«Соңымызға түсті»: қарағандылықтарды қорқытқан Павлодар тұрғынына айыппұл салынды

Аталған жағдайға қатысты 49 жастағы жүргізуші ұсталды.

«Соңымызға түсті»: қарағандылықтарды қорқытқан Павлодар тұрғынына айыппұл салынды
ашық дереккөз
557

Бұл жағдай туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлады turkystan.kz  Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Қарағанды облысы тұрғынының айтуынша, 29 қазанда отбасы балаларымен Шарбақты ауылы ауданындағы тас жол бойымен екі көлікпен жүріп келе жатқан. Көліктердің бірінде транзиттік нөмірлер болған.

«Бізді қорқытқан жағдай болды. ШҚО-ға баратын барлық адамдарға ескерту жасағымыз келеді. Кейбір адамдар сол жерде жалғыз немесе транзиттік көлікпен жүретін жүргізушілерді іздейді. Олардың әрекеті ақылға қонымсыз», – деп жазды әйел адам әлеуметтік желіде.

Оның сөзінше, қарағандылықтар жол жиегіне тоқтаған кезде олардың жанынан салонда жастар отырған автокөлік өтіп кетіп, кейін қайта бұрылып келіп тоқтаған. Белгісіз көлік олардың соңынан қуып, жолын кескен. 

«Олар біздің тоқтағанымызды немесе соқтығысқанымызды қалады! Бұл жағдай 20 шақырым бойы жалғасты және олар дәл Абай облысы басталған шекарада артта қалды»,  – деді Қарағанды тұрғыны.

Ал патрульге соңынан жүрген қуғыншылар қарағандылықтар көліктеріне бөтелке лақтырғанын айтқан. 

Полиция департаментінде аталған жағдайға қатысты 49 жастағы жүргізуші ұсталып, ҚР ӘҚБтК-нің 606-бабының бірінші бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалғанын хабарлады. Ер адамға 10 АЕК айыппұл салынды.

Серіктес жаңалықтары