Рауан Кенжеханұлы: Қазақ тілі жоғалып кетеді деген фобияға негіз жоқ
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлымен ұйымның алдағы жоспары, атқаратын жұмысы, мақсаты мен міндеті туралы әңгімелескен болатынбыз.
Сонау 1989 жылы Алматыда өткен құрылтайда құрылған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қазақ тілінің республикамызда және одан тыс жерлерде кеңінен қолданылуына атсалысып келеді. Жақында Мемлекет басшысы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, Ұлттық құрылтай мүшесі Рауан Кенжеханұлын қабылдады. Кездесуде барысында қазақ тілінің қолданыс аясы турасында бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Осы орайда «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлымен ұйымның алдағы жоспары, атқаратын жұмысы, мақсаты мен міндеті туралы әңгімелескен болатынбыз.
– Жақында Мемлекет басшысы өзіңізді қабылдап, қазақ тілінің өзекті мәселелерін ортаға салды. Осы орайда Сізге қазақ тілінің қолданыс аясын арттыруға бағытталған практикалық жұмыстарға басымдық беру туралы тапсырма берді. Мұның орындалу жағы қалай болмақ?
– Иә, Мемлекет басшысы кездесу барысында қазақ тілін дамытуға қажетті нақты шаралар туралы кеңінен айтып, нақты тапсырмалар берді. Қазақ тіліндегі мазмұн қорын арттыру, білім беру жүйесіндегі тілді оқыту аясын кеңейту және оның әдістемесін дамыту, сонымен бірге технологиялық шешімдерді кеңінен қолдану бағыттары ерекше айтылды. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы осы міндеттерді іске асыруға тиісті салалардағы әріптес ұйымдармен бірге жұмыс істеуге дайын. Әрине, кез келген жұмыстың орындалуы, іске асырылуы қаражатқа келіп тіреледі. Бұл жағдай да Мемлекет басшысымен ашық талқыланды. Президент Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының эндаумент қорын құруды қолдайтынын айтты.
– Бұл тәжірибе «Қазақ тілі» қоғамы қызметін дамытуға нақты қандай үлес қосады?
– Эндаумент қорлары әлемдік тәжірибеде кең таралған. Ол – қоғамдық миссияға жұмыс істейтін коммерциялық емес мақсаттағы ұйымдардың жұмысын ұзақмерзімді әрі тұрақты етуге бағытталған тетіктердің бірі. Оның ерекшелігі жиналған қаражаттың өзі жұмсалмайды, сол қаражатты басқарудан түскен үстемеақы, пайыз негізгі мекемеге жыл сайын грант ретінде бөлініп отырады. Дүниежүзінде біз білетін ең мықты деген университеттер, оқу орындары, ғылыми орталықтардың бәрінің эндаумент қоры бар. Тіл, мәдениет, әлеуметтік мәселелер, соның ішінде қайырымдылық шараларымен айналысатын ірі қоғамдық ұйымдар да осындай негізінде жұмыс істейді. Ол үшін эндаументте қомақты қаражат болуы керек. Ал қомақты қаражат жиналуы үшін үлкен мекемелер, тіл жанашырлары жаппай осы жұмысқа араласуы қажет.
Президентпен кездесуде жекелеген жобаларды мемлекет пен демеушілер арқылы қолдау жолдары да талқыланды. Қазір қор жұмысына қажет қаражат тарту жұмыстары белсенді түрде жүріп жатыр. Кімнің қандай жұмысқа қанша қаражат бөлгенін ашық көрсетіп, жария түрде айтатын боламыз. Сонымен бірге, қаражатты игеру, жұмыс істеу барысы ашық көрсетіледі. Жыл сайын қоғам алдында есеп беру жүргізілмек және халықаралық аудит тетіктері енгізіліп жатыр. «Қазақ тілі» қоғамы Қазақстандағы ең ірі қоғамдық ұйымдардың бірі ретінде әлемде қалыптасқан тәжірибе арқылы жұмысын тиімді етуге, өрісін кеңейтуге талпыныс жасап отыр. Бізді қолдайтын ортаның ықылас-ынтасын, үлкен жобаларды жүзеге асыруға, көмектесуге ниетін көріп қуанып қалдық.
– Президент балаларға арналған анимациялық туындылар шығарудың, көпшілікке арналған кино өнімдері мен ғылыми-танымдық әдебиет қорын молайтудың, әлеумет желілерде ағартушылық бағыттағы арналар ашудың маңызына назар аударды. Осы орайда білім беру, технология мен медиа саласындағы қазақша контент пен цифрлық өнімдерді әзірлеуге дайынсыздар ма?
– Біздің алдымызға ақпараттық жүйелерді, IT саласының жетістіктерін медиа өндірісі бағытымен біріктіру міндеттері қойылды. Өйткені қазір қазақ тіліндегі ақпараттың таралуы балалар тілінің ана тілінде шығуынан бастап, ары қарай кез келген адамның жеке тұлға ретінде дамуы – ғылым, білім, әдебиет, танымдық ақпарат, кино, музыка, технологиямен етене байланысты. Бұл жұмысты іске асыруға дайынбыз, себебі біздің бұл салада ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибеміз бар. Соның ішінде Wikipedia ғаламдық платформасын қазақшалау, Google жүйесіне қазақ тілін қосу, Ted-лекциялар платформасын қазақ тіліне аудару секілді бірқатар жобаларды іске асырдық. Одан бөлек, Kitap деп аталатын Қазақстандағы ең ірі онлайн кітапхана жүйесін жасап шықтық. Сондықтан бұл жұмыстар өз жалғасын табады. Ал анимация бағытында дүниежүзіндегі ең танымал студиялардың ең жақсы деген анимациялық фильмдерін қазақ тілінде кеңінен тарату және қолжетімді ету міндеті тұр. Ол үшін арнайы қосымша дайындау, оны кез келген құрылғыдан қарап көруге мүмкіндік беру жағын ойластырып жатырмыз.
– Мемлекет басшысы ғаламдық цифрлық платформаларды қазақшалап, тіл үйренуге мүмкіндік беретін отандық ақпараттық жүйелерді көбейту қажеттігін атап көрсетті. Осы орайда қазақ тілін толық цифрландыруға қашан қол жеткіземіз деген сауал туындайды.
– Қазақ тілін цифрландыру әлдеқашан басталып кетті, енді ол ешқашан тоқтамайды. Алайда оның қолдану аясын кеңейту керек. Сондықтан халықаралық ірі ғаламдық цифрлық платформаларды қазақшалау, соның ішінде Windows, Microsoft, Apple, iOS, Android, Mac секілді операциялық жүйелердің қазақ тілінде еркін жұмыс істеуін қамтамасыз етуге тиіспіз. Ең кең қолданылатын платформалардың қазақша еркін сөйлеуін, жұмыс істеуін қолжетімді етуге міндеттіміз. Одан бөлек, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мырзамен Қазақстандағы ірі венчурлық қорлар және стартаптарды қолдау экожүйелерімен бірлесе отырып, қазақ тіліндегі стартаптарды қолдау үшін бөлек қор құру туралы келісім бар. Жақын арада меморандумға қол қоямыз.
– Қазақ тілін меңгеру қиын дегенді көп естиміз. Ағылшын тілі Beginner, Elementary, Intermediate, Advanced сынды бірнеше деңгейге бөліп оқытылады. Ал қазақ тілі олай жүйеленбеген, үйрету әдістемесі әлсіз. Бәлкім, қазақ тілін үйренудің қиындығының бір себебі осында жатқан шығар?
– Деңгейге бөліп оқыту әдістемесі әлем тілдерінде бұрыннан қалыптасқан. Соның ішінде қазақ тілінде де бірнеше әдістемеге негізделген оқу кешені бар. Кейбір оқу кешендерінің жарнамасы жеткіліксіз болып жатқан шығар, бірақ жоқ деуге келмейді. Тіл оқыту әдістемесін дамыту процесі де тоқтамауға тиіс. Себебі заман өзгереді, технологиялар жетіледі, соған сай адамдардың тіл оқу дағдысы да трансформацияға ұшырап жатыр. Сондықтан бізге тілді оқуға мүмкіндік беретін шешімдерді, оқыту кешендерін, әдістемелерді тоқтаусыз дамыта беру керек. Бұған кез келген әдістемелік-ғылыми орталықтар, мектептер, тіл оқыту орталықтары да өз үлесін қоса алады және біз де оларды ынталандыру жұмыстарына көңіл бөлеміз.
Жақында НЗМ ұжымымен кездестік, олардың тіл оқыту әдістемесі мен тәжірибесін қарастырдық. Тың, жақсы ұсыныстарды кеңінен насихаттауда бірлесе жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Тіл меңгерушілерге жан-жақты қолдау және көмек көрсету – халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы алдына қойып отырған негізгі міндеттердің бірі. Қазақ тілін үйрену қиын емес. Тіл меңгергісі келген адам оған ден қойып, көңіл бөліп, ықылас танытып, уақыт арнаса болғаны.
– Енді сұхбатымыздың арнасын жалпы қазақ тілі мәселесіне бұрсақ. Қазіргі қазақ тiлi дегенде қарама-қайшы екі жағдай ойға оралады. Бір жағынан, қазақ тілі – мемлекеттік тіл және аса бай, аса көркем тіл. Екінші жағынан, қазақ тiлi – iс жүзiнде мемлекеттiк iстер сирек жүргізілетін, экономикада, өндiрiсте, технологияда көп қолданылмайтын, халықтың бір бөлігі меңгермеген тіл. Бұл парадокс жылдар бойы неге өзгермей келе жатыр?
– Парадокс деуге келе қоймас, бұл өзінше бір табиғи процесс. Ол тек қана қазақ тіліне ғана емес, әлемдегі ірі тілдерге де қатысты құбылыс. Себебі жаһандану процесі өте қарқынды жүріп жатыр. Әлемдегі ғылым 80 пайызға жуығы тек бір-ақ тілде, ағылшын тілінде жасалып отыр. Технология, қаржы саласы, инновациялар, қысқасы қазіргі өмірге ықпалы өте зор негізгі индустриялардың дамуы негізінен ағылшын тілінің төңірегіне шоғырланып отыр. Тіпті, ірі тілдер санатына енетін француз, араб, орыс тілі де бұл саладағы ілгері, озық қозғалыстың, жаңалықтардың эпицентрі бола алмай отыр. Бұл тілдердің барлығы – жаңалықтар тұрғысынан келгенде, донор тіл. Яғни, білімді, ғылымды қабылдап алып жатыр. Мәселе біз сол өзге тілде жүріп жатқан жаңалықтарды, жасалып жатқан ғылымды, пайда болып жатқан технологияны, инновацияны өз тілімізге қаншалықты тез және тиімді қабылдап жатқандығымызда. Осы тұрғыдан келгенде қазақ тілінде сөйлейтін орта белсендірек жұмыс істеуге тиіс. Оның үлкен бағыты – аударма жұмысы. Аударма арқылы қазақ тілінің өмірге ықпалы зор, технологияларға, бизнеске, іргелі ғылымда және басқа да салаларда кең қолданылуын қамтамасыз ете аламыз. Содан кейін, әрине, қазақ тілінде сөйлейтін ортаны қолдау керек. Ол ортаны қолдаудың да негізгі амалы – сол ортаға қажетті жаңалықтарды, ғылым мен білімді, әдебиетті кеңінен аударып беру. Себебі балаға керек ақпаратты қазақ тілінде таба алмасақ, бұл өз тілімізді кері итеріп тастағанмен тең. Қазақ тіліндегі контенттің жетіспей жатқаны рас. Сол контентті жасау арқылы қазақ тілін функционалдық, практикалық арнаға бұруымыз керек. Осыған көмектесе алатын мазмұн көбейсе, онда қазақ тілінің бүгінгі өмір үшін өте маңызды салалардағы қолданысын кеңейтуге болады.
– «Тіл туралы» алғашқы заң қабылданғалы 30 жылдан асты. Одан бері қоғам жаңғырды. Демографиялық тұрғыдан жаңа кейіпке енді. Қазақтардың үлес салмағы артты. Бұл заң қазіргі қоғам талаптарына сай келе ме, қоғамдық қатынасты реттей алатын қауқары бар ма, қазіргі демографиялық болсын, әлеуметтік болсын келбетімізді толық сипаттай ала ма? Осыдан келіп «Қазақстанның мемлекеттік тілі туралы заң» қабылдау керек пе деген заңды сұрақ тағы да туындайды.
– Қолданыстағы «Тіл туралы» заңды жаңартатын кез келді, оған ешкімнің дауы жоқ деп ойлаймын. Өйткені 30 жылдан астам уақытта қоғамдық жағдай, демография, технологиялар өзгерді. Бірақ менің ойымша, заң қабылдаудан бұрын ол заңның мазмұны қандай, соны талқылау маңыздырақ. Бұл жерде біз жаңа заңның ішіне қандай талаптар кіруге тиіс, ол қай саладағы тілдің қолданысын қандай тетіктермен реттейді, кімге қандай талап қойылады және ол шаралар ары қарай қалай іске асады деген мәселелерге жауап беруіне баса назар аударуымыз қажет. Алдағы уақытта «Тіл туралы» заң төңірегінде талқы болса, ол нақты іс-шаралар мен тетіктер туралы болғаны абзал.
– Қазақша ауызекі сөйлеу мәдениетін де қозғап өтсек деймін. Сөйлеу туралы айтқанда «орыс болып кетті» деп қала қазағына ренжиміз-ау, дегенмен ауыл қазағының да көктетіп жүргені шамалы. Қыстырма сөздердi көп қолдану, орфоэпиялық қателер жiберу, орысша мен қазақшаны араластырып, қойыртпақ құрылымдармен сөйлеу, кiбiртiктеп, тұтығып сөйлеу – күнделікті көретін құбылыстар. Бұған кімді немесе нені кінәлаймыз? Әлде бұл мәселеге қалыпты құбылыс деп қарауымыз керек пе?
– Біз дәл осы мәселені Президентпен кездесу кезінде талқыладық. Мемлекет басшысы да осы мәселеге алаңдаулы екен. «Қазақы отбасында өсіп жатқан, қазақ мектебінде оқитын оқушылар көп сөзді бұзып, өзіміздің тілдің әуезіне жат үлгіде сөйлейді» деді Президент.
Қазақы ортадағы сөйлеу, жазу мәдениеті, оқу сауаттылығы, қарым-қатынас мәдениетінің төмендеп кеткенін ашық айту керек. Мұны халықаралық PISA зерттеуі де дәлелдеп отыр. PISA білім саласындағы сауаттылықты 3 бағытта қарастырады. Біріншісі – математикалық, екіншісі – жаратылыстану, үшіншісі – оқу сауаттылығы. Осы 3 бағыт бойынша қазақстандық, соның ішінде қазақ мектебінің оқушылары ең төмен нәтиже көрсететіні – оқу сауаттылығы. Біздің оқушылардың 64 пайызы ана тілінде дұрыс оқи алмайды, оқығанын түсінбейді, түсінбеген соң не ауызша, не жазбаша жеткізе алмайды. Сондықтан дәл қазір біз үшін орыстілділерді қазақша сөйлетуден бұрын, қазақша сөйлеп тұрған, сөйлеуге тиіс ортаның тілді меңгеру деңгейі, ол тілде сөйлеуі және қатынас құру мәдениетінің төмендігі ерекше күрделі мәселе болып тұр. Ал жалпы кез келген ілгері дамыған қоғам, жоғары мәдениет бірінші кезекте жазумен бағаланады. Ол тілде жазу бар ма? Қаншалықты көп жазады? Қаншалықты кең жазады? Ол тілде сараптама, мақала жазыла ма? Ғылым жасала ма? Экономика, технология, үлкен саясат жазыла ма, осының барлығы тілдің өмір сүруі үшін өте маңызды рөл атқарады. Аударма, редакциялау жұмыстарының бел ортасында жүргенде байқағаным, уақыт өткен сайын сауатты, тәжірибелі мамандар азайып бара жатыр. Бұл, әрине, қынжылтады. Кейде, тіпті, мәтінмен жұмыс істейтін білікті редактор таппай қиналамыз. Сауатты корректор табу шөп арасынан ине іздегенмен тең. Осының барлығы түптеп келгенде білім беру жүйесіне келіп тіреледі. Бұл мәселені де Мемлекет басшысына жеткіздік.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы айналысатын үлкен бағыттың бірі – білім беру жүйесіндегі қазақ тілі мен әдебиетін оқыту барысын қолдау, көмек беру, пән мұғалімдерінің бөлек форумдарын ұйымдастыру, оларға ғылыми-әдістемелік, қажет болса, техникалық көмек ұйымдастыру. Кезінде жақсы нәтиже берген классикалық әдістемедегі диктант, шығарма, мазмұндама жазу, қатемен жұмыс істеу, сөйлем талдау деген сынды әдіс-тәсілдерді қазақ тілін оқыту әдістемесіне, соның ішінде қазақтілді мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті бағдарламасына қайтадан алып келу керек. Қазір тілді оқытуда коммуникативті оқыту әдістемелері кеңінен қолданылады. Ол жерде грамматика арқылы емес, ең алғашқы кезекте сөйлету, қатынас құралы ретінде дамыту маңызды орынға қойылады. Мұндай әдісті ағылшын тілінде көп қолданады. Бірақ ескеретін жағдай – ағылшын тілін оқыту әдістемесінде, әсіресе ағылшын тілін екінші тіл ретінде оқытатын орта коммуникативті әдіспен жүреді. Тілді меңгеру деңгейі белгілі бір дәрежеге жеткеннен кейін академиялық жазу, вербалды және бейвербалды мағыналау, одан кейін эссе жазуды бөлек пән ретінде оқытады. Сол арқылы тілді қолданушылардың сөйлеу, жазу, оқу мәдениетін бөлек қалыптастырады. Мұндай талап қою – үлкен дәстүр әрі білім беру жүйесінің маңызды бір бағыты. Сондықтан бізге де осы бағыттағы жұмыстарды қолға алу қажет. Өйткені мемлекеттік қызметтегі құжат айналымының әлі дұрыс жүрмеуі, хаттардың қате жазылуы, қала көшелеріндегі қателіктер, тіпті журналистердің сөзді дұрыс қолданбауының өзі – білім беру жүйесіндегі тіл мен әдебиетті оқытудағы жіберілген олқылықтардың салдары. Егер біз түп-тамырына үңіліп, сол жерден кеткен қателерді жөндемесек, онда қиындықтың салдарымен күресіп жүре береміз. Ал бұл мәселенің шешілетін негізгі ортасы – мектеп пен балабақша.
– Қазақ тілі көркем тілді айтпағанда, ресми тіл бола алды, кеңсе тілі бола алды, публицистика тілі бола алды. Ал қазір ғылым мен техниканың тілі болуына не кедергі? Бұл кедергіні қалай жою керек?
– Қазақ тілінің қазіргі ең басты сипаты, оның бай халық ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеті тілдің табиғи мол қуатын білдіреді. Қазақ тілі бұл тұрғыдан келгенде кез келген ірі тілмен иық тіресіп тұратындай дәрежеде. Біздің тіл білімі өте терең, жан-жақты жүйеленген. Ғылыми негізі, зерттеу әдістемесі өте жетік. Тіліміз бай, әуезді, шұрайлы. Бұл – зор бақытымыз, құндылығымыз. Бірақ дәл қазір тілге жетпей тұрған сипат – практикалық, функционалдық қуат. Әсіресе, жастар өмірдің әртүрлі саласында тілді кеңінен қолдана алмайды. Ол – технология, бизнес, күнделікті тәжірибелік деңгейдегі қарым-қатынас, қарапайым нәрселерді сипаттау. Күнделікті тұтынатын бұйымдардың қазақша баламасының табылмай қалуы, оның орнына орысша, қазір енді ағылшынша баламаларының алға шығуы тілді шұбарлайды. Соның кесірінен тілдің әуезділігі де бұзылады. Бұл тілдің практикалық деңгейде қолданысының тарылуына алып келеді. Сондықтан бұл бағытта бізге қажетті дүниелерді атау және сипаттау жұмысын кәдімгі қарапайым деңгейге түсіру керек. Оны жай талап ету жеткіліксіз. Қазақша сөйлейік, бәрінің атауын қазақша айтайық дегенімізбен көп дүниенің қазақша атауы жоқ. Заттың атын атап, түсін түстеп, қалай сипатталатынын жазып жатқан ешкім жоқ. Жоғарыда атаған вербалды және бейвербалды мағыналау осы жерде керек. Оның мақсаты – адамдардың өз тілінде ойлауға, қарым-қатынасқа түсуге, сала-сала бойынша қоршаған ортадағы қажетті құбылыстарды, дүниелерді атап, соны ой, сана деңгейінде бекітуге көмектесу. Бұл бағытта сөздіктер, анықтамалықтар шығарып және сол сөздердің қолданысын өрістететін, реттеуге көмектесетін түрлі жарыс, байқауларды оқушылардың арасында өткізсе нәтижелі болар еді.
Мемлекет басшысы бекіткен жұмыс жоспарының ішінде баспа ісі бағыты бар. Соның ішінде балалар әдебиеті, көркем әдебиет, іскерлік әдебиет, ғылыми әдебиетті аудару және жазу жұмыстары анықталған. Осыған қосымша тілді дамытуға қажетті әдістемелік инфрақұрылым саналатын сөздіктер, анықтамалықтар құрастыру керек. Егер біз мемлекеттік тіл туралы жаңа заң қабылдасақ, сол заңның ішінде қабылдануға, бекітілуге тиіс бір маңызды бағыт – Мемлекеттік сатып алуды реттейтін процестердің барлығы қазақша жүруге тиіс. Оның тілге тигізер пайдасы көп. Себебі мемлекеттік сатып алу сала-саладағы барлық дүниенің атын атайды, қолданысын сипаттайды, ішінде техникалық талаптары, тапсырмалары болады. Ол көп сөздің қазақ тіліне аударылуына және қолданыстағы аудармасын енгізуге мүмкіндік береді. Егер осыны реттесек, барлық кәсіпорындарда, мемлекеттік және жекеменшік мекемелерде қазақша жазатын, білетін мамандар отырады. Содан кейін оны орындайтын адамдар да әр заттың қазақша атауы мен сипатын білетін болады. Сонда қазақ тілінің қолданысы практикалық деңгейге жетер еді. Бұл сияқты тетіктер басқа бағыттарда да бар. Ол күнделікті жұмыс барысында адамдардың мамандықтарына қатысты жұмыс ережелері, содан кейін нормативтік құжаттары, тіпті техникалық қауіпсіздікті реттейтін құжаттары қазақ тіліне аударылып, қазақша қолданылуға тиіс. Одан қала берді, өте қарапайым, бірақ маңызды нәрсе бар. Ол – біздің қоғамдық орындардағы, қалалардағы навигация жүйесінің жұмысын қатесіз қазақшалау. Қазір әр жердегі шала сауатты аудармашылардың кесірінен көп сөз қолданысқа енбей қалып жатыр. Осындай тетіктер арқылы техника саласында қазақ тілінің практикалық және фунционалдық сипатын күшейтуге болады.
– ХХ ғасыр басында Ахмет Байтұрсынұлы «Жат сөздерді басқалар, мәселен, орыстар өз тілінің заңына үйлестіріп алғанда, солай алуға біздің де қақымыз бар» десе, Алаш арысы Халел Досмұхамедұлы «Тілге кірген жат сөздер де сіңу үшін, тілге «өзілік» болуы үшін сол тілдің заңымен өзгеріп, танымастай халге келуі керек. Бүйтпесе, жат сөздер бұралқы болып, тілдің шырқын бұзады, тілге зиян береді» деген. Жалпы, біздің терминологияда авторитаризм бар сияқты. Терминком бір терминді бекітеді де, жұрттың бәрін солай жазуға міндеттейді. Бұл қаншалықты дұрыс? Кезінде «Ұлттық аударма бюросы» «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру кезінде термин мәселесін қалай шешті?
– Бұл да бізді жиі мазалайтын сұрақ. «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында осы мәселемен бетпе-бет келдік. Аударма барысында бұрын шыққан сөздіктерді кеңінен қолдануға тырыстық. Бізде әр сала бойынша шыққан терминологиялық түсіндірме сөздіктер өте көп. Бірақ ол сөздіктердің қолданысқа қажеті шамалы. Себебі олардың барлығы сөздік ретінде құрастырылып, сөздіктен сөздікке көшірілген. Сөздіктерде ұғымдардың, терминдердің мәтіннің ішінде, мағыналық жағынан қалай қолданатынын көп ескермеген. Сондықтан терминдерді сол күйінде алып қолдана беруге келмейді. Сол себепті біз аударма барысында бағыт-бағыт бойынша шыққан кітаптарға сүйене отырып, мәтіннің ішіндегі мағыналық нұсқасын ескере отырып, «100 жаңа оқулық» жобасының қорытындысы негізінде 4 сөздік шығардық. Олар: Экономикалық сөздік, Әлеуметтік ғылымдар сөздігі, Қазақ тілінің кірме сөздер сөздігі, «Қазақ-ағылшын», «ағылшын-қазақ» Oxford сөздігі. «Қазақ тілінің кірме сөздер» сөздігінде сіз айтып отырған термин мәселесі біршама реттелді. Бұл сөздікте қазақ тіліне шет тілдерден енген 9 мыңға жуық сөз қамтылды. Жалпыхалықтық тілдегі сөздер мен кең тараған терминдер алынып, олардың мағынасы түсіндірілді және шығу тегі көрсетілді. Ұсынылып отырған сөздік – қазақ тіліне латын, грек, ағылшын, француз, араб, парсы, испан, неміс, орыс, итальян, қытай, моңғол, португал және өзге де тілдерден әр кезеңде енген кірме сөздерді барынша кең қамтып отырған алғашқы көлемді еңбек. Сондықтан осы жасалған жұмыс ары қарай қазақ тіліне өзге тілден кіретін сөздердің қазіргі заманда қай ережемен, қай тәртіппен кіруін жүйелеуге көмектеседі деп ойлаймын.
– Аударма дегеннен туындап отыр, қазақ тілінің әлем тілдеріне белсенді аударылатын тіл болуына не кедергі? Қай бағытта жұмыс жүргізуіміз керек?
– Аударма біз үшін ауадай қажет. Бізге өз тіліміздің әлеуетін, пәрменін күшейту үшін, оның қолданыс аясын кеңейту үшін өзге тілден, әсіресе ағылшын тілінен ғылымды, білімді, технологияны, кәсіпке қатысты ақпаратты кеңінен аудару қажет. Одан бөлек, балаларға қажетті танымдық дүниелерді кеңінен аудару да маңызды. Ол бір басталып, тоқтап қалатын жоба болмауы керек. Бұл ұдайы, тұрақты түрде, сала-сала бойынша, бір емес, бірнеше орталықтар арқылы іске асырылуға тиіс. Менің ойымша, барлық оқу орындары, ғылыми орталықтар, интеллектуалды еңбекпен айналысатын зияткерлік орта, зиялы қауым түгелдей аудармаға кірісуі қажет. Егер қазақ тілі аударма арқылы өзге тілден сусындап, байып отырмаса, оның қолданыс аясы тарыла береді. Аударма кеңейген сайын мамандар өседі. Білікті, білімді орта қалыптасады, бара-бара аудармашылар да жаңа туындылар жазып, автор ретінде дами береді.
Ал аударма жұмысының «қолын байлайтын» – қаражат. Сондықтан бұл саланы мемлекет, мекемелер, қоғам, кәсіпкерлер болып кеңінен қолдау керек. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы осы бағытта донорларды кеңінен тартады. Қаражат болса, қолдау болса қалған дүние өзі келеді, қалыптасады. «Аудармашылар жоқ, аударма мектебі әлсіз» деп жатады. Әрине, аударма процесі болмаса мамандар біліктілігі артпайды. Аудармашылар аспаннан түспейді. Олар күнделікті жасаған жұмыстың нәтижесінде өседі, жетіледі, қалыптасады, күшейеді.
– БҰҰ мамандарының айтуынша, тіл сақталуы үшін 100 мыңдай сөйлеушісі болуы керек екен. Ал жазушы Мұхтар Мағауин: «10 миллионнан асқан халықтың тілі құрымайды. Құриды деген адамның тіліне шоқ түссін» – дейді. Қазақ тілі жер бетінен жоғалып кетеді деген фобияға негіз бар деп санайсыз ба?
– Қазақ тілі жоғалып кетеді деген фобияға ешқандай негіз жоқ. Қазақ тілі дүние жүзіндегі Жаратушының ерекше назары түскен тіл ғой. Тілдің ішінде ілгері дамыған, өзіне қажетті барлық тілдің құрамдас элементтері толықтай қалыптасқан, яғни лексикасы өте бай, грамматикасы жан-жақты зерттеліп, жүйеленіп, қағазға түскен тіл. Артында тәуелсіздігі бар ұлт тұр. Қазақ тілі – тұтас ұлттың, шекарасы белгіленген мемлекеттің тілі. Әлемде мемлекеттік мәртебесі бар тілдер саны жүзге жетпейді. Бізде тілге қажетті негізгі талаптарды толықтырып тұрған үлкен қолданыс аясы бар. Ғылым, тілдегі мазмұн жасау, ең бастысы сол тілде сөйлейтін ортаның мәдениеті бар. Осының барлығы тілге қуат береді.
Қазақ тілі – әлемдегі ең мықты, ең тегеурінді жүз тілдің ішінде. Ал енді оның дамуы, болашағы, ертеңі бұл сол тілде сөйлейтін ортаға байланысты. Біз өз тілімізде дұрыс сөйлеп, белсенді қолданып, көп оқып, көп жазып, өзге тілдегі орта қызығатын мазмұн шығара бастасақ, онда тілдің әлеуеті, мүмкіндігі арта береді. Қазіргідей ғаламдану процестері ерекше үдеп, күшейіп жатқан заманда барлық тіл, соның ішінде қолданушысы көп француз, испан, тіпті орыс тілінің өзі де тілді сақтауға, дамытуға арналған арнайы жобалар жасап жатыр. «Русский мир», «Франкофон» ұйымы немесе «Сервантес институты», Конфуций институты осыған дәлел. Сол сияқты Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы да осындай бағытта жұмыс істейтін ұйым. Біздің міндетіміз – қолымыз жететін барлық құралдарды пайдалана отырып, тілдің дамуына жағдай жасау. Бірақ мұндай ұлы мақсатты бір ұйым жалғыз жасай алмайды. Бізге керегі – қазақша сөйлейтін ортаның жұмылуы, олардың талғамының, мәдениетінің, өресінің өсуі. Қазақша сөйлейтін орта көп оқып, сауатты сөйлеп, әдемі жазатын болса, тіл қуаты артады. Сонда қазақ тілінің жоғалуына да, әлсіреуіне де негіз болмайды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ