Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешім қабылдады
Ұлттық банк мәлімдемесіне сүйенсек, инфляцияның қарқынды түрде баяулауы базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін іске асыруға септігін тигізген.
Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 16%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады, деп хабарлады Turkystan.kz. ҰБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жылдық инфляцияның баяулау қарқыны жоғары. Сыртқы инфляциялық қысым орталық банктердің тежеу саясаты мен азық-түліктің әлемдік бағасының төмендеуі аясында біртіндеп төмендеп келеді. Дегенмен назар аударуды қажет ететін жекелеген факторлар мен тәуекелдер бар. Фискалдық ынталандыру, орнықты ішкі сұраныс және жоғары инфляциялық күтулер – инфляцияның ішкі факторларына жатады. Реттелетін бағалардың көтерілуінен болған қайталама әсерлерден тәуекел күшейді. Олар бұрын теңге бағамының динамикасымен өтелген болатын. Ағымдағы шешім мен тәуекел балансын ескерсек, 2023 жылы базалық мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндіктері айтарлықтай шектеліп отыр. Жыл соңына дейін жылдық инфляция бір мәнді деңгейге дейін баяулаған жағдайда ғана ақша-кредит саясатын жеңілдету шаралары қаралады, – деп айтылған ҰБ мәлімдемесінде.
Ұлттық банк мәліметінше, экономиканың өсімі Ұлттық Банктің болжамдарына сәйкес қалыптасып отыр. Сонымен қатар, инфляцияның белсенді баяулауы базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін іске асыруға септігін тигізген. Дегенмен, сыртқы секторда және экономика ішінде проинфляциялық тәуекелдер болуына байланысты 2023 жылы оны одан әрі төмендету мүмкіндігі айтарлықтай шектеліп отыр. Жыл соңына дейін ақша-кредит саясатын жеңілдету жылдық инфляция бір мәнді деңгейге дейін баяулаған жағдайда қаралатын болады.
Ақша-кредит талаптарының ұстамды қатаң сипаты 2023 жылдың қорытындысы бойынша болжамды дәліздің төменгі шекарасына 10-12% жақын инфляцияны одан әрі төмендетуге, сондай-ақ оны ортамерзімді келешекте 5%-дық мақсатқа жақын тұрақтандыруға ықпал ететін болады. Ұлттық Банк ықтимал ауытқуларға уақтылы жауап беру үшін жылдық инфляцияның нысанаға келу траекториясын қадағалайды, – дейді Ұлттық банк.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2023 жылғы 24 қарашада Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.