Сәкен Бибосынов спартакиаданың үздік боксшысы атанды

Ол 51 келі салмақ дәрежесінде өзінің үздік екенін дәлелдеді

Сәкен Бибосынов спартакиаданың үздік боксшысы атанды
gov.kz
1309

Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов Қазақстан спартакиадасының үздік боксшысы атанды, деп хабарлады turkystan.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

Түркістан облысының өкілі олимпиадалық салмақ болып есептелетін 51 келі салмақ дәрежесінде өзінің үздік екенін дәлелдеді. 

Сәкен жартылай финалда батысқазақстандық Даниал Сәбиттен басым түсті. Ал шешуші бәсекеде тағы бір әлем чемпионы, астаналық Санжар Тәшкенбайды жеңді. Төрешілер бұл кездесуде 5:0 есебімен Бибосынов жеңіске жетті деп есептеді. Осылайша ол екінші рет қатарынан Қазақстан спартакиадасында жеңіс тұғырына көтерілді. 

Тағы бір салмақта әлем чемпиондары шаршы алаңға шықты. Астаналық Нұрбек Оралбай 80 келіге дейінгі салмақта маңғыстаулық Бекзат Нұрдәулетовті қапы қалдырды. 

Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын айтулы бәсекеде 13 салмақта 176 спортшы бақ сынады.

Жарыс қорытындысында Сәкен Бибосынов турнирдің үздік боксшысы атанды. 86 келіге дейінгі салмақта қарсылас шыдатпаған астаналық Темірлан Мұқатаев турнирдегі жаңа есімдердің бірі деп танылды. Тілек Манап спартакиаданың ең үздік төрешісі ретінде марапатталды. 

Жалпы есепте 3 алтын, 2 күміспен Астана қаласы боксшылары топ жарды. Жамбыл (3 алтын), Түркістан (2 алтын, 2 күміс, 1 қола) облыстары үздік үштікке ілікті. Ақмола облысы (2 алтын, 1 күміс, 1 қола) төртінші орынға табан тіреді.

Серіктес жаңалықтары