Шәкірт санасына сәуле шашқан

Өмірде өз мамандығын жете біліп қана қоймай, шын сүйетін адамдардың зор жетістік пен құрметке бөленетініне сансыз рет көз жеткізіп келеміз. Біз білетін Сәуле Есембекқызы сондай жандардың қатарынан.

Шәкірт санасына сәуле шашқан
ашық дереккөз
1008

Өмірде өз мамандығын жете біліп қана қоймай, шын сүйетін адамдардың зор жетістік пен құрметке бөленетініне сансыз рет көз жеткізіп келеміз. Біз білетін Сәуле Есембекқызы сондай жандардың қатарынан. Жан-тәнімен ұстаз. Сырт келбетімен де. Сөйлеу мәнерімен де. Кісіге деген кең пейіл, жылы жүрегімен де баурап алатын қасиеті бар. Адамға деген қарым-қатынасы бірқалыпты, эмоцияға беріліп, орынсыз алағай-бұлағай мінез көрсеткенін көрмеппіз. Не нәрсені болса да байыппен,  асқан сабырлылықпен қабылдап, шешім шығарады. Қандай жағдайда да кісінің көңілі мен қас-қабағына қарау деген ұстанымынан айныған емес. Өзгені сыйлау арқылы өзін де сыйлата біледі. Бірақ өзгенің жолында өз мүддесін құрбан ететін «оңай шағылатын жаңғақ» емес, өз дегенін қас-қабағымен-ақ ұғындырады. «Дипломатияның» шегінен асып кеткен мәселеге келгенде, «тура биде туған жоқ» ұстанымымен ешкімнің бет-жүзіне қарамай тік айтады. Түйінді мәселені тарқатқан соң, жайдары жарқын мінезіне қайта көшеді. 

Сәуле Есембекқызы өзі әу баста таңдап алған ұстаздық жолы мен қалпынан бір айныған емес. Аймақтық Жезқазған универ­си­те­тін­де ұзақ жылдар бойы қызмет етті. Шәкірттері мың сан. «Апай, еш өз­гермепсіз, сол баяғы қалпыңыздай жап-жассыз» деген әйел баласына «аяу­лы» сөздерді жиі естиді. Оның себебі де жоқ емес. Ол кісі күнделікті са­бақ­қа қалай тиянақты дайындалса, шәкірттер алдында сұлу әрі жи­нақы көрінуге де барын салады. Жүйелі түрде спортпен айналысады, сырт келбеті мен жүріс-тұрысының да педагог деген ұлы атқа сай болуы­на зор мән береді. Әр сабаққа бай тәжірибесіне сүйеніп кіре сал­майды, әр кез шәкірттерінің алдына алғашқы рет кіретіндей дайын­дықпен барады. 40 жылға жуық осылай. Сабаққа кешігу, себепсіз келмей қалудан өткен қылмыс жоқ ол кісі үшін. Тіпті, үйінде де «ұстаздық» образ­дан шыға алмай жүретіндей көрінеді кейде. 

«Қазақ әдебиеті» мамандығында оқыған, сабақ берген, докторлық дис­сертация қорғаған Сәуле Есембекқызы Астанаға қоныс аударған соң «журналистика» деген шығармашылық мамандыққа бет бұрады. Ен­дігі кезекте өзі білетін қазақ әдебиетін журналистикамен тоғыс­ты­ратын өз жолы мен пәнін табу міндеті тұрды. Журналистикадағы тә­жі­­­­­рибелі ғалымдардың кеңесімен «Журналистика және шешендік өнер», «Бұқаралық ақпарат құралдарының тілі мен стилі» деген жаңа са­ланы игеруге барын салды. Журналистика мамандығының сту­денттері озық шешендік үлгілерден тәлім алды. Халық ауыз әдебиеті, би-шешендердің сөздері, жыр-термелердегі небір өрнекті сөздер мен ойлы тіркестерді жадыларына түйіп, журналистикада қолдану жолдарын үйренді. Сәуле Есембекқызының әртүрлі шығармашылық кештер мен ғылыми конференцияларда, кез келген іс-шараларда еліміздің маңдайалды тұлғалары мен сөз шеберлерінің ауызша айтқан сөз­дерін диктофонға жазып алып отырғанының талай куәсі болдым. Сон­дағы мақсаты – шәкірттеріне тыңдату. Сабақ барысында талқылау. Осын­дай ізденістері мен жаңашылдығының арқасында «Журналистика және шешендік өнер», «Бұқаралық ақпарат құралдарының тілі мен стилі» атты оқу құралдары дүниеге келді. Шәкірттері ұстаздарының әр сабағын асыға күтеді. Себебі қызықты, жаңалығы мол. Оқытудағы инновациялық әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданады. Бір сағат бойы шә­кірттерінің алдында тікесінен тік тұрып сабақ түсіндіреді. Жасын да, маңдайдағы ақ шашын да бұлдаған емес. Керісінше, жастардың қажет­тілік­тері мен талап-тілектеріне сай болуға тырысады. Бір «тілде, тол­қын­да» сөйлеседі. 

«Журналистика пәндерін оқытудың әдістемесі» – Сәуле Есем­бек­қы­зының көп ізденген саласы. Осы тақырып аясында әлемнің озық ел­дерінің жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтті. Ол жақтағы жур­налист мамандарын дайындау ерекшеліктерін магистранттар мен док­торанттардың құлағына құюдан жалыққан емес. «Жоғары оқу ор­нының үздік оқытушысы», «Қазақстан Республикасының білімі мен ғы­лымына еңбегі сіңген қайраткер», «Құрметті азамат», т.б. мәртебелі атақ­тар осындай жанкешті еңбектерінің арқасында келген еді. 

Сәуле Есембекқызы «Қазақ әдебиетіндегі әйелдер бейнесі» атты ғылыми тақырыбын зерттей жүріп, өз бойына да Жібектің сұлулығын, Баян­ның адалдығын, Гүлбаршын мен Құртқаның даналығы мен ақыл-пара­сатын молынан сіңіре білген деуге толық негіз бар. Әйел адамға ұстаз­дық жолмен қатар ғылыммен айналысудың, одан бөлек отба­сының қамын жасаудың  қанша еңбек пен қажыр-қайратты талап ететінін әркім-ақ білер. Бірақ ғалым-ұстаз сәл ғана жел шайқаса сынып тү­сетін жандардың қатарынан емес. Қайта қайраттана, батылдана тү­седі. Түн баласы ұйқы көрмесе де намысқа тырысып, ертеңгі дәрісін лайық­ты өткізуге, шәкірттерінің сәтті қорғауы үшін барын салады, жатпай-тұрмай дайындалады. Дәрісіне риза болған шәкірттерінің ыс­тық ықыласынан кейін ғана арқасынан ауыр жүк түскендей болады. Бір­ақ ұстаз екенмін деп отбасы жауапкершілігіне де бейжай қараған емес. Адал жар, аяулы ана, мейірімді әже ретіндегі орнын ешқашан ой­сырат­қан емес. Ұлы Руслан өз саласының білгірі, ғылым кандидаты ре­тінде биік белестерді бағындырып келеді. Немерелерінің барлығы бір­дей заман талабына сай үздік мектептерде білім алып, жетіс­тік­терімен қуантуда. Рамазан аға екеуі шөбере сүйген бақытты жұп.

Былай қарасаң, бір адамның басына жетіп-артылатын зор бақыт. Бір­ақ Сәуле Есембекқызы ешқашан үлкенді-кішілі жетістіктеріне тоқ­мейілсіп, тоқтаған емес. Үздіксіз еңбек пен ізденістің арқасында өмірге деген құштарлығын бір сәтке де кемітпеді, жақсылыққа қарай ұмтылудан жалықпады. Осы мінезімен де отбасы, ошақ-қасына, ағайын-тумаларына, құда-жекжаттары мен қай жерге барса да иіліп сәлем беретін таудай шәкірттеріне сыйлы жан. Өмірі өнегеге толы ұстаз. Жетпіс деген мерейлі жасыңыз жақсылығымен келсін!

Ғалия АҚСЕЙІТ,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ,
Баспасөз және баспа ісі кафедрасының
доценті, филология ғылымдарының
кандидаты

 

Серіктес жаңалықтары