"Астана" футбол клубы Қазақстан Премьер-лигасының кейінге шегерілген 18-туры аясында павлодарлық "Ертісті" сырт алаңда жеңді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Павлодардағы Орталық стадионда өткен кездесу елордалық команданың 1:0 есебіндегі жеңісімен аяқталды.
Матчтағы жалғыз гол екінші таймның басында соғылды. 50-минутта "Астана" жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламхан пенальтиді дәл орындап, командасына үш ұпай сыйлады.
Бұл жеңістен кейін "Астана" 51 ұпай жинап, Премьер-лига турнирлік кестесіндегі үшінші орнын сақтап қалды. Чемпионат көшін 64 ұпаймен "Ордабасы" бастап тұрса, 60 ұпай жинаған "Қайрат" екінші орында келеді.
Маусымның аяқталуына үш тур қалғанда "Астананың" чемпиондыққа таласу мүмкіндігі қалмаған. Дегенмен елордалық клуб қола жүлдеге жақын: команда "Ақтөбе" мен "Оқжетпестен" алты ұпай алда тұр.
Ал "Ертіс" 26 ұпаймен 13-орында келеді. Павлодарлық клуб төменгі лигаға түсіп қалу аймағынан екі ұпай алда орналасқан.