«Халық несие қамытын киіп отыр» десе де болады – Ерлан Қошанов

Төраға халықтың жөн-жосықсыз кредит алуы азаймайтын болса, мемлекет тарапынан халықтың табысын көтеруге бағытталған шаралардың нәтиже беруі екіталай екенін айтты.

«Халық несие қамытын киіп отыр» десе де болады – Ерлан Қошанов
ашық дереккөз

Мәжілістегі халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту және қаржылық сауаттылықты арттыру туралы парламенттік тыңдауда Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов баяндама жасады. Төраға халықтың жөн-жосықсыз кредит алуы азаймайтын болса, мемлекет тарапынан халықтың табысын көтеруге бағытталған шаралардың нәтиже беруі екіталай екенін айтты. 

Жасыратыны жоқ, қазір банктерден шектеусіз кредит алып, қарызға белшесінен батып отырған азаматтарымыз көп. «Халық несие қамытын киіп отыр» десе де болады. Адамдардың несиеге тәуелділігі мен қаржылық сауатының төмендігі үлкен әлеуметтік проблемаға айналды. Бүгінгі жиында біз осы түйткілді жан жақты талқылаймыз.   Осы мақсатта жауапты органдарды – Үкімет мүшелерін, агенттіктер мен құзырлы мекемелер басшыларын арнайы шақырдық, – деді Ерлан Қошанов. 

Мәжіліс Төрағасы нақты статистикалық деректерге тоқталып, мәселенің өзекті екенін жеткізді. 

Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Жолдауында несие мәселесіне кеңінен тоқталып, оны шешу жолдарын қарастыру туралы тапсырма берген болатын. Депутаттар да бұл түйткілмен жақсы таныс. Өйткені, біз аймақтарға жиі шығамыз. Менің өзім де талай өңірде болып, халықпен жүздестім. Көбінің айтатыны бір нәрсе, ол – несиеге тәуелділік. Бұл, өкінішке қарай, жалпыхалықтық сипат алған құбылысқа айналып тұр. Оған мына цифрлар айғақ болады: Қазіргі уақытта халықтың 84 пайызында, яғни 8,4  миллионнан астам адамның қарызы бар екен.  Соңғы бір жарым жыл ішінде бұл көрсеткіш 27 пайызға өскен. 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі – шамамен 1,4 трлн. теңге.  Яғни, 1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр деген сөз. Осының бәрі несие проблемасының қаншалықты асқынып кеткенін көрсетеді, – деді ол.

Президент 2019 жылы 500 мың азаматтың кепілсіз кредитін кешіру туралы шешім қабылдағанын, сондай-ақ, «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң да өз тиімділігін көрсеткенін айтқан Ерлан Қошанов жағдайды түбегейлі шешу үшін әлі де кешенді шаралар қажет екеніне назар аударды. 

Бірінші. Халықтың қаржылық сауатын арттыру. Жасыратыны жоқ, көптеген азамат өзінің қаржылық құқығын біле бермейді. Соның салдарынан қайта-қайта қарызға ұрынып жатады.  Осының алдын алу үшін «AMANAT» партиясы «Қарызсыз қоғам»  жобасын бастаған болатын. Бұл бағдарлама қысқа уақыттың ішінде тиімділігін көрсетті. Президент те өз Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасына ерекше тоқталып, жалпыхалықтық бағдарламаға айналдыру керектігін айтты. Қазір бұл  жоба Үкіметпен, құзырлы органдармен және жергілікті әкімдіктермен бірге бүкіл ел бойынша іске асырыла бастады. Бүгінгі таңда 52 000 адам оқытылды. Халық осы бағдарламаның қажет екенін әрі уақтылы қолға алынғанын айтып отыр. Қаржылық сауаттылық курсын мектеп пен жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына енгізу қажет деп санаймын. Жастар ақшаны орнымен жұмсау, бюджетті жоспарлау, инвестиция салу сияқты базалық ұғымдарды меңгергені жөн. Осы жұмыстың барлығы бүкіл мүдделі органдармен, қаржы институттарымен және әкімдіктермен бірлесіп жалғасын табуға тиіс, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Ерлан Қошановтың сөзінше, халықтың шамадан тыс кредит алуы мемлекеттің әлеуметтік саясатына да салмақ түсіреді.

Егер жөн-жосықсыз кредит алу азаймайтын болса, мемлекет тарапынан халықтың табысын көтеруге бағытталған шаралардың нәтиже беруі екіталай. Ең бастысы бұл әр азаматқа, әр отбасына тікелей қатысты өткір мәселе. Сондықтан, біз бұл проблеманы мұқият зерттеп, оңтайлы шешімін табуымыз керек.  Бүгінгі парламенттік тыңдау да соған арналып отыр, – деді ол. 

Парламенттік тыңдауға Мәжіліс пен Сенат депутаттары, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, Ұлттық банктің басшылары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысуда. Жиында халықтың кредит алуын төмендету және қаржылық сауаттылығын арттыру, лудомания мен киберқылмыстың, соның ішінде интернет-алаяқтықтың әсерінен азаматтардың кредит алуы, сондай-ақ қаржы ұйымдарының пайдасына қарыздарды өндіріп алу бойынша жеке сот орындаушыларының жұмыс тәжірибесі туралы қабылданатын шараларды талқылау жоспарланған болатын.