Аманжол Әлтаев, Мәжіліс депутаты: Діни ағымдарды ретке келтіретін заң жуықта Парламент талқысына шығады
"Бұл жат ағымдардың барлығының түпкі мақсаты – миссионерлік пиғылдарын іске асыру. Бізді ұлттық келбетімізден, қасиетімізден айырып, өздерінің идеологиясын тықпалады. Сондықтан енді біздің бұл мәселе жөніндегі әрбір қабылдайтын шешіміміз нақты және қатаң болғаны дұрыс. Бірінші кезекте, біз бұған заңнамалық тұрғыда нақты тыйым салуымыз керек".
Жуықта Парламент депутаты Аманжол Әлтаев Мәжіліс мінберінде теріс діни ағымдар жайлы өзекті мәселе көтергені ел есінде. Мәжіліс депутатына жолығып, осы даулы тақырып жөнінде және Президент Жолдауындағы өзекті мәселелер жайында әңгімелестік. Депутаттың дерегіне сүйенсек, діни ағымдарды бір жүйеге салатын заң жобасы жақын арада депутаттар талқысына түсетін көрінеді.
– Президент биылғы Жолдауында елімізде жүріп жатқан саяси реформаны атай отырып, оның одан әрі қарай экономикалық реформаға ұласып жатқанын түсіндірді. Бұл шаруаның барлығы әділетті қоғам қалыптастыру мақсатында атқарылып жатқаны белгілі. Әділетті қоғам деген қандай қоғам және оны қалыптастыру үшін әрбір азамат қандай ұстанымда болып, қандай жұмыс атқаруы керек?
– Президент жүргізіп отырған реформалардың алтын қазығы – әділетті қоғам құру. Президенттің сайлауалды бағдарламасы, өңірлердегі сөйлеген сөздері, халыққа арнаған Жолдаулары болсын барлығында осы әділетті қоғам қалыптастыру жайлы айтылған. Жалпы, әділеттілік жолы бұл – анау хандық дәуірлерден бастап біздің бүкіл шежіреміздегі, мемлекеттік тарихымыздағы ата-бабаларымыздың ұстанған ең негізгі қастерлі принципі. Өйткені қоғам өркендеп, мемлекет дамып, ел алға жылжуы үшін ең бірінші кезекте әділеттілік салтанат құруы. Әділеттілік болмаған жерде тәртіп болмайды. Сосын келеңсіз оқиғалар көбейіп, тіпті жемқорлық, заңсыздық әрекеттер етек алады.
Сондықтан жоғарғы биліктен бастап әлеумет, мәдениет, руханият, экономика дейміз бе барлығында әділет болмаса, атқарып жатқан жұмыстың берекесі қашады. Әділеттілік жоқ жерде өркениеттің ауылы алыстайды.
Президент ел басқарудағы бүкіл кешенді реформасын әділеттілік принципінің аясында қалыптастырып жатқандығы
бұл – халыққа өзінен-өзі түсінікті саясат деп ойлаймын. Кешегі ділмар-шешендер, ел басқарған ата-бабаларымыздың барлығы талай ғасыр бойы осы әділеттілік туралы бізге қаншама қанатты сөз аманатын қалдырып кетті. Сондықтан да Президенттің әділеттілік жайлы идеясы бұл өткен ата-бабаларымыздың бізге деген аманаты, бүгінгілердің келешекке деген аманаты деп түсінуіміз керек.
Президентіміздің жалпы реформаларына қарасақ, бірінші кезеңде ол кешенді саяси реформаларды жүзеге асырды. Есіңізде болса, референдум арқылы Конституциямызға өзгеріс енгізуден бастап бірнеше сатыдан тұратын саяси реформа жүргізілді. Бүгін сол саяси реформалардың оң нәтижесін көре бастадық десек, артық айтқандық емес. Яғни, кешегі ескі билік кезеңіндегі кеткен көп қателіктердің орнын толтырып, оны дұрыстау үшін бізге саяси реформалар жедел арада қажет болды. Бұл дегеніміз билік тармақтары мен әрбір құзырлы органдарға жауапкершілік пен міндетті тең әрі әділетті бөліп беру болатын. Бізде біріншіден, заңға өзгерістер енгізіліп, құқықтық тұрғыдан барлығы дұрыс реттелді деп ойлаймын. Соның нәтижесінде, біз саяси реформамызды тиянақтап, үлкен нәтижеге қол жеткіздік.
– Саяси реформа жайы түсінікті болды. Енді биылғы Жолдауға арқау болған экономикалық реформаны тарқатып айтсақ...
– Иә, Президенттің биылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деп аталатын Жолдауына ойысайық. Саяси жүйені заңмен реттеп алған соң ендігі кезекте бізге осы экономикалық реформа ауадай қажет еді. Бұл мәселеге айырықша мән берген Мемлекет басшысы экономикалық реформаны қалай жүзеге асыратынымызды бағдарлап берді. Реформаны нәтижелі іске асыру үшін нақты тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді. Саяси реформа мен экономикалық реформа бір-бірімен тығыз байланысты. Саяси реформаның нәтижесінде биліктің біраз құзыреті өңірлердегі жергілікті әкімшіліктерге тиесілі болған еді. Мысалы, мәслихат депутаттарының ауыл әкімдерін сайлауы дегендей. Енді аудан әкімдері мен қала әкімдерінің сайлауы нәтижелі жүзеге асатын болады. Осы секілді нақты бірнеше құзырет жергілікті билікке берілді. Бұл – Президент жүргізіп отырған саяси реформаның нәтижесі.
Екінші кезекте бұл реформа экономикалық сала бойынша әрі қарай жалғасын табуы керек болды. Сол үшін Президент өзінің биылғы Жолдауында жергілікті биліктің мүмкіндігін кеңейту жайын атап өтті. Яғни, аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын беру туралы тапсырма берді. Бұл дегеніміз аудан әкімдері жергілікті деңгейде біраз мәселені шешу үшін өз өңіріне тиесілі қаржыны жоғарыға жалтақтамай, заң шеңберінде ел игілігі үшін жұмсай алады деген сөз. Ауылдың ішінде тоқсан тоғыз проблема бар. Оны сол өңірді басқарып отырған шенділер жақсы білуі қажет. Сондықтан ауыл әкіміне мұндай мүмкіндік беру өте дұрыс болды деп есептеймін. Сонымен қатар Президент Жолдауында бірнеше маңызды мәселеге тоқталды. Мысалы, туризм саласына назар аударды. Алтайдан Атырауға дейінгі ұшса құс қанаты талатын, көсілсе тұлпардың тұяғы тозатын алып даламыз бар. Қазақ даласы өзінің кеңдігімен ғана көз тартпайды ғой. Жер планетасындағы ең бір көрікті өлкенің біразы бізде де бар. Көрікті Көкшетауымыз, жұмақтай Жетісуымыз дейміз, Маңғыстаудың Үстірті, шығыстағы өр Алтайымыз бар дегендей. Өкінішке қарай, осы бай табиғатымызды туризм көзіне айналдыра алмай отырмыз. Туризм орталығы болатын жерлерімізді әлі дұрыс дамыта алмадық. Бұл тұрғыдан Президент ішкі-сыртқы туризмді дамытуда нақты тапсырмалар берді. Туризмді дамыту бағытында он бес нысанның тізімі бекітіліп, сол бойынша жұмыс жүргізу тапсырылды. Сондықтан да, біз тек жер астындағы қазба байлығымызбен ғана емес, табиғат көркімен де мемлекет қазынасына қаржы құя аламыз. Туризмнің дамуы экономиканың әрбір саласымен тығыз байланысты. Онда логистика, қонақүй, мейрамхана дегендей қызмет көрсетудің алуан түрі бар. Осының барлығын дұрыс жолға қойсақ қана біздің туризм дамиды. Болмаса жай ғана міне, «біздің табиғатымызды көруге келіңдер» дегенге ешкім келмейді. Сондықтан осылардың барлығына да жан-жақты кешенді мән беруіміз керек.
– Туризмді айтқанда есімізге өңірлерге баратын сапасы нашар жолдар түседі...
– Дұрыс айтасыз, өкінішке қарай ол мәселе бар. Экономиканың күретамыры жол деп бекер айтылмайды. Мына Астана-Көкшетау, Астана-Павлодар, Қарағанды-Астананың арасы деген секілді қысқа қашықтықтағы жолдарды айтпасақ, басқа үлкен жолдар мақтанарлық деңгейде емес. Сондықтан да, жолдарымызды дұрыстауымыз керек. Кең-байтақ Қазақстанның төрт тарабына жүк тасылмалдау үшін жаңағы үлкен маңызды жолдардың барлығын біз әлі толық жасап үлгермедік. Осы себептен де салада көптеген кемшіліктің орын алып жатқанын ескерген Мемлекет басшысы жаңадан Көлік министрлігін ашты ғой. Осы министрлік алдағы уақытта жол сапасымен тікелей айналысуы қажет. Және де соған жауапты болуы керек.
Жолдауда Президент жалпы Қазақстанның географиялық орналасуының өзі халықаралық логистикада үлкен жетістікке жетуімізге жол ашатын мүмкіндігіміз екенін ерекше атап өтті. Президент бір қанатымызда Қытай, тағы бір жағымызда кәдімгідей үлкен-үлкен нарық жатқанын еске салды. Сол нарыққа шығу үшін логистиканы дұрыс жолға қоюымыз қажет. Президенттің беріп отырған нақты тапсырмалары кейбір өңірлерде баяу жүріп жатыр. Үкімет мүшелерімен болған Мәжілістің бүгінгі маңызды жиынында да осы мәселе жан-жақты көтерілді. Мәселен, Алматы мен Астана ортасындағы жолды алайықшы. Қаншама жыл болды әлі созбаққа салынып келеді. Осы 2023-24 жылдары пайдаға берілуі керек болған. Бірақ оның әлі де тындырылмаған жұмысы көп. Не болмаса Президенттің нақты тапсырмасында айтылған Қызылорда мен Жезқазғанның ортасындағы жолды алыңыз. Оның Жезқазған-Ұлытау бөлігінде әлі жұмыс басталған жоқ. Сондықтан да, нақты жауапты адамдар сол жауапкершілігін мойынға алуы керек.
– Президент Жолдауында зияткерлік меншік жайлы, сосын өңірлердегі өнер мен мәдениет адамдарын қолдау жөнінде жақсы еске салды. Сіз өзіңіз өнер адамы ретінде өңірдегі жастардың өнерінен хабарыңыз бар ма?
– Иә, Жолдауда зияткерлік меншік туралы айтылды. Президент бүкіл өңірді аралап, халықпен кездеседі. Сол кезде бизнес өкілдері болсын, әр саладағы талантты, жарқырап шыққан креативті, өзінің пікір-ұсынысы бар, мақсаты айқын бір дүние жасаймын деген талантты жастармен кездесіп, оларды тыңдап жүр. Сондықтан ол адамдарды қолдау керегі жөнінде ескертті. Бұл жерде маңызды рөл атқаратын жергілікті әкімдіктер деп ойлаймын. Әрбір өңірдегі талантты, талапты адамдарымызды, әсіресе, жастарымызды дер кезінде қолдай білуіміз керек. Иә, біз де депутат ретінде жазғы каникул кезінде, әсіресе, ауыл-ауылға дейін аралаймыз. Сол кезде мен өзім өнер адамы, ғалым ретінде, мәдениет пен руханият саласындағы адамдардың, жастардың қабілетіне, солардың бет-бейнесіне ерекше көңіл бөлемін. Кейде өкінішке қарай, орталықтағы адамдар бағаланады да өңірлердегі небір таланттар көзге көрінбей қалады. Бұл біздің дәстүрлі өнерде ерекше байқалады. Сондықтан анау ата-бабамыздан келе жатқан, қанымызға сіңген, ұлттық қасиетіміздің аманатын арқалаған дәстүрлі өнердің өкілдерін ерекше қолдауымыз керек.
Мысалы, бүгінгі қазақ өнерінің үлкен тау тұлғаларына айналған таланттарды алдыңғы буын ағалар кезінде дем беріп, қанатының астына алған. Мәселен, Қайрат Байбосыновты бала кезінде Нұрғиса Тілендиев ағамыз көріп, талантын бағалап, Алматыға шақыртқан. Халқымыздың «Бұлақ көрсең, көзін аш» деуі бекер емес. Сондықтан да, ауылда небір бұлақтай көзін ашатын, алмастай жарқырар таланттарымыз болуы мүмкін. Бұл жөнінде мемлекеттік деңгейде бір бағдарлама қабылдануы керек шығар. Бұған Мәдениет және ақпарат министрлігі мұрындық болып, жергілікті жерлердегі таланттарды қолдауды қолға алса қуанарлық іс болар еді.
– Сіз Мәжіліс мінберінде Үкіметке жат діни ағымдар жайлы сауал қойдыңыз. Жалпы, соңғы кезде осы діни ағымдар жайлы дау-дамай қайта өрши бастады...
– Жалпы, мына біздің бүгінгі таңда діни ахуалдың осылай ушығып, теріс әрекеттің күшейіп кетуіне кезіндегі биліктің де тікелей қателігі бар. Оны ашып айтуымыз керек. Өйткені естеріңізде болса, 90-жылдары тәуелсіздігімізді жаңадан алып, бүкіл дүниеге есігіміз ашылғаннан кейін діни ағымдар ағылып, біздің халыққа өзінің ықпалын жүргізе бастады. Қазақтың қара домалақ балалары сол шетелдегі діни білім беретін оқу орындарынан білім алып келіп, халыққа уағыз айтты. Бірақ ол қайдан білім алып жатыр, оларға кім дәріс берді, білім беріп жатқан мекемелердің, ұйымдардың ниеті қандай, қайсы ағымда деген мәселе ешкімнің басын ауыртқан жоқ. Өткенге көз салсақ, біздің қазақ халқына ислам ілімінің келгені кеше ғана емес қой. Сонау VIII ғасырлардан бастап біздің қазақ даласында дәстүрлі көшпенді ислам мәдениеті қалыптасты. Және де ол ислам қазақ даласындағы біздің соған дейінгі ұстанған ұлттық салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымызбен бірге синтезделді. Сөйтіп, ғасырлар бойы біздің өзіміздің дәстүрлі исламымыз, мәдениетіміз қалыптасты. Енді мына соңғы кездегі шетелдерден келген жат ағымдарға оралсақ, олардың ұстанымы біздің сан ғасыр бойы ұстанған көзқарасымызбен қарама-қайшы келетін тұстары өте көп. Ал біздің кешегі ескі билік осыны ескеріп, халқымызды жат ағымдардың шабуылынан қорғауы керек еді. Ол болмады.
– Мүмкін қолдаған шығар...
– Иә,кейбір кісілер қолдады.
– Не себептен қолдаған?
– Ашығын айтсақ, билік басында сол ағымдардың сойылын соғатын адамдар болды. Сондықтан олар билікке ықпал етті. Олар биліктің ең жоғарғы сатыларында болды. Өздерінің адамдары отырған соң оларға «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмады. Олар біздің ұлттық көзқарасымыздың тамырына балта шауып, өздерінің идеологиясын кіргізуге тырысты. Бұл жат ағымдардың барлығының түпкі мақсаты – миссионерлік пиғылдарын іске асыру. Бізді ұлттық келбетімізден, қасиетімізден айырып, өздерінің идеологиясын тықпалады. Сондықтан енді біздің бұл мәселе жөніндегі әрбір қабылдайтын шешіміміз нақты және қатаң болғаны дұрыс. Бірінші кезекте, біз бұған заңнамалық тұрғыда нақты тыйым салуымыз керек.
– Ол мүмкін бе?
– Мүмкін. Бүгін ғана осы мәселе бойынша Вице-Премьер Тамара Қасымқызына сұрақ қойылды. Ол кісі көп кешікпей бұл заң жобасы Парламентке ұсынылатынын айтты. Алдағы уақытта келеді деп күтіп отырмыз. Сол кезде осы уақытқа дейін жіберіп алған қателіктің барлығының жолын кесу үшін нақты нормаларды енгізуіміз керек. Бұл мәселеге осылай заңмен шектеу қоймасақ, оған басқаша нәтижелі тойтарыс бере алмаймыз. Қазақстандағы мұсылмандар бір ғана діни ұстанымда болу керек. Себебі Абай айтқандай, «Бас-басына би болып», түрлі ағымның көңіліне қарап жүретін болсақ, онда еліміз тоз-тоз болып кетеді. Бірлігіміз бен татулығымыз әлсіреп, ұлттық тұтастығымыздан айырыламыз. Біз өзіміздің ата-бабаларымыз ұстанған Ханафи мәсхабындағы дәстүрлі исламды қолдап, оның әрі қарай дамуына мүмкіндік жасауымыз керек. Мүфтиятымыз бен Діни басқармамыз бар. Олардың негізгі бағыты осы дәстүрлі исламның ханафи мәсхабымен үндеседі. Ал енді осыған дейінгі ортамызға келіп ойрандап, ішімізге келіп іріткі салған діни ағымдардың барлығына заңмен тыйым салу керек. Бұл басы ашық, нақты менің ұстанымым. Бұл мәселеге осылай қатаң тыйым салмаса, елдің ертеңі үшін өте қауіпті. Күнделікті көшеге шықсаңыз қара жамылып, пәранжа киіп алған қыздарды көргенде, болмаса сақалына қайшы тигізбей жалбыратып, балағын шорт кесіп, көзі қанталап келе жатқан жастарды көрген кезде жаның түршігеді. Құдай-ау, елдің ертеңі не болады, біздің мына Ұлы далаға ие болған ата-бабамыздың аманатын ертең кім арқалайды, тәуелсіз мемлекеттің болашағын кімдерге тапсырамыз деген сұрақ жан-жүрегіңді мазалайды. Елдің ертеңін ойласақ, адасқан жастардың дұрыс жолға түсуіне ықпал етуіміз керек. Сосын бұл мәселе тек заңнамалық тұрғыда ғана емес, идеологиялық жағынан да қатар жүргізілуі керек. Бұған қатысты құзырлы мемлекеттік органдар білек түріп, бел шешіпкіріспесе нәтижеге жету оңай емес. Сонымен бірге мына соңғы кездегі қоғам арасындағы ахуалды саралап қарасаң, әсіресе, әлеуметтік желіде дінсіздік деген де өте қауіпті үрдіске айналып барады. Біз кешегі жетпіс жылда атеистік қоғамда неге жеттік? Содан сабақ алуымыз керек. Қазір дінге түбегейлі қарсы адамдар да көбейіп бара жатыр. Бұл да қауіпті.
– Сіз – өнер адамысыз. Кешегі сал-серілер сияқты үкілі домбыраңызбен халық алдында өнер көрсетуге Мәжілістің қауырт жұмысы сізге мүмкіндік бере ме?
– Саясаткер ретінде қадам жасап, Парламент депутаты болуым әкенің қанымен, ананың сүтімен бойыма дарыған өнеріме зияны бола қоймайды деп ойлаймын. Өйткені ол шығармашылық. Мен Парламент депутаты болсам да, университет оқытушысы болсам да шығармашылығымды тоқтатпаймын. Жалпы, ізденген адам ешқашан тоқырауға ұшырамайды. Парламенттегі қауырт жұмыстан белгілі бір деңгейде уақыт жағынан кішкене тапшылық болуы мүмкін. Бірақ шығармашылықты тоқыратып алмаймын деп ойлаймын.
– Айтысқа шақырса барасыз ба?
– Қазір «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» басқарма төрағасының бірінші орынбасарымын. Бұл – қоғамдық жұмыс. Бұдан ешқандай жалақы алмаймын. Одақ төрағасы Жүрсін Ерман ағамыз қазір ауырып жатыр. Сондықтан да, қазір одақтың жұмысы – менің мойнымда. Құдайға шүкір, отыз жыл айтыстық қой. Енді алдағы уақытта осы айтысты ұйымдастыру, жастарды қолдау, одақтың жұмысын әрі қарай дамыту, жалғастыру мәселемен айналысамын. Жалпы, ақындардың ортасында, ішінде болып, айтысты ұйымдастырудың басы-қасында жүремін деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Бейбіт Тоқтарбай