«Бұл халық арасында дүрбелең туғызуы мүмкін»: «AMANAT» депутаттары Шымкент әуежайы маңында тұратын халықтың жанайқайын жеткізді
"Үйлері заңдастырылмаған 51 отбасы баспанасынан айырылып қана қоймай, мемлекет тарапынан берілетін өтемақыны да ала алмайды".
«AMANAT» депутаттары Шымкент әуежайы маңында тұратын халықтың проблемасын көтеріп, Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға, Бас Прокурор Берік Асыловқа Депутаттық сауал жолдады.
Біздін депутаттық сауалымыз Шымкент қаласы әуежайына іргелес аумақтарда тұратын адамдардың жанайқайы. Бүгінде республика бойынша әуежай маңындағы аумақ шегінде белгіленген шектеулерді сақтау мақсатында, онда заңсыз орналасқан тұрғын үйлерді және басқа да ғимараттарды бұзу және жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Шымкент қаласы бойынша әуежай шекарасынан 100 метр қашықтық осындай қауіпті аймақ деп белгіленген. Қалалық әкімдіктің ақпараты бойынша,Шымкент қаласының әуежайы бойынша осындай қызыл сызық аумағында барлығы 284 (139,0 га) жер учаскесі орналасқан. Онда басқа объектілермен қатар, халық тұратын 179 жеке меншік тұрғын үй орналасқан. Олардың ішінде 128 үйдің құжаты бар, ал қалған 51 үйдің заңдастырылмағаны, жер учаскесін иелену туралы мемлекеттік актісі жоқ екені анықталған. Мұндай жағдайдың республиканың барлық өңірлерінде орын алып отырғаны белгілі. Бұған дәлел – Бас Прокуратураның мәліметі, ол бойынша, аэродром маңы аумағында тиісті келісімі алынбаған 100 мыңнан астам құрылыс нысандары салынған. Қазіргі уақытта Шымкент қаласы бойынша әуежай шекарасынан 100 метрлік аумақта орналасқан тұрғындарға олардың жер учаскелерін мемлекет мұқтажына қайтару туралы хабарлама тарату жұмысы жүргізіліп жатыр. Алайда, жер учаскелерінің алынатындығы тұрғындар арасында үлкен қобалжу мен алаңдушылық туғызып отыр. Әсіресе 15-20 жылдан бері осы жерде тұрып жатқан, алайда үйлері заңдастырылмаған 51 отбасы баспанасынан айырылып қана қалмай, сонымен қатар, олар мемлекет тарапынан нарықтық бағамен берілетін өтемақыны да алуға құқықтары болмайды. Бұл жағдай Шымкентте халық арасында дүрбелең туғызуы ықтимал фактор. AMANAT Фракциясы қандай да бір шешім қабылданған кезде, азаматтардың мұң-мүддесі ескерілуі тиіс деп есептейді!
Сондықтан:
51 отбасының өздері тұрып жатқан жер учаскелеріне құжаттарын рәсімдеп, заңдастыруы үшін шұғыл шаралар қабылдауды;
Жер учаскелерін мемлекет мұқажына қайтару кезінде берілетін өтемақы сомасында тұрғын үйдің бағасымен қатар, жер учаскесі құнының есепке алынуын қатаң бақылауға алуды;
Шымкент қаласы аэропортының ұшу жолықтарын солтүстік- батыс аумағына көшіру мәселесін қарастыруды сұраймыз, – деді фракция мүшелері.