Құрылтай БҰҰ-ның Киберқылмысқа қарсы конвенциясын ратификациялады

/
Құрылтай БҰҰ-ның Киберқылмысқа қарсы конвенциясын ратификациялады
Istockphoto

Құрылтай депутаттары Біріккен Ұлттар Ұйымының Киберқылмысқа қарсы; ақпараттық-коммуникациялық жүйелер пайдаланылып жасалатын белгілі бір қылмыстарға қарсы күресте және елеулі қылмыстарға жататын электрондық нысандағы дәлелдемелермен алмасуда халықаралық ынтымақтастықты нығайту конвенциясын ратификациялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Құжат ақпараттық-коммуникациялық жүйелерге заңсыз қол жеткізуді, электрондық деректерді ұрлауды, интернет-алаяқтықты және цифрлық ортада балаларға қарсы жасалатын жекелеген қылмыстарды криминализациялаудың ортақ тәсілдерін көздейді.

Конвенция аясында қылмыстарды тергеп-тексеру және электрондық дәлелдемелермен жұмыс істеу кезінде халықаралық өзара іс-қимыл тетіктері белгіленеді. Атап айтқанда, компьютерлік деректерді жедел сақтау, кейіннен қажетті мәліметтерді белгіленген құқықтық тәртіппен алу, өзара құқықтық көмек көрсету және тәулік бойы жұмыс істейтін «24/7» байланыс пункттері желісінің қызметін қамтамасыз ету көзделген.

Бұл тетіктер электрондық деректер, серверлер, аккаунттар немесе басқа да цифрлық дәлелдемелер ел аумағынан тыс жерде болған жағдайда қылмыстарды тергеп-тексеру үшін маңызды.

Бұл ретте ынтымақтастық шет мемлекеттерге ақпаратты шартсыз беруді көздемейді. Сұрау салулар белгіленген құқықтық рәсімдер шеңберінде адам құқықтары, ұлттық заңнама талаптары және мемлекеттік егемендік қағидаттары сақтала отырып орындалады. Конвенция шетелдік органдарға Қазақстанның ақпараттық жүйелеріне шектеусіз қол жеткізу құқығын бермейді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары