Ахтанов жолы − ақиқат жолы

Біз бүгін осының бәрін қа­зақ­тың тұлғалы қаламгері Тахауи Ахта­нов­тың өмірі мен шығармашылығынан көре ала­мыз.

Ахтанов жолы − ақиқат жолы
ашық дереккөз

Сөз өнері – тағдырдың көркем бейнесі: жү­­рек­ке ерекше әсер еткен жайлар­дың сырлы баяны, жан толқынысының нә­зік ды­бысы, сана тереңіндегі түйсіктің сүйін­ші­лер қуанышы мен қауіп ойлатар дабылы. Алайда осынау тылсым әлемнің құшағы кез келгенге ашыла бермейтіні бар. Себебі көзің көр­ген мен естігенді не оқығанды ой көрі­гі­мен ерітіп, салқын ақылдық қалыбына са­ла тұра оны сезімнің түрлі-түсті бояуымен жан бі­тіре өрнектеу – қиынның қиыны.

Асылында адам өнерді таңдамайды, өнер адам­­ды таңдайды. Өйткені адамның таңдауы бел­гі­лі бір мақсат-мүдденің жетелеуі болса, өнердің таң­дауы − талабыңды сыннан өткізе отырып бол­­мысыңды өзіңе таныту. Бұл деген сенің неге икем­­ді, неге қабілетің барына көз жеткізіп, келе­ше­­гіңе жол салу. Талант деп, тағдыр деп жататы­ны­­мыздың тылсымында осындай сыр бар.

Айталық, табиғатта сирек кездесетін «са­мородок сары алтынның» заттық тұрғыдан аса бағалы екеніне дау жоқ, бірақ ол зат күйін­де ғана бағалы. Ал егер шын зергердің қо­лына түссе, өнер мүлкіне айналып, бәсі ар­тып, құны қымбаттай түспек. Сөз өнеріне ту­мысынан жақын, соған ғұмырын байлаған самородоктардың да тағдыры – осы. Айыр­ма­шы­лығы − самородок та, зергер де – өзі.
Адам тағдырының алғашқы ширегі кө­бі­не өмірдің ауыртпалығын көру арқылы фәни дү­ниенің сырын танумен: ғажабына таң­дану­мен, қажытар қиындығына кіжінумен өтеді, сөй­те жүріп көзі ашылып, көкірегі оянады. Бір­ақ соның бәрі көкейге жыр болып құйы­лып өткеннің өкпе-ренішін жуады да, тазар­ған жан болашағына батыл қадам басады. 
Ендеше, осы арада ұзын сөзді қысқарта тұ­жырсақ, біз бүгін осының бәрін қа­зақ­тың тұлғалы қаламгері Тахауи Ахта­нов­тың өмірі мен шығармашылығынан көре ала­мыз.
«Үлкен жазушы болу үшін талант, білім­мен қоса, бақытсыз балалық керек» деп Эр­нест Хемингуэй айтқандай, Ахтановта осы­лар­дың бәрі болды.
Ата тегіне көз салсақ, арыда әйгілі Көтібар ба­тырға аталас болып келетін Тахауи Ахта­нов осыдан жүз жыл бұрын ашаршылық за­ман­да Ақтөбе өңірінде дүние есігін ашып, ба­лалық шағын көп қиындықпен өткізген. Бір кезде дәулетті отбасы болған Тахауи әуле­ті енді орнап күшіне мініп келе жатқан бо­ль­шевиктердің қазаққа көп қысастық жаса­ған теріс саясатының кесірінен анда-мында көп қоныс аударып, байыз таппайды. Қызыл өкі­мет бар малын тартып алған 1929 жылғы кәм­пескеден айдалып кетпей әупірімдеп аман қалған Тахауидың әкесі Ахтан жанына пана, болашағына сая іздеп, отбасын алып ағайындарымен бірге Бесқалаға − қарақалпақ еліне көшіп кетеді. Сөйтіп, 1925-1932 жыл­дары Қарақалпақстанның астанасы болған Төрткүл қаласына ат басын тірейді. Тахауи алғаш білім есігін сол жерде ашады. Алайда ол жақты басып кеткен босқындарды еліне қайтару кезінде үй басына берілетін екі шелек қызылша (азық-түлік көмегі) мен қай­ту қаржысын алған қазақтар қатарында Ах­тан отбасы да 1933 жылы туып-өскен ме­ке­ніне оралады. Сол жылы күзден бастап Тахауи Жарөткел ауылында (қазіргі Ақтөбе об­лысы Әйтеке би ауданына қарасты Қарабұ­тақ ауылдық округі құрамындағы ауыл) ин­тер­натта жатып оқып, білімін жалғас­тырады. Алайда 1935 жылы Тахауидің әкесі Ахтан дү­ние салады. Әке қайғысы ширата түскен ба­ла тағдырдың бұл ауыртпалығына мойы­май білімге бас қояды. Сабақты жақсы оқиды, мектептегі қабырға газетіне мақала жазып, қа­ламын ұштайды. Сол кезден бастап бола­шақ үлкен ақын Қуандық Шаңғытбаевпен дос болып, әдебиет жайында екеуара қызыл­кеңірдек болып айтысып жататыны көз­көр­гендердің естелігінде жазылған.
Сол кездерде-ақ аудандық «Кызыл ту» га­зетіне ѳлең, мақала жазып, редакция қызметкерлерімен жақын араласқан Тахауи, мектеп бітірісімен сонда жұмысқа тұрады. Екі ай жұмыс істеген соң айлығын алып, 16 жа­­­­сында білім іздеп Алматыға кетеді. 1940 жы­лы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік пе­дагогикалық институтына оқуға түсіп, екін­ші курста оқып жүргенде ІІ дүниежүзілік со­ғыс басталып, 1942 жылы Ахтанов өз қа­лауы­мен әскер қатарына алынады. Олар мін­­ген пойыз  21 қазанда Ақтөбеге біраз ір­кі­ліп, туыстарымен қоштасып, майданға ат­танады. 
Мәскеу түбіндегі Қырымдағы қанды қыр­ғын­дарға қатысып, соғысты Кенисберг (Ка­ли­нинград) қаласының түбінде аяқтайды. Со­ғыста жараланса да аман қалып, екі мәрте Қы­зыл Ту және ІІ дәрежелі Отан Соғысы ор­ден­дерімен марапатталады. Соғысты аман-есен аға лейтенант шенімен аяқтаған Тахауи 1945 жылы еліне бір айлық демалысқа келеді. Кейін қайтадан армияға кетіп, әскери қыз­ме­тін жалғастырады. 1947 жылдың басында еліне демалысқа келгенде Ақтөбе қаласында бо­лашақ жары − қазақ арасында туып-өскен, қа­зақтың тілі мен салт-дәстүрін бір кісідей біле­тін татар қызы, Қызылорда қаласындағы мұға­лімдер институтын бітіріп келіп, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұ­мыс істеп жатқан Гүлшарамен танысып, сол жылы жазда отау құрады. Сөйтіп, зайы­бымен бірге өзі қызмет атқарып жатқан Аш­ха­бат қаласына кетеді.
Әскери қызметінен кейін Т.Ахтанов Ал­ма­тыға оралып, біржола шығармашылық жол­ға түседі. Әр жылдарда Қазақтың мемле­кет­тік көркем әдебиет баспасында, «Қазақ­фильмде», «Әдебиет және Искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналында, Жазушылар одағы­ның Қарағанды бөлімшесінде, ҚазКСР Ми­нистрлер советінде түрлі қызметтер ат­қара­ды. Сондай-ақ «Жұлдыз» журналында бас ре­дак­тор, Республикалық Кітап палатасында дирек­тор болып еңбек етті.
Көптеген қаламгер секілді Тахауи Ахта­нов та қаламгерлігін өлеңнен бастаған. Өлең­де­рі соғыс кезінде майдандағы газеттерде жа­рияланып тұрған. 1949 жылы белгілі ақын Қалижан Бекхожиннің алғысөзімен шыққан «Жас­тар дауысы» атты Қазақстан жас ақын­дары­ның таңдамалы өлеңдері мен поэма­лары­ның ұжымдық жинағында кейін қазақ­тың белгілі ақындарына айналған Х.Ерғалиев, С.Сейітов, А.Шамкенов, М.Әлімбаев, Ж.Өмір­беков, Б.Аманшин, Н.Шәкенов, Қ.Ыдырысов, т.б. қаламгерлермен бірге Тахауи Ахтановтың 16 өлеңнен тұратын «Майдан лирикалары» топтамасы жарияланған. Бірақ ол осыдан кейін поэзия ауылына ат шалдырмады. Неге? Оның себебін жазушы 1964 жылы жария­ланған «Ақын мінезі» деген мақаласында былай баяндайды:
«Қасыммен 1947 жылы жас жазу­шы­лар­дың мәслихатында таныстым да 1948 жылы әс­керден босанып Алматыға келген соң ақын өмі­рінің соңына дейін жұп жазбай дос бол­дық. Осы жылдардағы талай шығармалары­ның қалай туғанына куә болдым. Көп өлең­дері­нің тұңғыш тыңдаушысы да болып едім. Әри­не, жиі араласып бірге жүргендіктен оның көп мінездері үйреншікті болып, біраз жайт­тарды елемеген де сияқтымын. Дегенмен уа­қыт елегінен өтіп, екшеліп қалған ақын өмі­рінің елестерінен естелік жазбақ ойым бар. Әзірге Қасым мінезінің бір ғана қырын − оның адал, мәймөңкесіз тура кісі болғанын аңғар­татын бір-екі эпизодты айтқым келеді.
Алматыға келген алғашқы жылдары Қа­сым­мен көрші тұрдық. Екеуміз күнбе-күн кез­десіп тұратынбыз. 1949 жылы «Жастар дауы­сы» деген атпен жас ақындардың ортақ жи­нағы шықты.
Соның ішінде менің де өлеңдерім бар еді. Қа­сым сол өлеңдерім жөнінде маған ешнәрсе айт­паған-ды. Бір күні көшеде келе жатып ма­ған:
− Тахауи, мен саған бір сөз айтайын, − де­ді. − Жуырда «Социалистік Қазақстанда» «Жас­тар даусы» туралы менің мақалам шы­ғады. Сен менімен дос болғандықтан, жылы сөз дәметіп өз атыңды іздейсің ғой сол мақа­ла­дан. Бірақ сен одан өз атыңды таба алмай­сың. Мен сенің өлеңдерің туралы еш нәрсе айтқаным жоқ.
− Ендеше өзіме айт пікіріңді, Қасеке, − де­дім мен.
− Соны өзіңе айтайын деп келе жатырмын ғой. Сенің өлеңдеріңде ой бар, әп-әдемі пікір де бар, − деп Қасекең аз емеусіретіп алды да сөз аяғын қатайтып жіберді. − Бірақ сөздерің оралымсыз. Еркін төгіліп тұрмайды. Өлең табиғаты музыкадай сыңғырлап, құйылып тұр­ған ұшқыр сөзді қалайды.
− Сонда, Қасеке, өлеңде ой болмау керек пе, − дедім мен, шамасы сасқаным болу керек.
− Ойдың көкесі өлеңде болады, бала. Ойың қанша терең болса, соншалық тілге жеңіл болу керек. Жұрт тамсанып, бірден жат­тап алғандай болсын. Өлеңде екі сөздің ара­сынан ұшқын шашырап тұрсын. Олай бол­маса сөздің қиыспағаны.
Қасекең содан кейін иығымнан құшақ­тады да өзінің жайдары күлкісімен жымия қа­рап:
– Асылы, сен өлеңді қойғаның дұрыс. Бас­қа жанрға ауыс, − деді.
«Сен ренжіме», «көңіліңе ауыр алма» деп ме­ні жұбатқан жоқ. Қасым мәймөңкені біл­меу­ші еді. Шындықты көзге бақырайтып ай­та­тын да, көтере алмаса «жасық неме» екен ғой деп ондай адамнан түңіліп кететін.
Қасымның осы сөзінен кейін мен өлең жа­зып әлек болмадым».
Қасым Аманжоловтай арқалы ақынның жа­нашыр сөзінен кейін Тахауи Ахтанов қара сөз­ге бет бұрады. Сол жол оған құтты болып, аз уақыттың ішінде қазақтың қабырғалы қа­лам­геріне айналды. 
Ахтановтың прозадағы тырнақалды туын­дысы − «Күй аңызы» атты әңгімесі.  Әң­гі­меде өнерпаз адам­ның трагедиясы айта қа­л­арлықтай әсер­лі суреттелген. 
Жұт болған жылы жалғыз түйесінің бо­тасы өліп, аузына тиер ақтан ай­рыл­ған, көшкен жұртта отырған жалғыз үйге түскен күйші Естемеске (қасында шәкірті Ора­­­зымбет бар) оның өнерінен хабардар үй иесі ботасынан айрылып боздап қалған аруа­насын күймен иітіп бер деп қолқа салады. Шал­дың Жаңыл атты бойжеткен қызы бар екен. Өмірі ел аралаумен өткен күйшінің көзі соған түсіп, ол да шалға өз қолқасын астарлап жеткізеді. Үй иесі де күйші аруананы иітсе, қы­зын оған қосатынын емеурінмен білдіреді. Сөйтіп, жасы елуден асса да отау құрмай, өмірі өнер қуып, ел аралап өткен Естемес тәуекелге бел буып, домбырасын қолына алып, күңі­ренте толғай бастағанда ботасын жоқтап боз­дап жүрген аруана да иіп қоя береді. Бірақ... Иә, әке кесімімен тағдыры тығырыққа тірелген қыз Естеместің мерейі үстем бол­ғанын қаламайды. Туындының осы бір тұсын жазушы былай суреттейді:
«Естемес күйге елігіп, өзге дүниені ұмы­тып кетті. Талайдан бері арқаны құрыстатып, кеудені кернеп, булықтырып жүрген нәрсе түйіні шешіліп, қыртысы таралып, жанын сергітіп, әсем сазды күй болып дүниеге келе жа­тыр. Сарылып іздегені оңай табылып, шие­ленісіп қинағаны тез шешіліп,  күйші көңілі де күй қанатына ілесіп алысқа самғады. Сәл  иі­ліп, талдырмаш тұлғасы әсем майысқан қыз бұлдырап алыстап, биіктеп кетеді. Сонау көкжиектен, сағым арасынан сыңғырлап күліп, еліктіре шақырғандай болады. Күйші көңілі соған талпынады.
Естемес қиялының сергіп,   нарға қарады. Нар­дың тақырдай қатып қалған қайыс жоны жұмсарып,  қан жүгіргендей. Денесі тіршілік дірілі еніп, бір-екі рет қозғалып теңселгендей де болды. Жаңағы қадалған қырқадан басын бері бұрып, үлкен көзі жасқа толып, жаудырап тұр екен. Күйші осы кезде   күй ырғағын баяулатып келіп, ақырын дірілдетіп көтерді де, ботадай боздатып жіберді. Анадан айрыл­ған жас ботаның алғашқы зарлы үні үзіліп-үзіліп шығады. Аруана осы тұста бір ыңырай­ды. Естемес оны да домбыраның ішегіне  іліп әкетті. Күйші көзі Жаңылға түсті… Қыз нар­дың емшегін қысып ұстап қатып қалыпты. «Апыр-ау, бұл неге саумай тұр?», – деп ойлады Есте­мес. Нардың желіні тырсиып барады.  Сәл­ден кейін жалт   еткен арманынан айры­лып қалғандай күй тағы бір талпынды. Есте­мес Жаңылға енді бір қарағанда, сығымдап қысқан сүйріктей ақ саусақтың арасынан  шым-шымдап сүт тамып барады. Күйшінің  де көзінен жас тамып кетті. «Заманым өткен екен ғой!» – деп аһ ұрып, жалт бұрылды да:
– Ар жағын сен тарт! – деп саңқ етіп, дом­быраны Оразымбетке тастай берді». Бас­тан тайған бақ пен тұйықталған тағдырды қа­лай көркем жеткізген десеңші! Ел ауы­зындағы кішкене аңыздан осынша үлкен ой түю − сөз өнерінің тылсымына бойлап, сы­рына жүрегімен қанық болған шын шебердің ғана қолынан келетін шығар. Демек, жастық пен кәрілік, өнер мен өмір шындығының ар­палысы шебер өрнектелген бұл туынды әлі күн­ге оқығанға ой салатын дәрежесінен түс­пей тұрғаны Тахауидың о бастан-ақ қалам сіл­тесінің өзгеше бағытта болғанын байқатса керек.
Осылайша, үлкен әдебиетте жолы сәтті басталған талантты қаламгер бұ­дан кейінгі дәуірде өзі куә болған ІІ дүниежүзілік соғыстың шындығын 1957 жы­лы жарық көрген «Қаһарлы күндер» ро­ма­нында жеріне жеткізе суреттеді. 1960 жылы «Махаббат мұңы» атты әңгіме-повестер кіта­бы шықты. «Қаһарлы күндер» романы әде­биетшілер мен оқырмандар тарапынан жақсы бағасын алса, «Махаббат мұңы» кітабы да әдебиетсүйгіш оқырмандар үшін үлкен жаңалық болды. Өмірді терең сезінуден туған бұл кітап адамның жан сезімін жеріне жет­кізе суреттеген лиризмімен жүректерге жетті. Солайша әлі қырыққа толмаған қаламгер қа­зақ әдебиетінің тұлғалы жазушысына ай­нал­ды.
Әрине, егер жазушы атына лайық болмаса біреудің мақтауымен аспанға ұшып кетпейді. Бір­ақ әдебиетке төрелік айтатын ірілер тара­пынан берілетін шынайы баға қай кезде құн­ды. Тахауи Ахтанов соғыстан соң әдебиет­ке келген қатарластарының арасында оқ бойы оза шығып, ұлттық әдебиетіміздің мық­ты бір ұстынына айналып бара жат­қанын бәрі көрді, бағалады. Басқасы басқа, қа­зақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов 1961 жылы Мәскеуде, Кунцево ауруханасында ем алып, отаға түсуге дайындалып жатқанында Тахауи Ахтановқа арнайы хат жазуы қандай керемет! Өмірінің жалғасар-жалғаспасы бел­гісіз, алаң көңілде жатқанның өзінде туған елінің, туған әдебиетінің болашағына қам жеген Мұқаң былай деп жазыпты сонда:
«Әрине, сенің үлкен еңбегің, ѳзіңді кең құла­шыңмен, ѳнімді ѳріс-ѳрнегіңмен емін-еркін танытқан шығармаң «Қаһарлы күндер». Мына шығармаларда «бертін соқтың», «кем­шін келдің» демекші емеспін.
Бұларда сен әдейі кіші жанрлардың әр алуа­нын талғап кѳруді мақсұт еткенсің. Ѳз ішіңдегі басылмаған пернелеріңді де тіл-үн қаттырып, тебірентіп кѳрмек болғансың.
Сол ретте, әрине, «Махаббат мұңы» жақсы по­весть. Ѳзгелері қонымды, ұнамды әңгімелер (рассказ, новелла). Бұлардың бәрінің тақыры­бы, адамдары, шындықтары − жалғансыз, рия­сыз, зорлықсыз − әділ шындықтар. Со­ны­сы ұнайды. Екінші − сен бір жақсы соныға түсе бастапсың. Ол интеллигенция туралы жазу, ѳзіңмен замандас, қанаттас қатарыңды жазу − соларды және ішкі мәдениет ѳресіне қарай − ішіне үңіле, сезіміне бойлап жазу бар. Ѳте орынды, ѳте асыл іздену.
Бұл жолда алда кѳп-кѳп ыстық тартымды, аса қызу-қызғылықты, шын шабытты құш­тарлық туғызатын болмыстар, сәттер, шын­дықтар бар. Осы адамдар: жақсы, ойлы, сана­лы, арлы болса − халқыңның, қауымы­ның да болашағы ғой.
Осыларды кѳрсетумен бірге, сынаумен бір­ге баулу, бастау − қалыптау да керек. Сен шы­найы қызығарлық соныға түскенсің. Соған мейлінше құдіретің де жетеді. Ілгері тереңдей, ірілей тарта түс, тарта бер.
Менде тағы бір қуанышты сүйсінген ой­лар ұдайы қатар отырды (осы кітабыңды оқу үстінде дейім). Ол: сенің ѳзіме сонша ет-бауыр, шабытыңмен іні-бауыр екеніңді сезіне отыру шақтары.
Мен сенің мақалаларыңнан, үлкен ро­маныңның да кей бояуларынан − осы мені­мен туыстас-ау деп ойлап жүруші ем...  Ал мы­нада мен ѳзімнің сезімдерімді, сырла­рым­ды саған жаздырып, соған барынша сеніп, елі­ге еріп, ырза болып отырғандаймын. Әри­не, әрбір шыншыл шығарма солай еліктіреді де, ал ѳз жүрегіңе ұқсап соққан жан тамырды жан­бауырдай сезбеске шараң жоқ.
Мен сені, Әбдіжәмілді, Зейнолла, Тѳкенді, Сафуанды − кѳптен бастап бөлек санайтұғым. Біз ...«жәрмеңкеден қайту бетіндегі» жандарға қосылдық. Енді әдебиет болашағын ойламай болмайды. Сендерді сол болашағымыз дейім. Ѳзіме етене жақын дегенде сенен − менің жасырақ шағымда ѳзімнен таппаған жақсы сыпаттарды да кѳремін. Сенің отың менен қызуырақ, сенде ерте түскен ой бар деп сене­мін...»
Бұл хатта Тахауидың болашағына үлкен се­нім білдіру де, шығармашылығын ақ көңіл­мен бағалау да, рухтас ретінде өзіне жақын тарту да − бәрі бар. Ал ұлы ұстазының сенімі­не ие болған Тахауи өмір бойы сол сенімге сел­кеу түсірген жоқ. Қазақ әдебиеті Әуезовсіз қал­ғаннан кейін де ол көтерген туды құлат­пай ұстағандардың бірегейі болды. Мұны Тахауидың шығармашылығы жайлы айтқан ірі жазушының бірі Ғабит Мүсірепов былай деп тұжырады: «Ахтанов − жан-жақты, құла­шы кең ойлы, пікірлі жазушы екеніне мен кәміл сенемін. Мұны кезінде қырағы кѳзді Мұхаң, біздің Мұхтар Әуезов те бірден кѳрген еді. Мұхтардың сол байқағыштығы, сол се­німі бүгінде толық ақталып отыр ғой деп ой­лаймын».
Тахауи Ахтанов өнерде де, өмірде де ба­тыл қаламгер еді. Жазған  туындыларында да, әдебиетке қатысты талас-тартыстарда да ақ сөзін айтып, ақиқатты қорғады. Туралы­ғы­нан танбады. Бұл жайында оның алдыңғы буын ағалары да, тұстастары да әділін айтты. Тахауидің досы, қазақтың классик жазушы­ларының бірі Әбдіжәміл Нұрпейісов Ахтанов жайында былай дейді: «Әдебиетке от пен оқтың ортасынан оралған сол бір ат тѳбе­лін­дей аз ғана топтың ішінде Тахауи, шынын айт­қанда, қаламы әрі қарымды, әрі алымды, ѳжет ѳткір жан еді. Иығынан көпке дейін әс­кери киімі түспеген қараторы жас жігіттің жалыны мен жігері сыртына теуіп, кѳзіңді тойдырып, кѳңіліңді қуантып тұратын. Ішіміздегі арқалы әруақтымыз да сол сияқ­танатын. Әсіресе, топқа түскенде ѳжет жан екі жүзі бірдей қайралған ақ алмасша ѳткір­ле­ніп, ѳр мінезімен жарып шығатын наркес­кен, кескекті ердің сойы еді. Кейбір кезде осы мінезі оны әнебір қия жартасты да жарып шығып, «қане, маған не істейсің?» дегендей кияңқыланып, жел-құздың ѳтінде қасқайып дара тұратын иір бұтақты емен сияқтанатын. Кѳктегі Құдайға емес, жердегі адамға табын­дырып қойған әнебір заманда да қайсар, ѳжет жазушының қаламы рақымсыз заман­ның ырқына кѳне қоймай, ағысқа қарсы жүзген мұзжарғыш кемеше сол кездегі күллі совет қаламгерлері ішінде бірінші болып қырдағы қоңын күн тескен қойшы ѳмірінің басындағы адам тѳзбестей ащы шындықты жазды. Бұл Ахтановтың қан майдандағы жа­нын оққа байлап, жауға шапқан ерлігінен бір­де кем түспейтін әдебиет майданындағы аза­маттық ерлігі еді. Жарты ғасырға жуық твор­честволық ғұмырында азаматтық ары мен жазушылық парызын адал ақтап, тірлікте тәкаппар басын таққа да, тақта отырғандарға да иместен, дүниеден шалқақтап басып ѳтті».
Шын сөз. Шынайы лебіз. Ахтановтың мі­незі турасында әңгімелеген та­лай­лар оның ретті жерінде айтарын іркіп қал­мағанын баяндайды. 1982 жылы елімізде «Қа­зақстанның Россияға өз еркімен қосылуы­ның 250 жылдығы» қызу тойланып жатқан бір шақта, дәл осыған тағдырымен қарсылық жасағандай қазақтың ұлы перзенті Бауыржан Момышұлы дүние салып жатқан-ды. Сонда алып тұлғаны жер қойнына берерде қабір ба­сында сөйлеген сөзінде Тахауи Ахтанов «Ол қалыпты өмірде қалыпқа сыймай өмір сүрді» депті. Батырға лайық батырдың сөзін айтыпты. Бұл кеңестік саясаттың қылышы әлі қылшылдап тұрған шағында ашық күнде найзағай ойнағандай сөз еді, бірақ батыл да, әділ айтылған сөз еді.
Кеңестік кер заманда менмін деп жүр­ген­дердің өзінің басынан бұл арылмағанын білеміз. Сондай кезде жақсыны жақсы деп айтудың өзіне жүрек керек еді. Басқасы басқа, Мұх­тар Әуезовтің бүгінде бәріміз мақтаныш көре­тін «Абай жолы» роман-эпопеясының өзін сол кезде идеологияның қазанын қай­на­тып отырғандар дұрыс қабылдаған жоқ. Сон­дықтан болар, романды талқылауда үл­кен жазушылардың өзі лайықты бағалауға тәуе­кел ете алмады. Шығарма жақсы болға­ны­мен, бір кезде кеңесік саясатқа «кінәлі» бол­ған Әуезовті мақтауға талайдың дәті бар­мады. Ал сол жиында ақты ақ деп айта ал­ғандардың бірі өрімдей жас Тахауи Ахта­нов болыпты. Бұл жайында Тахауидың қатар­ласы белгілі жазушы Сафуан Шаймерденов былай деп жазған екен:
«Жұртқа белгілі, бір мың тоғыз жүз қы­рық тоғызыншы жылы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпопеясының алғашқы екі кітабы үшін бірінші дәрежелі Мемлекеттік сыйлық алды. Соған қарамастан жазушы елуінші жыл­дардың бас кезінде республикамыздағы тұрпайы марксизм ѳкілдерінің каһарына ұшыраған болатын. Ұлы жазушыға сѳлекет ай­дар тағылып, әрқилы жалалы сындар ай­тыл­ған-ды. Осы жалалы сын тіпті асқынып кеткен соң, «Абай» романына әділ баға беру үшін бір мың тоғыз жүз елу үшінші жылы август айында кең талқылау ұйымдастырыл­ды. Сонда баяндамашылардың бірі болып отыз жастағы Ахтанов тағайындалған еді.
Мұның ѳзі бір жағынан Тахауидың ана-мы­на ықпалдың жетегіне әлі ермеген, не айт­са да ѳз тұжырымын айтатын әділдігі мен адал­дығын ескеру болса, екінші жағынан жас сын­шының ой-пікір қуатына сенгендік бола­тын-ды. Тахауи бұл сыннан сүрінбей ѳтті. Сүрін­бегені былай тұрсын, «Абай» романы­ның қазақ топырағында дүниеге келген ай­рық­ша ірі құбылыс екенін дәлелдеп те бере алды».
«Көрген жандар сөйлесін» дейді қазақ. Мы­надай пікірлерден кейін Тахауи Ахтанов бол­мысының қандай екеніне көз жеткізбеу қиын шығар.
Иә, ол қатарлас-қаламдастары айтқандай, өзі қандай болса шығармалары да сондай бол­ды. Соғыс кезінің ақиқатын «Қаһарлы күн­дер», «Шырағың сөнбесін» атты роман­дарын­да көркем де шыншылдықпен суретте­ген Тахауи Ахтанов өз туындыларында ақи­қат­ты ашып айтудан жасқанбады. Соғыстан соңғы кезеңдегі қазақ шаруасының өміріндегі қиындығын «Боран» атты романында жасы­рып-жаппай, айнадағыдай көрсетіп берді. Сол сияқты сын мақалалары мен драмалық шы­ғармаларында да шындық туын биік ұстап, жүрегі сезген шындықты көркемдікпен беруден танбады. 
Өмірде бастан аумалы-төкпелі кезең өт­пей тұрмайды, сондайда қарапайым пенде ретінде емес, елдің сөзін сөйлерлік құдіреті бар адам ретінде де шындықты су бетіне шы­ғару оңай емес. Ал Ахтанов қаламгер ретінде де, қарапайым пенде ретінде «айтарын ашып айтып, жүрегінің түбінде кір жасырмай» (Мұқағали) өткен тұлға. Ендеше Ахтанов жолы − Ақиқат жолы. 

Ахмет ӨМІРЗАҚ