Жол-көлік оқиғасы: Оқушылардың өлімі көбейді
Мектептерде жас инспекторлардың отрядын ұйымдастыру қажет.
Соңғы 10 айда жол көлік оқиғасынан қаза тапқан балалардың саны 14%-ға ұлғайды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова мәлімдеді, деп хабарлады Turkystan.kz.
«Осы жылдың 10 айында жол көлік оқиғасынан қаза тапқан балалардың саны 14%-ға, ал зардап шеккен балалардың саны 3%-ға артты. Зардап шеккен балалардың жартысынан көбі жолаушылар, ал қалғандары жаяу жүргіншілер. Көп жағдайда балалар ересектер тарапынан тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін зардап шегеді. Себебі олар автоорындық, бустер және адаптер сияқты балаларды ұстайтын құрылғыларды пайдаланбайды», – деді А. Боранова.
Аға инспектордың айтуынша, жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден жолды кесіп өтуі мен бағдаршамның тыйым салынған түсіне назар аудармауы жол-көлік оқиғасына себеп болады.
«Мектептердің 65%-да ғана жол жүру қауіпсіздігі сыныптары бар. Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін мектептерде жас инспекторлардың отрядын ұйымдастыру қажет», – деді А. Боранова.