Алимент: қарыз ба, парыз ба?
Заң бойынша елімізде алимент төлеуге міндеттелген ата-ананың бірі ай сайын бір балаға табысының 4/1 бөлігін төлесе, екі балаға табысының 3/1 бөлігін, одан көп балаға табысының жарты бөлігін төлеп отыруға міндеттеледі.
Алимент мәселесі ажырасқандардың бас ауруына айналғалы қашан. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет мәліметінше, биылғы 9 айда Қазақстанда алимент төлемегені үшін 1 618 адам іздестірілуде. Олардың ішінде ерлер саны – 1 476, әйелдер саны – 142. Іздестіруде жүргендердің көбі 31 жастан 40 жасқа дейінгілер екен.
Алимент төлеуден қашатындардың көп бөлігі Астана қаласында – 361 болса, Алматы қаласында – 191. Облыстар бойынша Ақтөбеде – 143, Қостанайда – 140, Жамбыл облысында – 140, Павлодарда – 108, Алматыда – 102, Маңғыстауда 59 адамға іздеу жарияланған. Алимент төлеу жөніндегі міндеттерді қасақана орындамау бойынша Қылмыстық кодекстің 139-бабына сәйкес 427 қылмыстық іс тіркелген.
139-бап бойынша борышкерге 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, болмаса сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Өңірлер бойынша мұндай қылмыстық құқықбұзушылықтардың ең көп бөлігі Маңғыстау облысында – 46, Алматы облысында – 45, Қостанай облысында – 44, Шығыс Қазақстан облысында – 43, Павлодар облысында – 40, Қарағанды облысында – 35, Абай облысында – 32, Ақмола облысында – 26, Солтүстік Қазақстан облысында – 21, Астана қаласында – 17.
жалғасы 5-бетте
2023 жылдың 9 айында 139-бап бойынша 207 адам сотталған. Оның 4-еуі бас бостандығынан айырылса, 2-еуі шартты түрде сотталған. Ал 196 борышкердің бас бостандығы шектеліп, 5 адам қоғамдық жұмыстарға тартылған.
Биылдан бастап алимент төлемей жүрген борышкерлерге жаза қатаңдатылып, олардың шетелге шығуына тыйым салынды. Әділет министрі Азамат Есқараевтың айтуынша, биыл шамамен 7 мыңға жуық адамға алимент бойынша берешектігіне байланысты елден шығуға уақытша шектеу қойылды.
– 2023 жылдың 6 айында алимент төлемдері бойынша сот актілерін орындамағаны үшін 2 861 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 7 219 борышкерге қатысты елден шығуға уақытша тыйым салынды. Алимент өндіріп алу туралы барлық проблемалық атқарушылық іс жүргізу бойынша сот орындаушылары мәжбүрлеу сипатындағы шараларды қабылдауда, – деп есеп берген болатын министр Азамат Есқараев.
Министр атағандай, орындалып жатқан алимент өндіріп алудың 13 316 құжаты (5 пайыз) проблемалық алимент болса, 6 072 (46 пайыз) құжаттың қарызы мүлде өтелмегендер (7 млрд теңге).
Елімізде алимент төлеуге шамасы келмейтіндер де, төлеуден жалтарып жүргендер де көп. Әділет министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, ел аумағы бойынша ерлердің қарызы 14 миллиард теңгеге жеткен. Ал жалпы алимент төлемей жүрген 16 мың ер адамға Қазақстанның аумағынан шығуға рұқсат жоқ. Олар әуежайдан немесе шекарадан кері қайтарылады. Алайда борышкер шекарада немесе әуежайдағы терминал арқылы берешегін түгел өтесе, қарызы жарты сағатта жабылады екен. Содан кейін шекарадан шығуға рұқсат.
Заң бойынша елімізде алимент төлеуге міндеттелген ата-ананың бірі ай сайын бір балаға табысының 4/1 бөлігін төлесе, екі балаға табысының 3/1 бөлігін, одан көп балаға табысының жарты бөлігін төлеп отыруға міндеттеледі.
Министрдің айтуынша, борышкерлердің тұрақты жұмысы, мүлкі болмағандықтан сот орындаушылары олардан алимент өндіріп ала алмайды. Осыған байланысты, өңірлік Әділет департаменттері әкімдіктермен бірлесіп борышкерлерді жұмысқа орналастыру үшін тұрақты негізде бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізеді. Мысалы, 2023 жылдың 8 айында республика бойынша 2 101 борышкер жұмысқа орналастырылды. Алайда бұл борышкерлер мәселесін түбегейлі шеше алмайды.
Бұл сөзімізді СҚО Прокуратурасының прокуроры Марат Қазиевтің: «Алимент төлеуден жалтарып отырған ата-аналарды жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастыру мәселесі шешілмеген. Сот орындаушылар Әділет, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлерінің «Алимент бойынша» үш айдан астам берешегі бар адамдарды жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша өзара іс-қимыл тәртібін бекіту туралы бірлескен бұйрығының талаптарын орындамайды. Сот орындаушылар мен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы жолға қойылмағандықтан, ақыр аяғында өскелең ұрпақтың құқығы бұзылып отыр», – деген пікірі айғақтай түседі.
Сот орындаушы солқылдақ па, әлде заң жұмсақ па?
Алимент өндіру оңай жұмыс емес. Борышкерлермен жұмыс істеуде сот орындаушыларға шыдамдылық пен төзімділік қажет. Өйткені алимент төлегісі келмейтіндердің айласы көп. Кей борышкерлер жұмысқа орналасқанда әдейі келісімшарт рәсімдемейді. Сот орындаушылары тексерсе жұмыссыз болып шыға келеді. Бұл әдіс жұмыс беруші үшін де тиімді. Артық салық төлемейді, зейнетақы қорына ақша аудармайды. Қысқасы, бала-шағасынан ақшасын аяп отырғандар саны көбеймесе, азаймай отыр. Сондықтан алимент өндіруде бар салмақ жеке сот орындаушылардың мойнына түседі. Астана қаласы Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы басшысының орынбасары Әсет Рапих «Сот орындаушылар өздеріне берілген құқықтар мен міндеттер аясында, заң шеңберінде ғана жұмыс істейді», – дейді.
– Алимент төлеушінің тұрақты жұмыс орны болмаса, заң бойынша үш айдан асқаннан кейін барып шара қолданады. Үш ай берешек деп қаулы шығарып, сот орындаушы сол қаулы шеңберінде шара қолдана бастайды. Мысалы, 38-бапқа сәйкес есепшоттарын бұғаттайды, мүліктерін сатуға тыйым салады, шетелге шығуға шектеу қояды. Бұдан да нәтиже шықпаса, әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы Әділет департаментіне, қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде Ішкі істер органдарына жолданады. Жеке сот орындаушылары ресми көрсетілген табыстан ғана алимент төлете алады. Борышкердің жасырын табысын анықтау өте қиын. Мысалы, құрылысшы, таксист секілді жалақысын қолма-қол алатындардың қанша табыс табатынын біле алмаймыз. Егер жұмыс істеп, жалақы алатыны анықталып қалса, біз төленбей қалған алимент бойынша қосымша қаулы шығара
мыз.
Заңды қатаңдатып, жауапкершілікті күшейтсе, алимент төлейтіндер ешқайда қашпас еді. Мысалы, заңға бағынатын, ресми жұмыс істейтін, жалақы алатын адам айыппұлы болса бірден төлейді. Келесі жолы айыппұлдан саналы түрде аяқ тартып, әрекет ете бастайды. Ал тұрақты жұмысы жоқ адам әр жерден бір нан тауып жеп, банк карточкасы болмаса да қолма-қол төлем жасап жүре береді. Борышкерлерге заңды айналып өтуге мүмкіндік көп. Сондықтан заңның өзі жауапсыздыққа жол беріп тұр, – дейді Әсет Сабырұлы.
Жауапкершіліктен жалтару жарға жығады
Елімізде баласының қажетіне ақша бермей қашып жүрген 142 әйел борышкерге іздеу жарияланғанын жоғарыда айттық. Олардың арасында бақытын өзгеден іздеген, өз баласынан безген, тіпті ішімдікке салынғандар бар. Сондай-ақ күйеуінен қорлық көріп, енесінен азап шеккен, амалсыз ажырасқан нәзік жандылар да жетерлік. Алимент төлей алмай жүрген әйелдердің көпшілігі – еш жерде жұмыс істемейтіндер. Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы басшысының орынбасары Әсет Рапихтың айтуынша, әйелдердің көбі жағдайы келмегендіктен алимент төлей алмайды. Өз басын асырау мұң болғанда баласына қайдан қамқор болсын? Борышкерлер арасында тапқан жұмысты менсінбей, айлығын азсынатындар да кездеседі екен. Алайда ер адамдарға қарағанда, әйелдердің жауапкершілігі жоғары екенін сот орындаушылары да біледі. Мәселен, алимент бойынша қаралып жатқан істердің тек 2-3 пайызы ғана борышкер әйелдерге тиесілі екен.
Ешкім ажырасамын деп үйленбейді. Алайда әр отбасында болатын ыдыс-аяқ сылдыры бүгінде сол шаңырақтан сыртқа шығып, мемлекетішілік мәселеге айналып отыр. Кеше сүйіп қосылған ер мен әйел қиындықтарға төтеп бере алмай, ортақ тіл табысып, түсінісе алмай, соңында ит пен мысықтай жауласып, ажырасады. Сондықтан болар біздің қоғамда ер адамдар арасында «Не үшін ажырасқан әйеліме айлығымды беруім керек? Алимент балама жаратылмайды, сондықтан алиментті ақшалай бергенше заттай беру керек» деген көзқарас басым. Ал бұрынғы күйеуінің мұндай көмегін әйел құптамайды, алиментті ақшалай алғысы келеді. Сондай-ақ ерлер тарапынан «Алиментті алып тастаса, сот баланы әкесімен қалдырса, әйелдер ажырасамын демес еді» деген пікірді де жиі құлағымыз шалады. Алимент аясындағы жыр мұнымен бітпейді. Борышкердің жауапкершіліктен қашуының себебі тереңде жатқан секілді.
Астана қаласы Полиция департаменті Ішкі және сыртқы коммуникация бөлім бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Гүлмира Шрахметова алименттің күрделі мәселеге айналуының бір себебі әйелдердің отбасылық жауапкершілікті өз мойындарына жүктеп алуында дейді.
– Өкінішке қарай, үйдің берекесі, балалардың тәрбиесі, өсуі, дамуы, жалпы отбасындағы көп міндет әйелдің жауапкершілігіне өтіп кетті. Осыдан келіп ер адамдар ажырасқаннан кейін балалардың қажеттіліктері толық әйелдің мойнында деп есептейді. Өйткені ажыраспай тұрып та көп мәселеге әйел жауапты болды. Мәселен, Түркияда ерлі-зайыпты ажырасса, бала көп жағдайда әкесімен қалады немесе көп мөлшерде алимент төлеуге міндетті. Қандай жағдайда да баланың өміріне әкесі көбірек жауапты.
Біздің қоғамда мәдениетті түрде ажырасатындар өте аз. Әйел заңды түрде ажырасқан соң «Бала тек менікі, менің меншігім, менің құқығым, бала маған ғана тиесілі» деп шығады. Ал заң бойынша балаға жауапкершілік әйел мен ер адамда 50/50 пайыз, яғни ата-ана құқығы тең. Ал бала жүрегі ата-анасының бірге болғанын қалайды. Бірақ бізде баланың жүрегін жаралап, әкесі шешесін қаралап, шешесі әкесін жамандау фактілері жиі кездеседі. Ажырасқаннан кейін де баланың өмірінде анасының да, әкесінің де болуы керек екенін ересектер жете түсінбейді. Бұл – ата-аналардың жіберіп жатқан басты қате
ліктерінің бірі, – дейді Гүлмира Шрахметова.
Маманның айтуынша, алимент мәселесімен хабарласатын әйелдердің санында есеп жоқ. Отбасынан бақыт тауып, жылулық сезінбеген нәзік жандылардың ажырасқаннан кейін тағы да алимент үшін табанынан тозып жүруі – ер-азаматтарға сын, – дейді.
– Мен жұмыс барысында бір емес, бірнеше әйелмен қосылып, бала таптырып, кейін ол отбасын тастап кетіп жатқан ер адамдарды жиі кездестіремін. Сондықтан отбасын құрар алдында екі жас бір-бірін тануға уақыт бөліп, мінез-құлықтарын, қылықтарын зерттеп алғаны дұрыс. Бір-біріне деген сезімдері шынайы, сүйіп қосылған адамдар қандай қиындықты болсын бірге еңсереді, бірлесе көтереді. Бірсәттік сезім жетегінде қосылғандар, өкінішке қарай, екі жаққа тез айырылысып жатады. Біз отбасылық құндылықтар құлдырап бара жатқан уақытта өмір сүріп отырмыз. Отбасы мәселесі біреудің жауапкершілігіне ысырып қоя салатын нәрсе емес. Әр адам өзін жақсы жаққа қарай тәрбиелеуі керек, – дейді полиция подполковнигі Гүлмира Тілеуғалиқызы.
Борышкерлер қоғам үшін қауіпті ме?
Елімізде ажырасу процесінде баланы әкесімен қалдыру тәжірибесі сирек кездеседі. Әйелдің де өз баласынан бас тартуы – өте сирек кездесетін жайт. Мамандар бала үшін бәріне дайын ана отбасындағы жауапкершілікті өзіне алып, ер адамды жауапсыздыққа итермелейді деп отыр. Отбасында ер адамның баласымен еркін араласуына мүмкіндік бермейтін әйел ажырасқан соң бұрынғы күйеуінен жауапкершілік күтуі ақылға сыймайтын секілді.
Шымкент қаласы Заң консультанттар палатасының заң кеңесшісі Жазира Молдиова: «Борышкерлердің көбеюіне жауапкершілікті мойнына алудан қорқатын, өздері бала позициясында жүрген, өзін құрбан етіп көрсеткісі келетіндердің артуынан» дейді.
– Өзінің жолы болмағанына өзгелерді кінәлап, оңай құтылғысы келетіндер де бар. Үйленуді тек құдалық пен тойдан тұрады деп ойлайтындар, артында үлкен жауапкершілік жатқанын терең түсінбейтіндей. Баланың алдындағы жауапкершілікті, Отан алдындағы міндетін білмейтіндер баршылық. Осындай ер адамдар алимент төлеуден қашады. Олар өздерінің қоғам үшін қауіпті екенін, өзі үшін орны толмас өкініш, ұрпағы үшін зиян екенін түсінбейді, түсінгісі де келмейді. Негізі, бұл отбасындағы тәрбие мен білімнің таяздығынан, отбасындағы ер адамның рөлінің тым төмен екенінен хабар береді, – дейді заңгер Жазира Сағынбайқызы.
Маманның айтуынша, алимент төлеуден қашу үшін борышкерлер неше түрлі қитұрқы әрекеттерге баруы мүмкін. Сондықтан алимент бір ай кешіксе заңға жүгініп, сот орындаушыларына хабарласып, талап ету керек дейді.
Психоанализ бағытындағы психолог Индира Ибатованың айтуынша, ел ішінде кең таралған «Әкенің қадірі жездедей-ақ», «Қатын – жолда, бала – белде» деген сөздерді ер-азаматтарымыз тікелей түсініп жүр.
– Бұл сөздерді біз ажыраспаған, толыққанды отбасылардың да қолданатынын көріп жүрміз. Мұндай сөздер асқар тау әкенің бала өміріндегі маңызын төмендетіп, екі жақтың бір-бірінен алыстауына, салқындауына әкелетіндей. Сондықтан мұндай тәмсілдерді қайталай берудің қажеті жоқ. Керісінше «Жездең жақсы болса, әкеңдей қамқор» деген сөзді айтқанымыз дұрыс.
Әрине, бала анамен тығыз байланысты. Әкеде инстинкт дамымаған, олардың жаратылысы сондай. Әдетте, әйелдер босанған соң баланың бар жауапкершілігін өз мойнына алып, әкеге өз рөлін орындауға мүмкіндік бермейді. Жөргегін ауыстыру, суын беру сынды қарапайым жұмысты сеніп тапсыра алмайды. Баласын киіндіріп, құшақтап, тамақтандырмаған соң да әкенің балаға махаббаты, сезімі оянбайды немесе кеш оянады. Әке тек ақша табушы, отбасын асыраушы рөлінде қалады. Отбасылы кезде оянбаған инстинкт неке бұзылғаннан кейін тіпті дамымайды. Оның үстіне ажырасқан ер мен әйелдің бір-біріне деген өшпенділігі бар. Мұның бәрі ер адамға қатты әсер етеді. Жалпы, ажырасу процесінің 90 пайызы әйелдің бастамасымен болады. Сондықтан ер адамдар кейде саналы, кейде бейсаналы түрде алимент төлемеу арқылы әйелінен «кек алады» да балаларды ұмыт қалдырады. Тіпті, қайта қосылғысы келетін ер адамдар алиментті әдейі төлемейді. Ақша бермесе, әйел бұрынғы күйеуін іздеп, ақша төлетудің жолдарын қарастырады, байланысқа шығады. Алиментті манипуляция құралына айналдырып, сол арқылы әйелімен сөйлесіп қалғысы келеді. Сондай-ақ психологиялық жасы өспеген әкелер де алименттен жалтарады. Іштей өздері әлі бала позициясында, саналы түрде ересек адам секілді өз өміріне жауапкершілік ала алмайды. Ішкі әлемі бала күйінде қалған әкелердің өз балаларын қамқорлыққа алуға шамалары жетпей жатыр, – дейді маман.
Шетелде заң қандай?
Жалпы, алимент мәселесі әлем елдерінде де өзекті. Әр елдің салты басқа дегендей, борышкерлерге қатысты қолданылатын жазаның да сан түрі бар. Түркияда балаға ғана емес, анаға да алимент төленеді. Балаға төлейтін алимент мөлшері – айына 100 бен 1 000 доллар аралығында. Ажырасқан еркек әйелі екінші рет тұрмысқа шыққанша алимент төлеуге міндетті. Өйткені отбасын асырау міндеті әкеге жүктеледі. Түркия азаматы баласының бар қажетін өтеуге міндеттеледі. Түркияда тұратын қазақтардың айтуынша, ер адамдар балаларына тамағын беріп, тіпті жөргегіне дейін ауыстырады екен. Демек, бұл жұмыстар біз ойлағандай әйелдің шаруасы емес. Егер ерлі-зайыптылар ажырасса, сот көп жағдайда баланы әкесімен қалдырады. Ал жауапкершіліктен қашқандар түрмеге тоғытылады, үш жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Абақтыдан мерзімінен бұрын босау үшін алиментті толық төлеуі қажет. Бар жауапкершілік өз мойнында болғандықтан ер адамдар бірінші отбасының, баласы мен әйелінің жағдайын жасауды ойлайды. Сондықтан болар, Түркияда ажырасу аз кездеседі.
Оңтүстік Корей елі де алимент төлемегендерді аямайды. Егер бір жыл бойы алимент төлемесе, 8 мың доллар айыппұл салады, көлік жүргізу құқығынан айырады, шетелге шығуына тыйым салады.
«Хабар 24» арнасының мәліметінше, Оңтүстік Кореяның Гендерлік теңдік және отбасы министрлігі өз сайтында алимент төлеуден жалтарып жүрген 49 адамның жеке мәліметін жариялаған. Безбүйрек ата-аналар балалары алдындағы қарызын өтемейінше, бұл дерек өшірілмейді. Тек борышкерлер қайтыс болғанда немесе қарызын өтеген жағдайда ғана жойылады екен.
Дамыған Еуропаның кей елдерінде алимент төлеуден жалтарғандар бір жылға дейін темір торға қамалады. Мәселен, Францияда қашқын ата-аналарға 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Сонымен қатар оларға 15 мың еуро көлемінде айыппұл салынады. Франция елінің заңы бойынша, алимент төлеуші тұрғылықты мекенжайы, жұмысы өзгерсе, тиісті органдарға дер кезінде хабарлауы қажет. Ұмытып кетсе, немқұрайлылық танытса, үкімет аямайды. Борышкерді 6 айға дейін темір торға қамап, 7,5 мың еуро айыппұл төлетеді. Елде алиментке арналған бірыңғай платформа жүйесі енгізілген. Арнайы агенттік берешектерді жинап, алимент алушыларға жолдайды. Төлем жасамағандарға мемлекеттік орган бірден шара қолданады. Алайда заңның қаталдығына, орнатылған бірыңғай платформа жүйесіне қарамастан, алименттің 30-40 пайызы уақытылы төленбейтін көрінеді.
Бельгияда жауапсыз ата-аналарға жаза жеңіл екен. Тек, жүргізуші куәлігінен айырылумен шектеледі. Тіпті, 50/50 жүйесі арқылы алимент төлеуден түбегейлі құтылуға болады. Ол үшін бала апта сайын әкесімен де, анасымен де кезек-кезек бірдей уақыт өткізуі қажет.
Айна Досмахамбетқызы,
«Ажыраспа» жобасының авторы, блогер:
Бала манипуляция құралы болмауы керек
– Ер адам неліктен ажырасқан соң балаларына жауапкершілік алғысы келмейтіні, алимент төлегісі келмейтіні жайында тек өзі жауап бере алады. Менің ойымша, әр ер адамның жауабы әртүрлі. Барлығы бірдей жауап беруі мүмкін емес. Мен осы сұрақты қойғанымда кейбір ер адамдар: «Баланың көзіне қарауға ұяласың. Олай ұялғанша, баланы көрмей-ақ жүре бергенім жақсы» деп жауап берді. Алайда ажырасқан барлық ер адам осылай ойлайды десек, қателесеміз.
Егер ерлі-зайыптылар бір-бірімен жауласпай ажырасса, ер адам алимент төлеуден қашпайды деп ойлаймын. Бірақ бәрі де адамға байланысты, барлық жағдайды бірдей қарастыруға болмайды. Психологиялық тұрғыдан алып қарайтын болсақ, біз көп жағдайда қарым-қатынасымыз жақсы адамға көмектесуге, қарызға ақша беруге, қиын жағдайда көмекке келуге дайынбыз. Ал сәлеміміз түзу болмаса, ондай адамдарға қол ұшын созғымыз келмейді, көмектескіміз келмейді, жанымыз ашымайды.
Біздің қоғамда көп жағдайда әйел баланы манипуляция құралы етіп алады. Себебі әйелдің өзінің реніштері көп және ол ренішке біреу жауап беруі керек. Ал ер адам өз бетімен жауап бергісі келмейді. Осындай жағдайда әйелдер балаларын манипуляция құралы ретінде пайдаланып, бұрынғы күйеуіне «Баланы көрмейсің» дейді. Бірақ бұл жерде бір нәрсені ұмытпау керек. Қазақ «Әкенің жақындығы жездедей» деп бекер айтпаған. Мысалы, әке балаға анасындай жақын болмайды. Ал ана баласын көрмей жүре алмайды. Әйелде аналық инстинкт бар, ал әкеде инстинкт жоқ. Әйел манипуляцияға алданады. Ал ер адамға манипуляция «жүрмейді». Соңында әйел өзімен-өзі ашуланып, ренжіп, ызаланады, ал әкесі «Көрмесем, көрмей-ақ қояйын» деп жүре береді. Сондықтан әйелдерге айтатын бірінші кеңесім, баланы манипуляция құралы жасамаңыз. Бұл – тиімсіз әдіс. Бұл көлігіңізде жанармай бітсе, оны құюдың орнына көлікті итеру сияқты нәрсе.
Екіншіден, ерлі-зайыптылар ажырасып кетсе де, бала үшін өмір бойы ата-ана болып қала береді. Балада енді ешқашан басқа биологиялық әке болмайды. Бұл мәңгілік, оны өзгерте алмайсың. Ол саған жаман күйеу болса, жаман әке болды деген сөз емес. Әкенің әке болып қалғаны ана үшін де, бала үшін де, тіпті әкенің өзі үшін де жақсы.
Үшіншіден, ерлі-зайыптылар ажырасқаннан кейін бала толыққанды отбасында өспесе де әкесімен де, анасымен де қарым-қатынасы дұрыс болуы керек. Бұл жерде ересектер өзінің эгосын ысырып тастауы керек. Әйелдің ренішіне, күйеудің өкпесіне бала жауап бермеуі керек. Бұған үлкен адамдар өздері жауап беруі керек. Өз тәжірибемнен алып қарайтын болсам, мен баламен әкені араластырмайтындай бірде-бір себеп көрген жоқпын. Өйткені бұрынғы күйеуім жаман әке болған жоқ. Олай болса мен неге балаларды әкесінен шеттетуім керек? Одан бөлек, балаларым есейгенде менен «Неге біз әкеммен араласпадық?» деп сұраса қай бетіммен тыйым салдым деп айтамын? Менде баланың орнына шешім қабылдауға қандай моральдық құқық бар? Егер бала өзі араласқым келмейді десе, бір жөн. Ол – баланың өз шешімі. Сондықтан кішкентай, сөйлей алмайтын баланың орнына анасы шешім қабылдауы дұрыс емес. Өйткені бала ерте ме, кеш пе, әкесімен араласқысы келеді. Тіпті, 20-30 жылдан кейін табысып жатқан әкелер мен балалар көп. Ақыры болатын іс екен, онда неге әйелдер бала кезде шектеу қоюы керек? Сол 20-30 жыл аралығында әке мен бала арасында қаншама жақсы естеліктер, әдемі сәттерді бірге өткізер еді. Оны ұрлауға анасының қақысы жоқ. Дінімізде де туыстық қатынастарды үзбеңдер деп айтылады.
Әкесі баласына келмесе, келмеді деп балаға түсіндіріп айтасың. Бұл жерде келу-келмеу әкенің жауапкершілігінде. Бірақ көп әйел әкесінің баласына келуі үшін ештеңе істемейді. Біз көп жағдайда өз жауапкершілігімізді көргіміз келмейді. Аналар «Баланың ертеңгілік іс-шарасына келмейді» деп бұрынғы күйеулерінің үстінен жиі шағымданады. Әкесі қандай іс-шара болатынын қайдан білуі керек? Осылай сұрасаң аналар: «Ол әкесі емес пе? Неге ол балабақшаға хабарласып сұрамайды?» деп шығады. Жауапкершілігі бар әке хабарласып, біліп, баратын да шығар. Бірақ біздің қоғам ондай саналы деңгейге жеткен жоқ. Сондықтан ажырасқан әйелдерде екі жол бар. Бірі – балаңның әкесінің сол сана деңгейіне жеткенін күтіп отырасың, оған бірнеше ондаған жыл кетуі мүмкін. Екіншісі – өзіңнің қолыңнан келгенін істейсің, яғни баланың маңызды күндерін алдын-ала хабарлап, айтып отырасың. Бізде ажыраспаған отбасының өзінде әкелер баласының балабақшадағы, мектептегі іс-шараларын әйелінен біліп отырады. Өйткені баланы таңертең балабақшаға таситын, мектепке апаратын көбінде аналар. Ал тәрбиешілер мен мұғалімдер кімді жиі көрсе, жаңалықты соған айтады.