Жамбыл облысында ер адам моншаға барғаны үшін қамауға алынды

/
Жамбыл облысында ер адам моншаға барғаны үшін қамауға алынды
unsplash.com

Жамбыл облысында шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған азамат сот белгілеген шектеуді бұзғаны үшін 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Істі Сарысу аудандық соты қараған.

Сот материалдарына сәйкес, ер адам 2026 жылдың шілдесінде жазасын өтеу орнынан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Оған пробациялық бақылау белгіленіп, бірқатар шектеу қойылған. Соның бірі – сағат 22:00-ден кейін үйінен шықпау.

Алайда қыркүйекте полиция қызметкерлері сағат 22:30 шамасында тексеру жүргізген кезде оның тұрғылықты жерінде болмағанын анықтаған.

Сотта азамат сол уақытта көршілерінің моншасында болғанын және сағатқа қарамағанын түсіндірген.

Бұған дейін, тамыз айында да ол осындай құқық бұзушылық үшін жауапқа тартылған.

Сот ер адамның кінәсі әкімшілік хаттама, полиция қызметкерлерінің есебі, сот актілері және істің өзге материалдарымен расталғанын көрсетті.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 480-бабының 2-бөлігі бойынша 20 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамақ қарастырылған.

Сот қаулысымен азамат кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Қаулы заңды күшіне енген.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары