«Жасыл экономикаға» жаңа қуат көздері ғана жан бітіреді
«Жасыл экономика» қазір әлемдік экономиканы дамытудың жаңа трендіне айналды.
«Жасыл экономика» қазір әлемдік экономиканы дамытудың жаңа трендіне айналды. Яғни, бұл адамзатты өмір сүруге қажет ресурстармен қоршаған ортаға зиян келтірместен қамтамасыз етудің жолы ретінде қарастырылып отыр.
«Жасыл экономика» туралы халыққа Жолдауында айтқан Президент энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды біртіндеп енгізу қажет екеніне тоқталған болатын.
«2027 жылға қарай 1,4 гигаваттық қуат көзі іске қосылады»
Президент 2029 жылға қарай энергия тұтыну және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштерді кемінде 15 пайызға азайту туралы тапсырма берді.
– Біз «жасыл» экономиканы дамыту мәселесімен мықтап айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз. Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, жалпы әлемдегі күрделі қаржы салымдарының үштен біріне жуығы – жаңартылатын энергетика жобаларының еншісінде, – деді Президент.
Мемлекет басшысы елімізде де бұл бағытта көп жұмыс атқарылғанын айтты, Жаңа Экология кодексі және Көміртек бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы қабылданғанын еске салды. Кейінгі 5 жылда жаңартылатын энергетиканың елімізде өндірілетін қуаттың жалпы көлеміндегі үлесі 5 пайызға жуық өскен екен.
«РИО + 20» Саммитінен кейін «жасыл» экономикаға ауысу бойынша стратегияны іске асыруға бағытталған «Жасыл» экономикаға ауысу бойынша тұжырымдама әзірленген болатын. Тұжырымдамада бірінші кезекте экономиканың белгілі бір салаларын реформалауға бағытталған міндеттер тізімі жасалды. Осы міндетті орындау уақыты да нақты бекітілген еді. Бірінші кезең – 2013-2020 жылдары қорларды пайдалануды оңтайландыру және табиғатты пайдалану қызметінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ «жасыл» инфрақұрылымды құру кезеңі. Яғни, осы уақыт аралығында инфрақұрылым толықтай құрылуы керек деген меже көзделген екен.
– 2027 жылға қарай тағы 1,4 гигаваттық қуат көзі іске қосылады. Еліміздің энергетикалық теңгерімінің құрылымы өзгеретіні анық. Сондықтан қуат өндіруден бастап оны таратуға дейінгі бүкіл энергетика саласын басқару тәсілдерін жетілдіру керек, – деді Президент.
Тағы бір аталған бағыт – сутегіден қуат өндіру ісін дамыту болды. Мемлекет басшысының айтуынша, қуат көздерін кеңейту ісі энергетикалық машина жасау саласында технология трансфертін жүзеге асырып, жергілікті өндірісті дамытуға, аккумулятор өнеркәсібін құруға негіз болады. Ең бастысы, елімізде шикізат қоры жеткілікті.
– Теңгерімді қуат көздерін, энергияны шоғырландыру жүйелерін құру үшін тың шешімдер қабылдау қажет. Көміртегі бейтараптығына көшуді парниктік газ шығарындыларына арналған квотаны саудалау арқылы тездетуге болады. Үкімет пен бизнес өкілдері осы бағыттағы мүмкіндіктерді пайдалану мәселесімен шұғылдануы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ESG қағидалары аз уақыт ішінде қаржы ұйымдарының қалыпты тәжірибесіне айналатынын да айтты.
«Жетекші экономикалар үшін «жасыл» қаржы тарту ісінің маңызы арта түсуде. Өткен жеті жылда жер жүзінде «жасыл» облигацияларға 2,5 триллион доллардан астам қаражат жұмсалды. ESG қағидалары аз уақыт ішінде қаржы ұйымдарының қалыпты тәжірибесіне айналды. Осыған байланысты «Астана» халықаралық қаржы орталығы біздің аймақтың «жасыл» қаражат тартатын басты алаңына айналуға тиіс.
Жалпы, жасыл энергетикаға қатысты бүкіләлемдік бастамаларды еліміз әрқашан қолдап келеді. 2050 жылға қарай энергетикалық секторды толық көміртексіздендіру туралы Париж келісімі қабылданған болатын. Бұл – Париж қаласында өткен БҰҰ климат өзгерісі жөніндегі конференцияда әлем елдерінің басшылары қабылдаған, климат өзгерісі туралы әлемдегі тұңғыш заң тұрғысынан бекітілген жаһандық келісім. Бұл келісімді 2015 жылғы 12 желтоқсанда 196 тарап қабылдап, 2016 жылғы 4 қарашада күшіне енген. Бұл процесте жаңартылатын энергия маңызды рөл атқарады.
Жалпы, жасыл экономика – ауқымы өте кең ұғым. Топырақ, тыңайтқыштардан бастап қалдық өңдеуге дейінгі барлығын қамтиды. Бұл – адамзаттың табиғатқа зиян келтірмей, өзінің де тіршілік етуіне, өмір сүруіне тиімді жағдай жасауының алғышарты. Жолдауда да жалпы ұғым айтылғанымен, соның ішінде жасыл энергетикаға баса мән беріліп отырғанын байқаймыз.
Бес жыл дайындықтан кейін 3 ай бойы Астанада өткен халықаралық EXPO көрмесінің тақырыбы да осы болашақтың энергиясына арналған болатын. Сол кезден бастап бұл тақырып жиі қозғалып, жиі айтылып, біршама жобалар жүзеге асырылған болатын.
Еліміз Жасыл экономика бойынша іс-әрекеттер серіктестігіне де (PAGE) қосылды, 2030 жылға қарай өндірілетін энергияның 30 пайызын сарқылмайтын, қалпына келетін энергия көзінен, 2050 жылға қарай өндірілетін энергияның 50 пайызын осы көздерден алу туралы мақсат қойдық. Сонымен қатар 2020 жылы өткен Париж келісімінің 5 жылдығына арналған онлайн саммитте жолдаған үндеуінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі жағынан бейтарап мемлекетке айналады деп мәлімдеді. Ал Энергетика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылы сарқылмайтын энергия көздері жалпы өндірілген электр энергиясының 3,69 пайызы ғана...
Мөлдір, Қуат, Сәуле...
бар ма, қайда?
Минералдық ресурстар – мұнай, газ және көмір ел экономикасы үшін аса маңызды. Тәуелсіздік алған сәттен бастап Үкімет баламалы энергия көздерін емес, негізінен қазба отын көздерін дамытты. Алайда географиялық орнымызға байланысты қалпына келетін энергия көздерін дамытуға үлкен әлеуетіміз бар.
Бұл бағыттағы көрсеткіштерге келер болсақ, ресми деректерден өсім бар екенін байқауға болады. Елімізде қалпына келетін энергия көздеріндегі электр стансаларының жалпы белгіленген қуаты 2,5 ГВт-қа дейін өсіп, былтыр электр энергиясын өндірудегі ҚЭК үлесі 4,5 пайызға жеткен екен.
Жалпы, электр энергиясының жалпы генерациясы 2022 жылы сағатына 112,8 миллиард киловатқа жеткен, оның 5,1 миллиарды – жаңартылатын энергетика еншісінде. Яғни, күн және жел электр стансалары, шағын ГЭС және биогаз қондырғыларын өндіру көлемі. Үлкен көрсеткіш деуге келмес, әрине, дегенмен, әдеттегідей, жоспарымыз жақсы.
Қазір қалпына келетін энергия көздерінің ішінде елімізде ең көп қуат желден алынады. Қазір елімізде күн энергиясын өндіру жел энергиясын өндірудің үштен біріндей екен, ал 2035 жылға қарай айырмашылық жеті есеге артуға тиіс. Біздегі жел энергиясының ресурстары бұған толығымен мүмкіндік беретіні сөзсіз. Отын-энергетикалық кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында Қазақстанның жел әлеуеті жылына 1 триллион 820 миллиард киловатт-сағаттан асатыны айтылған. Ел аумағының жартысына жуығында желдің жылдамдығы 30 метр биіктікте секундына 4-5 метрге жетеді. Ең жоғары жел әлеуеті Каспий теңізі аумағында – Атырау және Маңғыстау облыстарында және Солтүстік, Оңтүстік Қазақстанда бар. Дегенмен әлеуетіміз әлі қолданыла қойған жоқ: ел энергожүйесінің батыс аймағында жел энергиясын өндіру 2022 жылы сағатына 301 миллион киловатт (күн энергиясы – небәрі сағатына 3,2 миллион) болды. Солтүстік аймақтың көрсеткіштеріне тоқталсақ, сағатына
1 255,3 млн киловатт – жел электр стансалары
өндірісінің көрсеткіші, ал сағатына 554,8 миллион киловатт – күн электр стансалары. Оңтүстік аймақта бұл көрсеткіштер сәйкесінше сағатына 805,5 миллион киловатт және сағатына 1 196,7 миллион киловатт.
Күн энергиясы да орасан зор әлеуетке ие, әсіресе күн жылына 2 200-3 000 сағатқа дейін жарқырап тұратын оңтүстік өңірде. Жазда еліміздің оңтүстігі тікелей күн радиациясын алады екен, бұл – жалпы алуға мүмкін болатын ең жоғары қуаттың 83-96 пайызы. Бұл Оңтүстік Қазақстандағы электр энергиясына сұранысты орындауға жеткілікті. Салыстыру үшін Вьетнамдағы орташа көрсеткіш – 2 200 сағат, Қытайда – 2 500 сағат ал Германия, Ұлыбритания, Норвегия және Жапонияда жылына 1 000-нан аз екен.
Алғаш рет 2012 жылы Жамбыл облысында 0,5 мегаватт энергия өндіретін «Отар» күн электр стансасы салынды. Одан соң Алматы облысының Сарыбұлақ ауылында қуаттылығы 52 киловатт болатын тағы бір күн электр стансасы іске қосылды. 2019 жылы Алматы облысы Қапшағай қаласында қуаты 100 мегаватт болатын «Нұрғиса» күн электр стансасы жұмысын бастады. 2019 жылы Қарағанды облысында Қазақстандағы қуаты 100 мегаватт болатын күн электр стансасы да іске қосылған болатын. Еліміздің аймақтарында желден энергия алатын флюгерлер, күннен қуат алатын панельдер бар екенін білеміз. Көріп, естіп, оқып жүрміз. Дегенмен олардан қаншалықты қуат алып жатқанымыз туралы мәлімет сирек айтылады. Қазір барлығы 2 388 мегаватт қуат беретін қалпына келетін энергия көздерінің 130 нысаны жұмыс істеп тұр екен. Оның ішінде 46 жел электр стансасы, оның қуаты – 957,5 мегаватт. Қуаты 1 149 мегаватт болатын 44 күн электр стансасы. 280 мегаватт болатын 37 су электростансасы нысаны, 1,82 мегаваттық 3 биоэлектростанса объектісі.
Өңірлер бойынша жеке-жеке қарастырар болсақ, ел бойынша ең көп үлес Алматы облысына тиесілі, ал ең аз ҚЭК үлесі – Қостанай облысынікі. Ал БҚО мен Павлодар облысында бірде-бір ҚЭС жоқ.
Жыл басында еліміздің жасыл энергетиканың белгіленген қуаты шамамен 2 400 МВт болды. 2022 жылы жалпы жиынтық қуаты 385 МВт болатын 12 ҚЭК жобасы іске асырылған екен, 2023 жылы қуаты 276 МВт болатын 15 ҚЭК жобасын іске қосу жоспарланған.
– Энергетикалық кешенді жоспарлы орнықты дамыту мақсатында 2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерім бекітілді, оған сәйкес жаңа қуат көздері екі есеге жуық өседі деген болжам бар, – деп мәлімдеген еді бұрынғы Энергетика министрі Болат Ақшолақов ақпан айының басында Үкімет отырысында.
Электр энергиясын өндіру болжамына сүйенсек, 2035 жылы жел мен күннің жалпы генерациядағы үлесі шамамен 15 пайыз болмақ. Бұл дегеніміз – сағатына 152,4 миллиард киловаттың 19,6 және 2,9 миллиард киловаты. Сәйкесінше, көмір генерациясының үлесі 46,5 пайызға дейін төмендеуге тиіс.
Жалпы, ҚЭК объектілерін салуға шетелдік және отандық инвесторларды тарту жұмысы жүріп жатыр, сарапшылардың пікірінше, жыл сайын еліміздің энергия жүйесінде электр энергиясын өндіретін ҚЭК үлесі мысықтабандап болса да, өсіп келе жатқаны осыған байланысты екен.
Әлем жүзін бұрған жасыл энергия
Жақында жарияланған 2023 жылғы жаңартылатын энергия көздерінің жаһандық жағдайы туралы REN21 баяндамасына сүйенсек, Ресейдің Украинаға басып кіруімен шиеленіскен энергетикалық дағдарыс тұрақты және арзан энергия көзі ретінде жаңартылатын энергия көздеріне көбірек назар аударуға ықпал етіпті.
Жаңартылатын энергия көздерін енгізу тұрақты түрде өсіп жатса да, 2021 жылы жалпы түпкілікті энергия тұтынудың тек 12,6 пайызы болған, ал қазба отындары 78,9 пайыз, атом энергиясы мен дәстүрлі биомасса 8,5 пайыз деңгейде тұр.
Бірқатар ел жаңартылатын энергияның экономикалық және әлеуметтік артықшылықтары көп екенін мойындап отыр. 2022 жылдың соңына қарай 128 елде жаңартылатын энергия көздері бойынша жалпы экономикалық мақсат белгіленген, дегенмен тек 31 елде 100 пайыз жаңартылатын энергия көздері бойынша мақсат қойылыпты, олардың көпшілігі 2050 жылға арналған. Жаңартылатын энергия көздерін енгізу жалпы ішкі өнімнің өсуіне ықпал етеді және жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді деген де тұжырымдар бар. 2021 жылы әлем бойынша жаңартылатын көздер саласында жұмыспен қамту 12,7 миллион жұмыс орнына жетіпті. Бұл – рекордтық көрсеткіш.
Абзал НАРЫМБЕТОВ,
энергетика саласының сарапшысы:
Инфрақұрылымды баламалы энергияға бейімдеу керек
– Елімізде, әрине, жаңартылатын энергетика жобаларына қаржы тартылып жатыр. Бірақ оны дүниежүзімен салыстыруға келмейді. Себебі біздің өзіміздің ішкі түйткілдеріміз бар.
Біріншіден, бізде баламалы энергияны қабылдауға инфрақұрылым бейімделмеген, ескі. Біздегі инфраструктура тұрақты электр тоғын қабылдауға арналған. Ол нені білдіреді? Тек қана көмір және гидростансалардан шыққан электр тоғы бар. Ол тұрақты. Әр сағат сайын, минут сайын, секунд сайын қанша тоқ шығатыны белгілі. Себебі тоқты көмір жағу арқылы, суды айналдыру потенциалы немесе газ арқылы электр тоғын тұрақты алып отырасыз. Ал күн және жел – баламалы энергия тоқтары. Олар тұрақты емес. Жел қатты тұрған кезде, электр көп шығады, жел азайған кезде аз шығады. Күннің сәулесінен қуат алатын панельдер де тура солай. Сондықтан энергия көп шыққанда, оны сақтап қалатын, аз шықса, сақталған энергияны біркелкі тарататын қоймалар керек болады. Ал ондай қойма бізде жоқ. KEGOK жасаған және де басқаратын біздегі бүкіл инфрақұрылым және жүйелі электр тоғының бәрі тұрақты электр тоғына арналған. Сақтайтын жер жоқ.
Мұны дамытудың үлгісіне мысал ретінде Еуропа тәжірибесін алуға болады. Еуропада электр жүйесі бір желіде орналасқан. Дания 55 пайыз электр тоғын жел күшінен алады. Бірақ жел азайған кезде оларды басқа электр тоқ күштері қамтамасыз етеді. Францияда атом электр стансасынан көп энергия шығады, ал Германияда – көмірден. Елдер бір-бірін қолдап отырады. Мысалы, Францияда атом қуаты азайған кезде, Германиядан келеді. Германияда көп болған кезде, Данияға барады. Желіде кімде көп болса, солай бірін-бірі қамтамасыз етеді. Ал бізде мұндай жоқ. Мысалы, бір Ақтаудың өзінде өткенде МАЭК бірнеше рет тоқтап қалды. Сол кезде онда тек қана бір ғана электр тоғы, күші де сол Маңғыстау, Атырауды, Оралдың кей аудандарына жетеді. Яғни, бұл – инфрақұрылым жағы ақсап тұр деген сөз.
Екінші, тағы бір шектеу – баламалы энергия көздерінің біздің тарифтермен ақталмауы. Инвесторлар 5-10 жылда құйған ақшасын қайтара алмайды. Сондықтан олар қызығушылық танытпай отыр. Айта берсек, шектеу көп. Дегенмен инфрақұрылымымызды баламалы энергияға бейімдеу керек. Екіншіден, инвесторларға да тиімді болатын, қызығушылық танытатын тарифтерді ұсыну керек.
Жақында ғана жылыту маусымы басталды. Табиғи газбен қамтылмаған аймақтар көмір түсіріп, қамдануға әлдеқашан кірісіп кеткен. Бұл – жыл сайынғы әуре-сарсаң. Алыпсатарлар да бұл «мүмкіндікті» пайдаланып кетуге тырысып бағады. Көмірдің «қаймағы» – сыртқа, қаспағы «іште» қалатыны тағы бар. Басқасын былай қойғанда, осы көріністен соң жасыл энергия, жаңа қуат көзі халыққа фантастикалық фильмнің элементіндей көрінетіні анық. Не десек те, жоспарымыз жақсы. Ілгерілеу бар болғанымен, айтарлықтай деуге келмес. Орындалмаған жоспарлардың аяғы сұйылып, соңында ұмытылып тынатыны да жасырын емес. Бірақ әлем жүзін бұрған жасыл энергия көзіне, жасыл экономиканы дамыту көшіне біз де үлессек деген үміт бар. Себебі, әдеттегідей, әлеуетіміз жетеді...