбаласынан қол тие қоймады ма, жи­нақтауым керек көп дүниелерім бар екен. Ара­сында өзімнің жазған әдеби мақала-есте­лік­терім, жұрттың мен туралы жазғандары бар­шылық. Соларды шетінен реттеп, жи­нақ­тап, кітапқа айналдыруға қам жасап жатыр­мын. Көптомдығымды шығарсам ба деген ой бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан 
Ахмет ӨМІРЗАҚ