Креативті индустрия: бағдары мен салмағы
Қазір креативті экономика елімізде де перспективалы бағыттарының бірі ретінде қарастырылып отыр. Алайда креативті экономиканың анықтамасы мен шеңберінің нақты емес нарықты қолдау саясатын құруда қиындықтар тудырып отыр. Дегенмен алғашқы талпыныс байқалады.
Бір ел әнмен баурайды, бір ел киномен жаулайды. Тыңдап отырып қалай қызыққаныңды, көріп отырып сол елдің мәдениеті мен ерекшелігіне, тіліне, өмір салтына қалай көңілің ауғанын аңғармай да қаласың. Саяхаттап барғың келеді, тіпті көшіп кету туралы ой жетелеп кетуі ықтимал. Алысқа бармай-ақ, түрік сериалы мен корей K-pop-ының қазақ қоғамына қалай әсер ететінін байқап, көріп жүрміз. Жұмсақ күш. Жұмсақ дегенді тырнақшаға алған жөн шығар. Бұл – үлкен бір нарық, игере алсаң, қала берді, тұтас бір елдің экономикасын дөңгелететін алып күш.
Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында әрбір облыс орталығында және ірі қалаларда креативті индустрия орталықтарын құру қажет екенін айтқан болатын. Жалпы, креативті индустрияны дамыту туралы нарратив кейінгі жылдары билік тарапынан жиі айтылып жүр. 2021 жылы Үкімет Креативті экономиканы дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын да бекітті.
Қазір еліміздегі бұл нарықтың ахуалы қандай? Қалай дамыта аламыз? Сарапшылар мен сол нарық өкілдері не айтады?
Ақылдың сыйы
Креативті индустрия өзі жаңа ұғым болғанымен, мазмұны ғасырлар бойы қалыптасып келе жатыр. Ол экономикадан бастап әлеуметтік мәдени салалаға дейінгі сегментті қамтиды. Кейде білім экономикасы деген балама сөз қолданылып жатады. Яғни, бұл – адамның тікелей зияткерлік қызметімен байланысты сала. «Креативті экономика» термині алғаш рет Нью-Йорктің Businessweek журналында 2000 жылы қолданылған екен. Әлемді осындай мәдени-жұмсақ күш арқылы «жаулау», яғни әсер ету, өзіне қарату ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан тенденция. Дегенмен интернет, әлеуметтік желі дамығаннан бастап бұл процесс өзгеше қарқынмен дамыды. Әсіресе, пандемиядан кейін ерекше серпіліс байқалған екен. Осыдан болар, 2021 жылды БҰҰ Халықаралық креативті экономика жылы деп жариялаған болатын.
Креативті индустрия шығармашылық қызметтің әртүрлі саласы, ойын әзірлеу, бағдарламалық өнімдер, әдебиет, музыка, өнер, жарнама, сәулет, кинематография, анимация, дизайн және басқа шығармашылық қызметпен тікелей немесе жанама түрде байланысты басқа да салаларды қамтиды. БҰҰ мәліметі бойынша жарнама, сәулет, өнер және қолөнер, дизайн, сән, кино, видео, фотография, музыка, орындаушылық өнер, баспа ісі, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, бағдарламалық жасақтама, компьютерлік ойындар сияқты негізгі ресурстар ретінде шығармашылық пен зияткерлік капиталды қажет ететін салалар, электрондық басылымдар, теледидар және радио бұл индустрияның құрама бірліктері. Бұл тізім әр елде әртүрлі болуы мүмкін, дегенмен негізгілері – осы.
Бұл салаларды нарық ретінде біріктіріп тұрған осы өнімдердің, яғни зияткерлік меншіктің өнім ретінде сұранысқа ие болып, кемінде авторға, ал үлкен масштабта, жалпы елдің экономикасының өсуіне ықпалын тигізе алатын күшінде болып отыр. Қазір кей мемлекеттер өзінің шикізатын немесе өнімін сатудан гөрі, елдегі азаматтардың «ақылын» сатудан зор пайда түсетінін жақсы түсінген. Сол арқылы туризм, сауда, білім беру секілді салаларды да қатар дамытып отыр. Мысалы, Ұлыбритания үкіметінің 2020 жылғы мәліметі бойынша, креативті салалар экономикасы 2018 жылы жылғыға қарағанда 7,4 пайыз өскен, бұл жалпы экономиканың өсу қарқынынан 5 есе көп. Сонымен қатар шығармашылық салаларда, әдетте, табыс орташадан жоғары, мысалы, шығармашылық салалардағы жалақы мен АҚШ-тағы жеке сектордағы орташа жалақы арасында 34,9 пайыз айырмашылық байқалады, Аустралияда да шығармашылық жұмысшылардың орташа табысы елдегі орташа табыстан 31 пайыз ға жоғары екен. Тағы бір маңызды фактор – креативті экономика кез келген қоғамдастық үшін салыстырмалы түрде қол жетімді, өйткені ол нақты табиғи ресурстарды, қолайлы географиялық орынды немесе бәсекелестік артықшылықтың басқа сыртқы факторларын қажет етпейді. Ол үшін тек білім мен талант қажет.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, креативті индустрияның жалпы ішкі өнімдегі үлесі әрине әр елде әртүрлі: мәселен, Аустралияда бұл үлес – 5,7 пайыз, Ұлыбританияда – 5,5 пайыз, АҚШ пен Қытайда – 4,2 пайыз, Италияда – 3,8 пайыз, Германияда – 3,1 пайыз. Түркия және Корея мысалын айтып өттік. Түрік сериалдарының әлемге таралу қарқыны мен Түркияға саяхаттаушылардың өсуі арасында корреляция бары анық. Бізде түрік тілін үйреніп, сол жаққа оқуға кеткісі келіп жүрген жастар өте көп. Корей idol-дары мен дорамаларына байланысты да осы жағдай. Бұл елдің жұмсақ күші тіпті тамақтану мен киім кию мәдениетіне де айтарлықтай ықпал етті. Немесе Димаш Құдайбергенге жанкүйер шетелдіктердің Қазақстанға саяхаттап келіп жатқаны, қазақ тілін үйреніп жүргенінің өзі нақты мысал бола алады.
Қазір креативті экономика елімізде де перспективалы бағыттарының бірі ретінде қарастырылып отыр. Алайда креативті экономиканың анықтамасы мен шеңберінің нақты емес нарықты қолдау саясатын құруда қиындықтар тудырып отыр. Дегенмен алғашқы талпыныс байқалады.
Саланы қолдауға талпыныс
Не десек те, қазір еліміздегі шығармашылық индустрияға қолдау қажет екені даусыз. Шығармашылық индустрияның табысты болуы мемлекет жұмысына тікелей байланысты, өйткені мемлекет білім деңгейі, экономикалық әртараптандыру, инфрақұрылым және тағы да басқа саланың дамуына байланысты барлық негізгі факторларда маңызды рөл атқарады. Бұған дейін Үкімет Креативті экономиканы дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын, жауапты министрлік креативті индустрияға жататын экономикалық қызметтің 43 негізгі түрін бекіткен болатын.
Тізімге зергерлік бұйымдар, IT және ойын жасау, мәдени мұра, телебағдарламалар, фото және дизайн, сәулет және сән, музыка, кино және анимация, сондай-ақ кейбір мәдени-демалыс мекемелері сияқты салалар кірді. Критерийлер барынша жеңілдетіліп, халықаралық ұсыныстарға сәйкес келтірілген.
– Министрліктің креативті қоғамдастықпен және мемлекеттік органдармен бірлескен жұмысының арқасында Қазақстанда алғаш рет креативті индустрияны қаржылық жағынан да, қаржылық емес жағынан да қолдау үшін құқықтық негіз пайда болды. Бұл үдеріс саланың жаңалығына және тіпті халықаралық деңгейде бірыңғай критерийлердің болмауына байланысты белгілі бір уақытты алды. Мемлекеттік қолдаудың нақты шаралары саладағы жағдайды мұқият зерделегеннен кейін биыл Үкіметтің қарауына ұсынылатын болады, – деген болатын сол кездегі Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Елімізде креативті экономиканы дамытудың 2030 жылға дейінгі іс-шаралар жоспары да бар екен. 2020 жылдың қорытындысы бойынша елімізде креативті индустрияның жалпы ішкі өніміндегі үлесі 2,67 пайыз болыпты. 2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 5 пайызға жеткізу де көзделіп отыр екен. Креативті экономиканы дамыту үшін «креативті индустрия» деген ұғым «Мәдениет туралы» заңға бекітілген. Жақында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте креативті индустрия жайлы айтты. Оның мәлімдеуінше, қазір сарапшылар қауымдастығымен және индустрия өкілдерімен бірлесіп креативті индустрия мәселелері жөніндегі заңнаманы өзгерту тәсілдері талқыланып жатыр.
– Заңнамада авторлық құқық пен зияткерлік меншікті қорғау, креативті индустрия қайраткерлерін қолдау шаралары мен преференциялар, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қосымша құзыреттерін қосуды көздейтін бірқатар новеллалар қарастырылған, – деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша, креативті хабтардың тиімді жұмысын құру үшін ел өңірлерінде креативті индустрияны қолдау жөніндегі шаралар мен қолда бар инфрақұрылым туралы қажетті ақпарат жиналып жатыр.
Дегенмен осы салада жүрген сарапшылардың сөзінше, бізге әлі нақты қолдау шаралары жетіспейді. Алайда олар аяқ алысымыз жаман емес деп баға беріп отыр.
Ерболат Беделхан,
Продюссер:
Ұлттық бағдарлама
қабылдау керек
– Креативті индустрияны дамыту үшін бағдарлама қабылдау керек. Өте көп референстер бар. Ең кейінгі референс бұл – Корея. Оның алдында көптеген Еуропа елі, Еуропаның ішінде Швецария, Швеция болатын. Әлемдегі мықты, танымал музыканың 70 пайызын жазатын Швецияның жеті-ақ миллион халқы бар. Сондықтан да солар сияқты біз де бағдарлама, ұлттық бағдарлама қабылдауымыз керек. Нүкте. Бағдарлама қабылдамайынша, біз ештеңе істей алмаймыз. Мен сияқты жалғыздан-жалғыз жүрген адамдардың шаңы шықпайды. Одан бөлек, ентертэймент бойынша көптеген жоба бастағанмын, бірақ Ресей нарығы бізді жұтып қойды. Нарық қалыптастыру керек. Ал нарық болса, біз экспорттауға деген мүмкіндігіміз ашылады. Біздің елдегі креативті индустрияны дамытуға деген талап емес.
Жалпы, креативті индустрияны дамыту туралы айтыла бастағанына үш жыл болды. Қатты күтіп жүрмін, жұмыс істеуге ниетім зор, өз уақытымды, күшімді салғым келеді. Ең бастысы – сол бағдарламаны дұрыс қабылдау керек. Әрине, бағдарлама деген ол – заң, ол – мемлекеттік қолдау, статус, ұлттық қауіпсіздік мәселесі, ол – тіл.
Сондықтан да, жастардың тілінде сөйлеуіміз керек. 13-14 жастан асқан балаларға не керек? Кино, музыка, ентертэймент. Егер өзімізде бұлар болмаса, бұл нәрсемен қамтамасыз ете алмасақ, кім болғанымыз? Ішкі нарықты қазақ тілінде толық қаматамасыз етуіміз керек. Бұл – өте маңызды. Музыка – жұмсақ күш, біз сол күшті пайдаланып отырған жоқпыз. Тек Астана, Алматы қалаларында үлкен мүмкіндіктер бар, өзге өңірлерде, қалаларда, өкінішке қарай, мұндай мүмкіншіліктер жоқ. Музыка саласындағы мамандар да жетіспейді. Қазақтілді контентте де сұраныс көп, ұсыныс жоқ. Одан бөлек, бар қазақтың басын қосатын, бәсекелестік қызып тұрған музыкалық жүлде болуға тиіс.
Әлеуметтік жүйедегі, әлеуметтік желілер жүйесіндегі үлкен медиаплатформа құру керек. Бұл – жастарға керек дүние. Сонымен қатар біз өз музыкамызды шетелдік стримдерден таба алмай жатамыз, себебі бізде нарық жоқ. Сондықтан да, бізде бір ортақ стрим болуы керек. Оған қажетті дайын жүйе, бәрі бар. Мен 2014 жылы Кореяға барып, сол жақтан франшиза сатып алып, Ninety One жобасы бойынша жұмыс істеген болатынмын. Яғни, idol жұлдыздарды тәрбиелеу жүйесі. Сондықтан бұл жерде ешқандай да жаңалық ашудың, жаңадан дөңгелек ойлап табудың қажеті жоқ.
Абылай Жүсіпбек,
Amadao крипто-экожүйесінің
бас техникалық директоры:
Мүмкіндіктерді пайдалана білуіміз керек
– Біздің іске асырып жатқан жобаларымыз мета әлемге жатады, яғни Қазақстанның имиджін, оның беделін көтеру үшін біздің мета-әлемге отандық өнімдерді, отандық компанияларды енгізіп жатырмыз. Қазір креативті индустрия саласына, жаңа бастамаларға қолдау көп. Осындай жобалар креативті индустрия саласында жақсы қолдау тауып жатыр. Сондықтан осы мүмкіндіктерді біз тек қана пайдалануымыз керек. Стартап жасау кезінде бағдарламаны масштабтау үшін Астана hub бағдарламаларына қатысып, Қазақстанды дамытатын кез келген идеяны жүзеге асыруға болады деп ойлаймын.
Елнар САЛПЕКОВ,
Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы,
Yurt жобасының авторы:
Еліміздегі креативті салалар бойынша білім сапасы әлемдік деңгейге көтеріліп келеді
– Жалпы, креативті индустрия дегеніміз ол – нарық. Және ол өздігінен дамуы керек, дегенмен оны қолдау үшін мемлекет не істей алады?
Мемлекет қолдауды тек кадрды көбейту, яғни халықаралық компаниялар Қазақстанда негізделуі үшін кадрлық база құруды қолдау тұрғысынан көрсете алады. Мүмкін, неғұрлым түсінікті болуы үшін де бір заң шығару керек болар. Мысалы, Астана hub британдық заң форматы бойынша жұмыс істейді. Бұл өте жақсы бастама болды. Көптеген адам қызықты. Менің ойымша, мұндай хабтарды бүкіл ел бойынша ашуға болады және бұл, әрине, бүкіл индустрияны дамытады. Бірақ кез келген жағдайда кадрларсыз, мамандарсыз болмайды. Онсыз даму мүмкін емес. Оларды қалыптастыру керек.
Мәселен, Назарбаев мектептері дәл осы бағытқа негізделген, бізде информатика, бағдарламалау бойынша өте мықты бағдарлама бар және осы салаларда нақты кадрлық жүйе құруға жол ашатынына сенімдімін.
Елдегі креативті индустрияның перспективасы зор. Бірақ проблемаларымыз да бар. Бірақ тұтастай алғанда, қазір көріп, кейінгі жылдары байқағанымыз бойынша, үлкен өсім бар. Менің ойымша, бұл біздің болашағымыздың зор екенін білдіреді, өйткені қазір елімізде қалыптасып келе жатқан кадрлар өте көп, жаңадан база мен университеттер құрылып жатыр. Мәселен, негізінен IT университеті немесе Назарбаев университетін алып қарауға болады. Олар қазір білім сапасы бойынша, әсіресе креативті салаларда әлемдік деңгейге көтеріліп келеді.
Қорыта айтқанда, дарындыларға да, жалындыларға да, олар ұсынған идеяларға да кенде емеспіз, дегенмен қолдау дейміз бе, әлде басқа ма, әлдебір дүниенің жетіспей тұрғаны анық. Нарық заңына әкеліп тірейік десек, сұраныс жоқ деу сылтау болар еді, ұсыныс жоқ десек, тағы келмейді. Саланың өкілдері бағдарлама қабылдау керек екенін, тағы да басқа жанама қолдау қажет екенін айтады. Алдымен ішкі нарықты қамтымай жатып, креативті индустрияны әлемге танытамыз деу утопия екені анық.