Президент «Қазақ тілі» қоғамы жүзеге асырған Oxford Qazaq Dictionary жобасына жоғары баға берді

/
Президент «Қазақ тілі» қоғамы жүзеге асырған Oxford Qazaq Dictionary жобасына жоғары баға берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында БҰҰ-ның ресми тілдерімен жалғайтын екі тілді және көптілді сөздіктер әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Қазақ тілін халықаралық тілдер қауымдастығында өз орны бар тіл ретінде дамытуымыз керек. Ана тіліміздің өзге тілдермен байланысын қамтамасыз ету өте маңызды.

Осы орайда, «Қазақ тілі» қоғамы жүзеге асырған Oxford Qazaq Dictionary жобасын жалғастыру керек деп есептеймін. Мен өзім бұл сөздікті қарап шықтым. Жалпы, пайдалы еңбек деп санаймын.

Қазақ тілін Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі ресми тілдерімен жалғайтын сапалы екі тілді және көптілді сөздіктер әзірлейтін уақыт келді. Қазақ-француз, қазақ-испан, қазақ-қытай, қазақ-араб, сонымен қатар, қазақ-неміс, қазақ-итальян, қазақ-жапон, қазақ-корей, қазақ-парсы сөздіктерін жасау қажет. Қазақ-орыс сөздігін уақыт талабына сай жаңартқан жөн.

Сөздіктердің электрондық нұсқасын әзірлеп, үнемі толықтырып отыру керек.

Тілдің халықаралық байланысын нығайту арқылы мәдени және ғылыми ықпалдастыққа жол ашылады, еліміздің зияткерлік әлеуеті артады», – деді Мемлекет басшысы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар