Бұрынғы вице-министр 7 жылға сотталды

Оған лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деген айып (ҚК 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы) тағылған еді.

Бұрынғы вице-министр 7 жылға сотталды
Ашық дереккөз
1024

Астана қаласының соты бұрынғы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Тимур Тоқтабаевқа үкім шығарды, деп хабарлады turkystan.kz.

Оған лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деген айып (ҚК 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы) тағылған еді.

Соттың хабарлауынша, айыпталушы лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, тікелей келіссөздер жүргізгенде министрлік атынан Қостанай облысындағы кен орнында қатты пайдалы қазбаларды барлауға өзі жетекшілік ететін АҚ-мен келісімшарт жасасқан. Келісімшарт еншілес «С» ЖШС-не жер қойнауын пайдалану құқығын одан әрі заңсыз беруді көздеген. Бұл ЖШС-де сенімді тұлға ретінде оның 20% үлесі болды.

Ал аталған кен орнында бұрын никель-кобальт кендерінің өнеркәсіптік қоры ашылып, «Г» ЖШС-мен өндіру бойынша келісімшарт бұзылған болатын. Кен орны өнеркәсіптік санатта бекітілген баланстық қорлары бар нысан ретінде өндіруге келісімшарт немесе лицензия жасау үшін аукционға шығарылуы қажет болған, бұл аукционнан кейін мемлекет бюджетіне 40,6 млрд теңгеден астам қомақты түсім болуы керек еді.

Кейінірек вице-министр «С» ЖШС жарғылық капиталындағы осы 20% үлесті үшінші тұлғаларға сатқан. Оның 10%-ы 425 млн теңгеге сатылған. Аталған қылмыстық әрекет салдарынан мемлекеттік басқару органдарының заңмен реттелген қалыпты қызметі бұзылған.

Вице-министр «К» АҚ-на баланстық өнеркәсіптік қоры 5,5 трлн теңгеден асатын кен орнын барлауға заңсыз берген. «К» АҚ одан әрі келісімшарт жасасуды көздеп, «С» ЖШС-ға жер қойнауын пайдалану құқығын берген.

Прокурор сотталушыны кінәлі деп тануды және 7 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сотталушы кінәсін мойындамады және соттан ақтауды сұрады.

Өз кезегінде сот айыпталушының жас балаларын қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін жағдай ретінде ескерді. Ал ауырлататын жайт – қабылдаған антты бұзу.

361-баптың 4-бөлігінің санкциясы 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасын қарастырады.

Сотталушы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. Мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына және 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Т. Тоқтабаев 1981 жылы дүниеге келген.

2011 жылдан бастап ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде жұмыс істеген.

Жер қойнауын пайдалану департаменті директорының орынбасары, директоры (2011-2016 жж.), этика жөніндегі уәкілетті өкіл (2016 ж.), вице-министр (2016-2019 жж.) қызметтерін атқарған. Оған дейін «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ-да, ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінде, «Қазгеоинформ» геологиялық мәліметтер орталығында және т.б. қызмет еткен.

Серіктес жаңалықтары