Мемлекет басшысы қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтауды тапсырды

/
Мемлекет басшысы қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтауды тапсырды
Ақорда

Бүгін Астанада өтіп жатқан Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында Мемлекет басшысы халқымыздың өшпес мұрасы мен рухани байлығы қағаз бетінде емес, цифрлық кеңістікте сақталуға тиіс екенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Ең біріншіден, алдымызда қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтау міндеті тұр. Жалпы, біз қазақ тілінің сөздік қоры өте бай деп жиі айтамыз. Мұның шындық екені де күмәнсіз. Әдеби-мәдени мұрамыз да ұшан-теңіз. Алайда сол дүниенің көбі кезінде цифрлық жүйелерге толық әрі сапалы көшірілді деп айту қиын. Сол себепті мұрағатта немесе кітапханаларда ғана сақталған қазақ тіліндегі кітаптарды, мерзімді басылымдарды, аудио-бейне жазбаларды, мұрағат (архив) және мұражай (музей) қорларын цифрлық форматқа көшіру ісін қайта жандандыру қажет. Халқымыздың өшпес мұрасы мен рухани байлығы қағаз бетінде емес, цифрлық кеңістікте сақталуға тиіс. Келешек ұрпақ осы игі істің жақсылығын көреді. Бұған қоса, инженерия, медицина, құқық, экономика, жаратылыстану сияқты түрлі ғылымды және ақпараттық технологияларды қазақ тілінде үйренуге барынша қолайлы жағдай жасалуы керек. Бұл тұста, ең алдымен, сапалы оқулықтар мен оқу құралдарын даярлауға баса мән берген жөн. Өкінішке қарай, бұл мәселе бойынша көп қателік жасалды, олқылықтар да аз емес», – деді Президент.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар