Ақтөбеде заң бұзған шетелдік азамат полицейлерге пара ұсынды
Жүргізуші әкімшілік жауапкершіліктен жалтару мақсатында полицейлерге пара ұсынған.
Ақтөбеде заң бұзған шетелдік азамат полицейлерге пара ұсынды, деп хабарлады turkystan.kz.
Polisia.kz жазуынша, 9 қарашада сағат түнгі 01:25 шамасында Ақтөбе қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Сәнібек Молдашев пен Артур Абдигамитов патрульдеу кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін DAF автокөлігін тоқтатқан. Полицейлер жүк көлігінің рулінде болған 39 жастағы шетелдік азаматқа оның Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 601-бабы 1-бөлігінде (Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау) көзделген заң бұзушылықты жасап, жол белгiсiнің талаптарын сақтамағанын түсіндірген.
Алайда жүргізуші әкімшілік жауапкершіліктен жалтару мақсатында полицейлерге пара ұсынған. Тәртіп сақшылары жүргізушіге оның әрекеттері заңсыз екенін айтып түсіндіргенмен, ол өз ойынан қайтпаған соң, полицейлер жедел-тергеу тобын шақыртқан.
Жол ережелерін сақтамаған жүргізушіге қатысты 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды көздейтін әкімшілік хаттама толтырылумен қатар, лауазымды тұлғаларға пара бермек болғаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 367-бабының 1-бөлігімен (Пара беру) қылмыстық іс қозғалды.
Аталған баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп, параның жиырма еселенгеннен отыз еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуды не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді. Жүргізушінің заңсыз әрекеттерінің жолын кескен Сәнібек Молдашев пен Артур Абдигамитов ішкі істер органдарында он жылдан аса уақыт абыройлы қызмет етіп келеді.
Күн сайын қала қауіпсіздігін қадағалайтын қырағы полицейлер заңсыз әрекеттердің жолын кесуді қызметтік міндеті ғана емес, азаматтық парызы деп санайды.