Шымкентте 10 қазақстандықты алдаған интернет-алаяқ ұсталды

Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Шымкентте 10 қазақстандықты алдаған интернет-алаяқ ұсталды
ашық дереккөз
939

Шымкентте кибер полицейлер 10 қазақстандықты алдаған интернет-алаяқты ұстады, деп хабарлады turkystan.kz.

Полиция екі жергілікті тұрғынның алаяқтық туралы арызы бойынша тергеуді бастады.

Polisia.kz сайтының мәліметінше, зардап шеккендер Түркістан облысындағы шипажайлардың бірінде демалуды жоспарлап жүріп, интернеттегі жарнама арқылы өзін санаторий қызметкерімін деп таныстырған белгілі бір азаматпен байланысқа шыққанын жеткізді.

«Хат алмасу барысында қаскүнем азаматтардың сеніміне кіріп, орындарды алдын ала брондау үшін белгілі бір шотқа төлем жасауға көндірген. Ақшаны алғаннан кейін ол байланысқа шықпай, «ізін суытқан». Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде аталған қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған күдіктіні анықталып, ұсталды. Ол Сарыағаш қаласының 27 жастағы тұрғыны болып шықты», – делінген хабарламада.

Тергеу барысында оның осыған ұқсас тағы сегіз қылмысқа қатысы бар екені анықталды.

«Зардап шеккендердің арасында шымкенттіктерден бөлек Тараз, Қызылорда, Алматы және Астана қалаларының тұрғындары да бар. Алдағы уақытта осы іс бойынша жәбірленушілер саны артуы мүмкін. Қазіргі таңда ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген хабарламада.

Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
 

Серіктес жаңалықтары