Костенко шахтасында қаза тапқандар саны өсті
24 кеншіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қарағанды облысында Костенко атындағы шахтада болған апаттан кейін құтқарушылар 22 кеншінің мәйітін тапты, деп хабарлады облыстың төтенше жағдайлар департаменті.
Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпановтың айтуынша, апат Астана уақытымен сағат 02.33-те шамамен 700 метр тереңдікте болған.
"Қазіргі уақытта 22 адамның мәйіті табылды, 24 кеншіні іздеу жалғасып жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Костенко атындағы шахтадағы құтқару жұмыстары екі кен өндіру орнында жүргізіліп жатыр.
Құтқарушылардың айтуынша, көзге көрінетін өрт ошақтары жоқ. Газ жағдайы бақылауда, сынамалар алынып, мәйіттерді жер бетіне алып шығу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жекелеген орындарда көміртегі тотығының концентрациясы рұқсат етілген нормадан асып кеткен, деп хабарлады ведомство өкілдері.