Теңге айналымға қалай шықты?

Теңге айналымға шыққан 1993 жылғы 15 қарашаға Сауық Тәкежанов «Қазақстан экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізген күн» деп анықтама берген.

Теңге айналымға қалай шықты?
Сурет: 7 TEŃGE YouTube каналы
932

Бүгін ұлттық валютамыз – теңгенің айналымға шыққанына 30 жыл толды. 15 қарашадан бастап теңге еліміздегі жаңа ақша бірлігіне айналды.

Ұлттық валюта айналымға шығардың алдында бұрынғы одақ республикаларының ақша айналымында жағдай шиеленісті. 1993 жылғы шілдеде Ресейдің орталық банкі ақша реформасын жүргізіп, Кеңес одағының ақшасын айналымнан алып тастады, оның орнын жаңа Ресей рублі алмастырды. Осылайша, ескі рубль аймағы құлап, бұрынғы одақ құрамындағы республикаларға, соның ішінде Қазақстанда ескі ақша қаптап кетті. Баға тез өсіп, ақша құнсызданып жатты. Бұл, әрине,  гиперинфляцияға әкеліп, халықтың, елдің өмір сүру сапасын төмендетті. Осылайша, өз ұлттық валютамызды айналымға шығару туралы шешім сол кездегі дағдарыстан шығу, шиеленіскен ахуалды реттеп, экономиканы дамытудың жаңа кезеңіне өту үшін ауадай қажет болды.

1992 жылғы 15 шілдеде Қазақстан Халықаралық валюта қорына мүше болған еді. Шамамен бір жылдан кейін, 1993 жылғы 13 сәуірде Қазақ КСР Ұлттық Банкі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі болып қайта құрылды. Сол кездегі алтын-валюта активінің көлемі шамамен 711 миллион АҚШ доллары, ал инфляция 2 000 пайыздан астам болған.

1993 жылғы 3 қарашада Ұлттық валютаны айналымға енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссияның құрамына сол кездегі Премьер-министр С.Терещенко, вице-Президент Е.Асанбаев, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Д.Сембаев, Ұлттық Банк Төрағасы Ғ.Байназаров, Қаржы министрі Е.Дербісов және Экономика министрі Б.Ізтілеуов кірді.

Осы мемлекеттік комиссия ұлттық валютаны айналымға енгізу жөніндегі жұмыс тобын құрды, оған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Д.Сембаев басшылық етті. Жұмыс тобының құрамында Экономика министрінің бірінші орынбасары О.Жандосов, вице-президенттің көмекшісі Г.Марченко, министрлер кабинетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары Ө.Шөкеев, Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары М.Тұрсынов және Ұлттық Банк Төрағасының кеңесшісі В.Назаровтар болды. Теңгенің айналымға енуіне атсалысқан тұлғалардың бірі – академик Сауық Тәкежанов.

1993 жылғы 12 қарашада сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын айналымға енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Ал 15 қарашадан бастап теңге еліміздегі жаңа ақша бірлігіне айналды.

Теңге айналымға енген 1993 жылғы 15 қарашаға Сауық Тәкежанов «Қазақстан экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізген күн» деп анықтама берді.

Серіктес жаңалықтары