Кеншілер келесі жылдан бастап әлеуметтік төлем алады

Елімізде арнаулы төлем алу құқығына 37 мың адам ие болмақ.

Кеншілер келесі жылдан бастап әлеуметтік төлем алады
Фото: ortalyq.kz

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Мәжілісте зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері туралы айтты, деп хабарлады Turkystan.kz

Оның айтуынша, 55 жасқа толған жұмысшылар төлемақы ала алады. Ол үшін адам кемінде жеті жыл зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеу керек. Түзетулер Парламент қол қойса, норма 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Елімізде арнаулы төлем алу құқығына 37 мың адам ие болмақ. Олардың басым бөлігі – тау-кен және өнеркәсіп қызметкерлері.

«Бұл шарттар қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін жұмысшыларға қатысты. Оның ішінде металлургия, энергетика, тау-кен секторы және басқа да кәсіптер бар. Қазір статистика бойынша 490 мыңнан астам адам зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейді. Әрине, төлемақы денсаулықтарының жақсы болуын қамтамасыз ете алмайды», – деді вице-министр.

Ол әлеуметтік төлемнің мөлшерін айтты.

«Қызметкердің өзі арнайы әлеуметтік төлем алуға өтініш беретін болса, төлемнің мөлшері орта есеппен шамамен 200 мың теңгені құрайды. Жекелеп қарастыратын болсақ, жұмысшылардың табысына қарай, оларға ұлғайтылған сомаға еңбек кепілдіктері қарастырылған. Жалақы мөлшері 300 және 400 мың теңгеден жоғары болуы мүмкін», – деді Сарбасов.