«Биші шәкірттерім әуенді көзбен «естиді» –  Ольга Ростовщикова

Құлағында мүкісі бар өнерпаздардың басын қосқан шығармашыл топ халықаралық сахналарды бағындырып жүр.

«Биші шәкірттерім әуенді көзбен «естиді» –  Ольга Ростовщикова
Turkystan.kz
2651

Әуенді құлақпен естімесе де, жүрекпен сезіне алатын «Sensitive» театрының бишілері 18 жылдан бері әлемдік додаларда топ жарып жүр. Олар ерекше қабілет пен қайсарлықтың арқасында көпшіліктің көзайымына айналып үлгерді. 

«Sensitive» театры – құлағында мүкісі бар өнерпаздардың басын қосқан шығармашыл топ. Топ қатарында Петропавлдағы облыстық есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы түзету мектеп-интернатының оқушылары мен түлектері өнер көрсетеді. Тurkystan.kz тілшісі театр жетекшісі Ольга Ростовщиковадан ерекше балалармен жұмыс істеудің қиындығы мен қызығы туралы сұрап, хабарласқан еді. 

«2006 жылы маған аталған мектеп-интернатқа спорттық би түрінен педагог болуға шақырту келіп түсті. Ол кезде Өнер колледжінің екінші курс студенті едім. Алғашында ұстаздық етуде тәжірибем болмағандықтан, қатты қорықтым.  Хореография тілін, ырғақ пен музыканы сезіндіруді, тіпті оқушылармен қалай сөйлесетінімді де білмедім. Бірақ өзімді сынап көргім келді. Балалармен алғаш рет кездескенде сасқалақтағаным әлі есімде. Түрлі қиындықтар болды. Бірінші жылы бір-бірімізбен қалам мен қағаз арқылы жазбаша әңгімелесіп жүрдік. Уақыт өте келе балалар маған ишарат тілін, ал мен оларға би билеудің қыр-сырын үйретіп, оңай тіл табысып кеттік», – деді О. Ростовщикова.

Хореограф шәкірттерімен қарапайым бишілер сияқты жұмыс істейтінін айтты. Ол өзін бір кездері қалай үйретсе, шәкірттерін дәл солай үйретеді. 

«Қазір бір-бірімізді көзбен түсінеміз, тіпті олар көзбен естиді деп айтар едім. Менің бет-әлпетімдегі қимыл-қозғалысымнан-ақ барлығын түсініп қояды. Балалар қимылды тез есте сақтап қалсын деп, өзім де бірге билеймін. Бұл – ең оңай жол. Ал ырғақты жақсырақ сезіну үшін жалаңаяқ билететін кездер болады. Кейде ырғақты саусақпен санап, көрсетіп тұрамын. Оқушыларымды мүмкіндігі шектеулі жан деп санамаймын. Оларды өте жақсы көремін. Дегенмен жұмыста түрлі қиындық бар. Басты кедергі – музыкалық жағы. Олар жылдам немесе баяу би екеніне қарамай, ырғақты сақтауы, ырғақтан ауытқымауға тиіс. Міндетім – оларға биді музыкалық түрде орындату. Бұл біздің басты ерекшелігіміз», – деді ол.

Ольга Ростовщикованың айтуынша, бір биді дайындау үшін музыканың күрделілігіне байланысты бір айдан алты айға дейін уақыт кетеді. Оқушылар аптасына 5-6 рет үш-төрт сағаттан жаттығады. Егер жарысқа дайындалатын болса, күніне екі рет жаттығуға тура келеді.

Ансамбль құрамында тәжірибелі және жаңадан бастаған 40-қа жуық биші бар. Олар 5 топқа бөлінген. Ольга әр күнін оқушыларымен өткізеді. Ересектермен кешке, жасөспірімдермен түстен кейін жұмыс істейді.

«Үлкен құраммен 17 жыл жұмыс істеп келемін. Олар заманауи хореографияны жақсы көреді. Еуропалық, латын америкалық биді билейді. Оқушыларым би десе ішкен астарын жерге қоюға дайын. Олар өздерінің қарым-қабілеттерін үнемі халықаралық дәрежедегі жарыстарда дәлелдеп жүр. Ең кіші топта 5 жастағы балалар өнер көрсетеді. Олармен күніне 20-30 минут дайындаламыз. Кездескен сайын мені құшақтап қарсы алады. Мен бұдан рахаттанамын. Дәл осы топқа сенім артамын, осы топтан үміт күтемін. Олар «Ча-ча-чаны» да, «Самбоны» да игеріп, меңгеріп алды. Ортаншы топ Алматыда еститіндер арасында өткен халықаралық байқауда өзгелерден оқ бойы озық болды. Қырғызстанға «Наристе» фольклорлық фестиваліне барғанда да топ жарып, бірінші дәрежелі лауреат атанды. Олар Испан хореографынан арнайы шеберлік сабағын алды», – деді хореограф.

Ольга Ростовщикова қызметін мұғалім болып бастаған кезде қазіргідей  жетістікке жету үш ұйықтаса да түсіне кірмегенін айтты. 
Айта кетерлігі, «Sensitive» театры елімізде ғана емес, шет мемлекеттерде ұйымдастырылған байқауларда жеңіске жетті. Бастапқыда мектепішілік іс-шараларға қатысып, кейін қалалық, облыстық байқауларда бақ сынады.

Театр ұжымы – елімізде өткізілетін Ұлттық Дельфий ойындарының 2 дүркін  жеңімпазы. Қоржынында 35-тен астам жүлде бар. Олар Болгария, Ресей, Италия, Испания, Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері мемлекеттерінің сахнасында өнер көрсетті.
Ең есте қаларлық және маңызды байқаулардың бірі – АҚШ-та өткен XXV Дүниежүзілік чемпионат болды. Мұнда «Sensitive» театры Гран-при жеңіп алды. 

Бұл – би ұжымының ең үлкен жетістігі. Шілде айының соңында өткен халықаралық би жарысында 72 елдің 3 мыңнан астам бишісі кім мықтыны анықтады. Еліміздің намысын қорғаған «Sensitive» ұжымы АҚШ, Ирландия, Франция, Аустралия, Оңтүстік Африка Республикасы, Тайланд, Канада, Германия және басқа да елдердің он екі мүшесі сау бишілерімен қатар өнер көрсетіп, жеңіске жетті. 
Ольга Ростовщикова естімейтін балалар хореографиялық және актерлік шеберлік бойынша білім алуы керек дейді.

«Олардың шеберлігін шыңдап, талантын дамыту қажет. Сабақта балаларға білім алуға көмектесетін сурдоаудармашы болуы тиіс. Егер әр аймақта кем дегенде 8-10 адам білім алса, онда студия ашып, есту қабілеті нашар балаларға білім беруге болады. Мен Қазақстанның басқа аймақтарында  «Sensitive» сияқты ансамбльдердің құрылғанны және болғанын қалаймын», – деп түйді ойын хореограф.

 

Серіктес жаңалықтары