Мэтр Мағауинмен мәшһура

Алдымызда алқаракөк шыңдардың асты-үстімен өтетін көктаспа жол... Оң қапталда – Ақтеңіздің үстінде он төртінен толған ай балқып жатыр. Ал менің ойымда – 83-ке келіп – «мың айдың жүзін көріп», нұры толған айдай балқып отырған Мұхтар ағам!

Мэтр Мағауинмен мәшһура
turkystan.kz
3410

Әлқисса, Көне (Кония) шаһардағы «жаһан­­­дық мистикалық әуендер» фес­ти­валінің ая­сын­да «Ясауи» тобының ғажап кешін өт­кіз­ген күн­нің ертесіне жақында Аме­рикадан Түр­­кия­ның Кемеріне қоныс аударған Мұх­тар Ма­ғауин ағамызға сәлем беруге асық­тық. Қала сыр­­тынан күтіп алған жазушының ұлы Еді­ге шаңырағына бастады. Аға-жең­ге­міз­бен арқа-жар­­қа амандастық. Бақыт­жамал жең­гем ме­нің тамыз айында шығыс бетті, Алтай жақты ара­­лағанымнан хабардар екен, қуа­нып қал­­дым. Аман-түгелден соң ілкі сауа­лым: «Ал­тын Орда» бітті ме?» болды. Ол кісі: «Амери­кадан соң­­ғы нүктесін қойғасын барып бері қарай қоз­­ғалдық» деді. Бұл біз үшін қуа­ныш­ты, бәл­кім, күллі Алаш үшін сүйінішті, сүйін­шілі ха­­бар еді...

Жә, басынан бастайыншы...

Тұлпарлар туралы толғау

...1991 жылдың қазан айының басы. Ұлт­тың Тәуел­сіздікке қарай – енесіне еңсеген қо­зыдай ұм­тылып келе жатқан шағы. Тәуел­сіздіктің жолына ша­шылған шашудай жер нәу­беті айырықша бұл­қын­ған сол жылы ма­мыр айында ұлы жырау Қаша­ған Күр­жіманұлының Маңғыстаудағы «Қырықкез» әулие маңында «Там-байғазы» тойы аса бір салта­нат­пен өткен. Қазанда ақынның 150 жылдық тойы­на да өлкеміз қатты күбінді. Әбіш аға Кекілбайұлы Ал­матыдан өзінің дос­тары­мен жеткен. Арасында – жастайынан тел өскен досы Мұхтар Мағауин жұ­байы Бақыт­жамал жеңгеймен бірге келген...

Сол жылдары Түрікменстанның Шаға­да­­­мынан баяғы «адай жылқысының» тұяқтарын сақтап қалған – бәйгілі Тіней Шам-Талпақтың немересі Терекбай-сейіс, әй­гілі Базар-Жары Ізбас ақын Есімұлының не­мере інісі Алпамыш сынды ақсақалдар ке­ліп Маңғыстаудағы аламандарға ат қосып жә­не бүкіл жүлделерді сыпырып алып кетіп жүр­ді. Маңғыстау совхоздарының жай­шы­лық­та «жүйрік» атанып жүрген, «советтік се­­­лекциядан» шыққан тұғырлары әлгі көк­мой­нақтардың тезектерін теруге де жарамай қал­ған! Ең сұмдығы, сол тұлпарлар ала­ман­ның соңын алашаң қылып бара жатқан 
шо­быр­ларға қайта айналып қуып жетіп, кейде соңы дауға айналып, тұғыриелері бір ай­на­лым кейін келген аттарын әлгі шын тұл­пар­лармен әдейі шатастырып, даудың алашаңын борат­қан тұстары да бар... 

Шағадамның шалдары ылғи «Шынжыр» қыс­тағындағы аулымызға түсетін. Терекбай-сейіс өзінің торы айғырын атшабыстан кейін біздің ауылға тастап кететін. Сол жануар үш жыл­дай қолымызда болды, талай бәйгіні ал­ды. Тобышақ – бір көрген адам «құнан ба?» деп қалғандай, бірақ шыға шабатын – шы­ғы­нып шабатын, бәйгінің соңына дейін алдына қа­ра түсірмейтін шын жүйрік еді. Той алдын­да ауылға барсам, Түрікменстаннан келген атбегілер басып жатыр екен. Аман-түгелден соң бұрынғылардың жолымен «ат бәйгілі бол­сын!» айттым. Тілегімді Терекбай қария ырай­ланып қабылдады. Мен: «Шоңай Алшын бастаған 60-тан аса үкімет адамы ауылы «Сармыс-Тәжіде» отырған, совет өкіметіне қар­сы қару алып соғыспаққа ниеттенген ай­тулы мерген Тоқабай Құрмаш Қосжанұлын ырай­дан қайтармақ болып барғанда, Құрмаш қонағасыдан соң батаны өзі беріп: «Бабық Ыр­­­забек-Бурабектің қойын берсін; Тіней Шам-Талпақтың тайын берсін; Олжашы Ай­дар­байдың ойын берсін; Шоңай Алшынның бойын берсін! Қалғаны маңдайларынан көр­сін!» – депті ғой. Сол батасы қабыл екен анау жатқан тентек шалдың, – деп ауылдың ілгергі бетіндегі Құрмаш батырдың «қызылдармен» со­ғыста шейіт болып өлген бейіт тұсын нұс­қадым. – «Зәкария – Шам-Талпақтың» совет тартып алған 22 000(!) қылқұйрығының т­ұ­қы­мын сақтап қалған екенсіздер», – деп ал­ғыс айттым...

Ертесі күнгі кешке Ақтаудың жанындағы Басқұдықтағы атшабар алаңынан алқынып інім Үттібай (марқұм) келіп хабар берді: «Бәй­ге аттарды Мұхтар Мағауин келіп аралап шық­ты. Біздің торы айғырды («Терекбай то­ры») көріп: «Мынаның алдына ертең құс та түспейді!» деді. Есен Әділханның (Әділхан Бақ­тыбайұлы – «хан» Тобанияз Әлниязұлы­ның туған балдызы, яки Дөңбай шешеміздің інісі) қараалаяқ арғымағы екінші келетінін айтты. Қалыңбаев Әбділданың қоңыр атын көріп: «Жануар ұзаққа шабатын жылқы екен. Енді бірер айналым болса, екіншіге осы ілі­нер еді» – деп кетті...» Біз өзіміз әулиедей құр­­­меттейтін жазушының айтқаны келгей де­ген тілекпен қалғанбыз. Ертесіне 100 неше ат қосылған аламан бәйгеде Мұхтар Мағауин­дей саңлақтың айтқаны айнымай келгені ғой! Кейін осы әңгімені Есенғали Раушанов ағама айтқанда түк таңданбастан: «Әрине, айт­қаны келеді. Ол тегін адам болса, «Мұхтар Мағауин» бола ма?!» деген...

...Кешегі айғұншақ Ақтеңіз бен бозғұншақ айтеміз-шыңдар қауышқан Түркияның Ке­мерін­де, – ежелдің тарихшы-географы Стра­бондардың табаны тиген қоныста, – қаламгер шаңырағындағы келісті кеңесте сол кепті ес­ке салдым. Ағам осы әңгімеден соң жүйрік­тер­дің тағдыры туралы айтып кетті: «Әкем (үл­кен әкесі Мағауия Құрымбайұлы ақсақал) Абай әулетімен аралас-құраласқан, Алаш қай­раткерлерімен дәмдес болған (оның үйін­де 1918-1919 жылдардың айқыш тұсында Мір­­жа­қып, Райымжан Мәсековтер бастаған ала­шор­­далық ұлт көсемдері 40 күн панала-ған. – С.Н.) жөнбілгі-сөзбілгі адам болатын. Өзі ат­­бегі еді. «Нарқызыл» деген аты болды. Он­дай жүйрікті туды-бітті көрмедім. Кейін ол тура­лы «Жүйрік» атты хикаят жазғанымды біле­­сің­дер. Жануар жай жүргенде де, шап­қан­да да қатарына ат ілестірмей мойын оздырып оты­рар-ды. Ұран шыққан сәтте кірістен ыт­қан жебедей зымғап кетіп бара жататын. Әп дегеннен артындағы самсаған жүйріктен қара үзіп шыға келетін. Сол озғындаған күйі ал­дымен келер-ді. Есентай атты бәйге-баласы болды. Бір қызығы, бәлкім, бұл – қасіреттің зоры, елінің тұлпары – Нарқызылдың тілеуін ешкім тілемейтін. Бәрінің көкейінде: «Осы жо­лы қала қойса екен!» «Сүрінсе ет-ті!» «Мер­тік­се ғой!» «Өлсе екен!» деген жаман пиғыл­да­ры іштеріне сыймай, сырттарына лықсып шы­ғып жататынын талай естідік. Бірақ әкем олар­ға, тіпті де мән берген емес. Заңдылықтай қа­былдайтын. Мысықтілеу көпшілік, кісәпір топ­шылық қанша жерден қарғаса да, Нар­қызыл олардың өзегіне түскен қызғаныштың қызыл құрттарын одан сайын семіртіп, қарақшыдан жалғыз айналуын қоймайтын... Кейін бақсам, мұның өзі, шынында, табиғи заң­дылық көрінеді. Шеннен шыққан жүй­рік­тің, – мейлі, ол – мал, мейлі, адам болсын, – маң­дайына бұйырмыс мөр-тағдыр осы екен...» Мұны айтқанда, Мұхтар ағамның өңі ала­­бұртып, жанары дымданып қоя берді. Те­рең күрсінді. Көз алдыма, – ақыры, оза алмас шо­быр, көре алмас тобыр тілеуіне жете алма­ғасын, – қолтық-қолаңсасына (жүрек тұсы) ине қадап жіберген Нарқызыл тұлпар елес­те­ді... Кенет кәрі тұлпар ышқына кісінеп жі­бер­ді! Адам-алмауыттың осына аласүрен үнін алыс­тағы Қазақиясы естіді ме екен?.. Әй, қай­дам? Өйткені көкірек-көмейдегі ыш­қын­ған үнді, көңіл-көбедегі алқынған демді, өмір-сөредегі ысқырған желді жанында отыр­ған мен ғана естігем. Өйткені ол тыныс ма­ған ғана телімел, ол дыбыс маған ғана ете­не-тін. Өйткені...

«Екі-ақ адамға сендім!»

Менің: «Күнделік жүргізіп көрдіңіз бе?» де­ген сауалымнан соң Мұхаң әңгімесін ары жал­ғады: «Күнделік жазу – өзіңді тірілей тұ­зақ­қа түсіргенмен тең болуы мүмкін еді, ол кез­де (менің жадыма Әбіш аға Кекілбаевқа: «Аға, басыңыздан не қилы оқиғалар өтті, өтіп те жатыр. Ең бір шешуші кезеңдерде атқа мін­діңіз, топқа кірдіңіз, отқа түстіңіз. Сол ке­зең­дер жайлы білгісі келетін ұрпаққа сіздің өз аузыңызбен берілген куәлігіңіз аса құнды ғой. Жад дәптерінде ол жайлардың бәрі бір­дей таңбаланып қалуы мүмкін емес, ақпа­рат­тар дәуірінің қара тасқыны көп нәрсені адам са­насынан әп-сәтте шайып үлгеруі мүмкін. Сон­дықтан арнайы күнделік жүргізіп оты­ра­сыз ба?» – деп сауал қойғаным, ағамның: «Күн­­­­делік жүргізу – өзіңді өз қолыңмен қақ­пан­ға түсіріп, орға жығу ғой…» – деген қысқа ғана жауабы оралды). Алдыңғы ағаларымдай аса үрейлі болмаса да менің де өмірім қатерлі өткелдің үстінде өтті. Әр сөзіңді абайлап ай­тып, әр қадамыңды аңдап баспасаң, – отар­лық жүйе ешкімді, әрине, оның ішінде, – Ұлт мұратын ту қылып жүргеніңді білсе, аямай­тын. Сондықтан «кішкентайдан бірге өскен» достардың өзіне күмән-күдікпен қарауға мәжбүр болдым. 1986 жылғы желтоқсан дүр­белеңінде біраз дүниелерімді жоюға тура келді. Құданың құдіреті, алғашқы әңгіме­лерім­нің бірі – ашаршылық туралы «Бір уыс би­дай» атты әңгімемді жойдым дегем, оның ең ілкі түпнұсқасы сақталып қалыпты...

Мен өмірімде екі-ақ адамға сендім, қа­­­­зақта – Әбішке, екіншісі чуваш жазушысы Юхма Мишшиге! Әбіштің жайы бел­гілі, ол екеуміздің мақсат-мұратымыз әзел­ден бір-тін. Ал чуваш дос та арыға салсаң, түр­кілік туыстығы бар, беріге келсең, қалам мен досқа адалдығы өз алдына, ол да біздің қа­зақ сияқты, тағдыры қазақтан да ауыр отар ел­дің өкілі. Сонау советтік 70-жылдардың өзін­де онымен ұлт азаттығы жайлы көп сөй­ле­сетінбіз. «Сен бақыттысың ғой, – дейтін ол мұңайып. – Ұлтанды жұртың, ұлан-ғайыр же­рің, құнарлы тілің, сарқылмас салт-дәс­түрің, бай тарихың, есепсіз рухани мұра­ла­рың бар...» Мен оған: «Біз – қазақ, енді елу жыл­дан ұзамай бодандық бұғауын үзіп, бос­тан­ға шығамыз!» – дейтінмін кесіп-пішіп. Ол: «Орыс басып қалған «целинный крайың­ды» қайтесің?» – дейді. Мен: «Біздің тегімізде «бөрілік» бар. Көкжал қақпанға түссе, – сира­ғын шайнап қалдырып кетеді. Керек болса, біз де сөйтеміз. Солтүстік өлкені жатқа қал­дыр­сақ та, кеудеміз бен басымызды азатқа шы­ғарамыз. Бас пен кеуде аман болса, кейін жі­лігіміз толып, жалымыз тұтасқан бір шақта ол өлкелерді де қайырып аламыз!..» 

Тәуелсіздіктен соң, яки 1997 жылы маған да, оған да «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығы бұйы­­­рып, екеуміз Ыстанбұлда жүздесіп, бұрын­ғы әңгімелерімізді қайта жалғадық. «Сенің сәуегейлігің айнымай және сен айтқан мерзімнен де бұрын келді. Оның үстіне сол­түстік өлкелерің де өздеріңе бұйырды», – деді ол. Бірақ біздің қалдырғанымыз бен алдыр­ға­­­нымыз әлі де жетерлік... Дегенмен мен оп­ти­мист адаммын, тарих бір бұлқынып, азат рух бір жұлқынғанда жатта қалған қоныс­тарымыздың өзімізге қайтарына сенем...» 

Мен де шүбәсіз сенем, Мұхтар аға!

«Мен «советтік адам» емес едім...»

Мұхтар аға келесі бір кепті былай қоз­ға­ды: «80-ге келгенде бір жаңалық аш­тым (жымиды). Өзіңе мәлім, тұңғыш ро­ма­ным «Көкмұнарға» замандастарым мен қ­а­ламдастарым қатты шүйлікті. Алайда қа­лың көпшіліктің ықыласы ол шығармаға мүл­де басқаша болды. Одан соң «Алдаспанға» шабуыл басталды. Мұның себебін соң білдім, ба­тыста біреудің совет халықтары жөнінде кіта­бы шығады. Оны кейін мынау Едіге (ұлын нұс­қады) тауып алды. Сол еңбекте «советтің қол астындағы шығыс халықтарында ұлт­шыл­дық оянып келеді» деп, мысал ретінде ме­нің аталмыш еңбегім көрсетіледі. Советтік КГБ-ның қырағылығы сұмдық-тын, содан ме­ні сүргілеу мен тілгілеу басталған ғой. Әйтпесе, мінезіммен ешкімге кедергі келтір­ген, жат қылықтарыммен көзге түскен жерім жоқ... 

Жалпы, қаламгер саяси биліктің көзқара­сы­на тәуелді болмауы керек. Билікте бір тұлға туралы тұрақты пікір болмайды. Өйткені тұл­ға ылғи олардың оң жағынан шығып оты­ра алмайды. Өйтсе, тұлғалық қасиет қал­майды. Мысалы, француздың Луи Арагонын СССР қанша әспеттеді. Халықаралық Ленин сыйлығымен марапаттады. Ал 1968 жылғы Чехословакиядағы «тамыз толқуын» басып-жан­шыған «социалистік лагерь» әрекеттеріне на­разылық білдіргені сол еді, советтік идео­логия оны «қара есекке теріс мінгізіп» шыға келді. Кейін ымыраласқан бір тұста қайыра дәріптеді.  

Бірақ мәселе маған тірелсе, мұның бас­қа да бір сыры бар... Мен Абай таны­мын­да, Алаш рухында тәрбиеленген жан едім. Ж­а­қында «Абай жолын» қайыра оқып шық­тым. Рас, Мұхтар Әуезов менің ұстазым, ол кісі туралы бөтен әңгіме айта алмаймын... Бір оқиға есіме түсіп отыр. Дәріс үстінде партам­ды ұстазыма өте жақындатып қоюшы ем. Көй­легінің ішінен киген жұқа киімі, оң жақ ше­кесіндегі біреуі тым көлемді, қалғаны ұсақ­тау он екі меңі әлі көз алдымда тұр. Бір күні ұстаз: «Абайдың өмірбаянын ең алғаш жазған мен­мін» деді. Сол кезде менің көмейімнен шын­дықтың даусы шығып кетті: «Жоқ, сіз емес. – Ұстаз маған аңтарыла бұрылды. – Абай өмірбаянын тұңғыш жазған Әлихан Бө­кей­хан!» Әуезов үндемеді, кейін бір қаға­берісте мұндай әңгімелерді айта беруге бол­май­тынын еппен ескертті... 

Француздың классикалық прозасын ны­сана қылған адам ғой, Мұхаң романдарында да бір-біріне мүлде ұқсамайтын жүздеген кейіп­керлер, таңғажайып табиғат суреттері, ше­берліктің небір үлгілері бар, оны ешкім жоқ­қа да шығара алмайды, ол мектептен ат­тап та, айналып та өте алмайды. Алайда сая­­­­саттың қысымынан – өзінің ұлтшыл ұстаз­дарын терістеу, «ұлы халық» өкілдерін әсі­ре дәріптеу, өсіре мадақтау бүгінгі көзге – жыртыққа жамаудай бадырайып көрініп тұр. Әйтпесе, біздің кеудеміз жоғары ұлт едік, кез келген қаңғы мұжық пен бәңгі бұзық түгілі са­раала иық төрелерін теңсінген емеспіз. Бұл қасиет, мысалы, көп шалдарымызда, оның ішінде өз әкем Мағауияда да бар-тын... Содан да болар, мен «совет адамы» деген өлшем мен мөлшерді мүлде қабылдамаған, ол қалыпқа сыймаған адаммын. Өз замандастарымның маған соншалықты жатырқай, көбіне – өшіге, тіпті, одан да шығай маңып, жауыға қарағаны да содан екен, бұл менің ашқан жаңалығым! Оның қарсысына мен де оларды бойыма шақ санамағаным анық. Жоғарыдағы «Әбішке ғана сендім» дегенімнің астарында да осы шын­дық жатыр...

«Ұлы жазушылардың үздік шығармаларымен жарысқа түскен кездерім көп...»

Әңгіме барысында Маңғұлияда 1912-1923-жылдар арасында өткен бұл­­ғақ ке­зең «Жалама айдаған жылдар» ту­ралы сөз қозғап, өзімнің ол туралы дастан жазбақ болғанымды, кейін Мұхаңның «Кесік бас – тірі тұлұп» хикаяты жарыққа шыққасын кі­діріп қалғанымды айттым. Мұхтар аға: «Әл­де де жаз. Проза мен поэзияның жанрлық айы­­­­рымдарын өзің де жақсы білесің, тақы­рыпты игеруде олар бір-біріне кедергі кел­тір­мейді, – деп алып, ар жағы Әз-Тархан жақтың қал­мағы – ішкі Маңғұлияда «дүрбін-ойрат» мем­лекетін қайта құрмақ болған Да Лама Дам­­бийжанцанның қазақтарға қылған шен­сіз хайуандық, шексіз қысастығын еске алды.

– Қаламгерлерде де ала­ман­дағы жүйрік сияқ­ты, өзара бәсеке бо­лады. Онсыз жылжу кем, өсу жоқ. Мы­салы, Иво Андрич атты юго­с­­лав жазу­­шысы болды. Өзі елінің Но­бель сый­лығын алған бірден-бір ада­мы. Соның «Дрин­де­гі көпір» атты ро­ма­нында кейіпкерді дұш­­пандары іс­тікке отырғызады. Істік әлгі міс­кін­нің өз салмағымен ішек-шабағын түгел ара­лап өтіп, үш күнде иығынан тесіп шы­­ғады. Міне, сол азапты сурет көкейім­нен кетпей жү­ре­­тін, кейін айтылмыш «Кесік басты» жаз­ғанда сол Ивомен жарысқа түс­тім...

Он екі баулы Абақ Керейдің Қа­ра­қас ата­лығынан шыққан Тоққ­ұлы қа­жының баласы Ақым­бет 1913 жы­лы Баян-Өлгейдің Дэлү­нінің маңын­да Жалама залымның қолына түсті қапыда. Әуелде кезбе тақуа «ба­дар­шын» болып келіп, артынан көп би­лікке қолы жет­кен кенеусіз қанішер Жалама – өзін, – «құбылғон-геген», яки баяғы қалмақ қонтай­шы­сы Әмірсананың жаңа заманда қайта пай­да болған бейнесі, жаңарып қайта туған әу­лие, құдіретті «доқ­шын» санайтын си­қыршылық қабілетінің арқасында онысына надан көпті сендірген пәлекет – Ақымбет ба­тырдың терісін тірідей сы­пыртып тұлұп жа­сатады. Мақсаты – қазақ­қа деген өлшемсіз өш­пенді шөлін басу және дұшпанының тері­сінен өзіне, «сары діні» бойынша, «құл­шы­лық-жайнамазын» жасау...

Сөйтіп, Андричтің кейіпкері үш күнге со­­зыл­ған тән төзгісіз, жан соз­ғы­сыз азап­тан соң жан тапсырса, менің Ақым­бетім­нің то­зақ­қа ғана телімел азабы он үш күнге со­зы­лады! Қоспасыз шындық деп қа­былдайсың ба, қаламгер ұста­ха­­насының қаяусыз сом­да­ған обра­зы дейсің бе, ол өз еркің... 
Ерлігі кемел, айласы кем, бей­бақ Ақымбет ба­тырдың тұ­лыбы қазір Че­хия астанасы Пра­га­ның Ұлттық му­зейінде тұр. Тұлып­ты I Жаһан со­ғы­сында тұт­қын болып, Сібірге жер ау­­дарылған чехословак корпусы әпе­сер­­лері­нің бірі Вацлав Копецкий кейін еліне алып кетеді. Сірә, Жаламаны жер қаптырған капи­тан Булатов сыйласа керек. Копецкийдің бір ұр­па­­ғы осы берегіректе мұражайға табыс­тай­ды. Бары – осы...

...Мен сөзіме сәл әзіл тұздығын қостым: «Мі­не, Жалама – жауызды айтамыз деп, сіздің шы­ғармашылық лабораторияңызға таңсық әле­міңізге өтіп, тылсым әлеміңізге еніп кет­тім. Дүниеде олжа іздеушілер көп, менің бү­гін­гі олжам осы болды!..» 

Ағам ырайлана жымиды.

«Үш құрдас» хақында

Аға әңгіме үстінде Әбіш досына бірнеше рет қайрыла соқты. «Әттең, Әбіш хақында жал­­­­­ғыз өкінішім бар, ол президенттің ән­ға­мына кірмеуі ке­рек еді. Шығарма­шы­лық­пен ғана отырғанда ғой, әлі қанша дүние жазар еді деген өкініш ішім­ді ылғи тырнайды. Мен оның туыс-дос­та­рын түгел білем ғой: ағасы Мұқыр, екі апа­­­сы, бір қарындасы, Лебен, Ораз сынды за­ман­дастарын, бәрін етене танимын. Әбіш ар­қылы, ең әуелі, Маңғыстауға деген ықы­­ла­сым оянды. Ерекше ықылас. 1987 жылдан бас­тап әулиелі мекенді әлденеше рет ара­­ла­дым. Шақпақ ата, Шопан ата, Бекет ата, Қа­рақауақ-Шүлдір – бәрін зияраттап шық­тым. Маңғыстау хақында бір роман, екі хи­каят жаз­бақ болдым. Роман – Иса-Досан бас­таған «адай көтерілісі» туралы еді де, қос хи­каят Балуа­нияз батыр мен Тарас Шев­чен­коға қатысты. Ол егіндер түрлі шаруалар­дың киіп кетуіне бай­ланысты пісіп тұрған кезінде орылмай қал­ды. Әлі де жазсам ба деген ой ке­леді. Бірақ көп қаламгер жасы ұлғайғанда өзінің меже­сі­нен жаңылып, мөлшерін бажайлай алмай қалып жатады. Жазғанын бұрынғы деңгейі­нен өткізбек түгілі жеткізе алмайды. Онысын өзі білмейді, менің қала­мымнан тек шедевр шығады деген астам ой аранға жығады (аға сө­зіне тұздық бірнеше дәлел келтірді. – С.Н.) Мен де сондайға ұшы­рап қалмаймын ба деген се­кем бар. Ондай секемсіз тағы болмайды... Со­нымен Маң­ғыс­тау хақындағы жазған көр­кем дүнием «Түйе­ші Қамбармен» шектеліп тұр әзірге...».

Осы жерде әңгімеге араластым: «Әбіш ағам­­нан сіз айтқан мәселе жайында сұрадым, – Мұхтар аға да, Бақытжамал жеңгем де елең ете қалды. – Досыңыздың сондағы айтқаны мынау: «Тәуелсіздіктің алас-күлес шағында Президент шақырды. Өзімен бірге қызмет іс­­теуге ұсыныс жасады. Мен өзімнің шы­ғар­ма­шылық жоспарларымды алға тартып, ол жоспарлар өмірлік ұстанымдарыма тікелей тәуел­ді екенін айтып, ұсыныстан бас тарт­тым. Сол кезде Президент: «Әне, сөйтесіңдер бәрің де. «Қазақ» тек тілдеріңде! Тәуелсіздік алып, соның етек-жеңін жинап, елімізге шын­­дап еңбек етуге кірісер тұста қара бас­тарың­ның тыныштығын ғана күйттейсіңдер!» деген ырайда ауыр сөздер айтты. Мен шым­байы­ма батқан осы сөздерден аттап өте ал­май қалдым. Амалсыздан елімнің қара жұмы­сына жегілдім, саясаттың ылайлы тасқынына көмілдім...» Бақытжамал жеңгем: «Қайтсін, ше­гіне алмаған ғой...» деген, Мұхтар ағам бір­аз тұнжырап отырып барып: «Бәрібір көн­беуі керек еді. Өзі­не де осы пікірлерімді кез­дес­кен жердің бәрін­де де ертелі-кеш айтып жүр­дім. Шара не, алды – жар, арты – қар, ай­налуға жері тар бол­ды Әбіштің...».

Мен әңгіменің салмағын жеңілдеткім ке­ліп ағаның есіне «Үш құрдас» туралы хи­кая­сын түсіріп, қайыра айтып беруін өтіндім. Мэтр риясыз күліп алды. «Мен осыны қағазға т­үсір­медім, а? – деп өмірбойы қабағын бағып, кә­ламын танып келе жатқан жұбайына қа­рады. – Түсіріп қоюым керек екен. Тысы әзіл­­мен кежімделгенмен, іші шындықпен же­лі­мделген... Иә, сонымен... Құдай-Тағаладан пәр­мен болып, аналары бір мезгілде Қазақ­стан­ның үш пұшпағында үш баланы дүниеге әке­леді. Бірі – Маңғыстауда, бірі – Шың­ғыс­тауда, бірі Алматының іргесіндегі Ұзынағашта. Мектепті бітіре сала үшеуі де көздеген мақ­сат-мұраттарына қарай ұмтылады. Маңғыс­тау­дан шыққан құрдас әуелі түйемен Ақкетік­ке, баржамен Гурьевке, одан әуре-сарсаңға тү­сіп жүріп Қандыағашқа, содан соң пойызға жар­масып өліп-талып Алматыға жетеді. Шың­ғыстаудан шыққан құрдас та арып-ашып Аягөзге барып, одан әрмен пойызға ілі­ніп жүріп, ол да аңсарлы Алматысының қа­ра­сын көреді. Ал ұзынағаштық құрдас таңер­тең шешесінің көжесіне тойып алып, авто­бусқа тиын төлеп, Алматыға көзді ашып-жұмғанша барады да, жоғарғы оқу орнына құжат тапсырады. Алғашқы екеуі көксеген оқу­ларына түседі. Өйткені олардың көкі­ре­гіне ұлт мұраты атты ұлы ұғым ұя салған. Екеуін­де де: «Тірі болсам, қазаққа қызмет ет­пей қоймаймын!» деген биік арман бар-тын. Ал үшінші құрдас алғашқы емтиханның өзінен омпа түсіп, омақаса құлайды. Содан әл­де бір алыс республи­кадағы «табысы көп» деген дабысы бар құры­лысқа аттанады... 

Шыны, мейірімді Құдай-Тағала үшеуі­нің де тілегін қабыл етті: алғашқы екеуі әу бас­тағы мұраттарына адалдық қыл­ды, ұлтына қызмет етті. Екеуінің де адал ті­леуі үшін Жаратушы талант пен білімнен кен­де қыл­мады. Маңғыстаудан келген құрдас қана біраз ман­сап иеленді: Парламент бас­қар­ды, Мем­ле­кеттік хатшы атанды. Ал үшін­ші­сіне – ау­зымен құс тістеген ешбір қазаққа бұйырмаған бақ, мансап, дәулет бұйырды!..

Хикая осы жер­ден тәмам. 

Келіндер құйған тәтті шай, дәмді тағамды дастарқандағы төрт сағатқа созылған сұхбатта бұлардан да басқа талай кеп қозғалған. Оларды хатқа түсіру келер күндердің еншісіне бұйырсын... Мұхтар аға маған «әулиелі жерден келдің, дастарқанның батасын жаса» деді. Батадан соң ағам көзі ырзалықпен мұнартып: «Міне, бұл Пір Бекеттің, Қашаған ақынның батасы!» деп алқады. Көтерілерде өзінен бата алдық. Жеңгем: «Түркияға жол түсе қалса, тағы да келіп тұрыңдар» деп жатыр. Есіктен шыға бере артыма бұрылсам, ағам қолын бұлғап отыр екен. Көзінде әлдебір қимастық бардай. Әрине, ол қимастық – мен кетіп бара жатқан Ұлы даласына деген ұшы-қиырсыз сағыныш екеніне күмәнданбадым... 
Алдымызда алқаракөк шыңдардың асты-үстімен өтетін көктаспа жол... Оң қапталда – Ақтеңіздің үстінде он төртінен толған ай балқып жатыр. Ал менің ойымда – 83-ке келіп – «мың айдың жүзін көріп», нұры толған айдай балқып отырған Мұхтар ағам! Сол нұр, сол сәулені Қазақияның теңіз-көл, өзен-дария, бұлақ-бастауларының жүзінен көргім келсе, – менікі айып па екен?!

Светқали НҰРЖАН,
Кемер – Көния – Алматы – Астана – Маңғыстау

 

Серіктес жаңалықтары