Шымкентте ер адам танысын көшеде ұрып өлтірген

42 жастағы күдікті қамауға алынды

Шымкентте ер адам танысын көшеде ұрып өлтірген
otyrar.kz

Шымкентте 42 жастағы ер адам танысын ұрып өлтірген. Оқиға 26 қазан күні сағат 18.00-де қаладағы рестобардың бірінің алдында болған, деп хабарлады turkystan.kz.

Otyrar.kz сайтының мәліметінше, күдікті 54 жастағы ер кісінің бас тұсынан бірнеше рет аяқпен соққы жасаған. Жедел жәрдем қызметкерлері дереу жеткенімен ер адамды аман алып қалу мүмкін болмады.

Жедел-тергеу тобы қайтыс болған азаматтың жеке басын анықтады. Ол 1969 жылғы жергілікті тұрғын болып шықты.

«Тексеру кезінде екі ер адамның арасында туындаған жанжал барысында жәбірленуші басынан алған соққыдан көз жұмғаны анықталды. Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігімен (Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) тіркелді», – делінген полиция мәләметінде.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 42 жастағы күдікті қамауға алынды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.