Қазынаны толтырғанымен, халықтың қалтасын қақса...

Қосылған құн салығын өсіру қаншалықты қажет?

Қазынаны толтырғанымен, халықтың қалтасын қақса...
ашық дереккөз
1845

Биылғы Президент Жолдауында көтерілген тағы бір мәселе – салық саясатына өзгеріс енгізу туралы бастама. Жолдаудан соң тапсырма аясында жаңа Салық кодексінің жобасын әзірлеуді бастаған Ұлттық экономика министрлігі қосылған құн салығын 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеруді ұсынған болатын.

Министрліктің мәлімдемесінен кейін қоғам пікірі екіге жарылды. Кей сарапшылар бұл қадамды құп­тады, ал кейбірі керісінше, дұрыс емес деп есептей­тін­дерін жеткізді. Қарсылардың қатарына кәсіпкерлер де қосылды. Тіпті, Ұлттық палата ресми мәлімдеме жа­сады.
Мәселені сараптап, қосылған құн салығының өсуі халыққа, Үкіметке, бизнеске қалай әсер ететінін, пай­дасы мен тигізуі мүмкін зардабын талқылап көрейік.

Айналып келіп халық  төлейтін салық

Қазір елімізде ҚҚС мөлшерлемесі – 12 пайыз. Бұл көрсеткіш Ресей, Беларусь, Армениямен салыс­тыр­ғанда төмен. Дегенмен Өзбекстандағы ҚҚС 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 15 пайыздан 12 пайыз­ға дейін төмендеді. Қырғыз Республикасында да мөлшерлеме – 12 пайыз. Аустралия, Оңтүстік Ко­реяда – 10, БАӘ, Канада, Катарда – 5 пайыз. 

Сонымен, 2025 жылдан бастап бізде де ҚҚС мөл­шерлемесі 12 пайыздан 16 пайызға дейін өсуі мүм­кін. Бұл мәселе жаңа Салық кодексін әзірлеу ая­сында талқыланып жатыр. Оның жобасын Пар­ла­мент қарауына 2024 жылдың бірінші тоқ­са­нын­да жіберу жоспарланып отыр. 
Жалпы, салықтың өсетіні туралы ақпарат­ты жағымды жаңалық деп айту қиын. Де­генмен қосылған құн салығын өсіру өте дұрыс бас­тама дейді экономика саласындағы кей сарап­шы мамандар. Ал еліміздегі кәсіпкерлер бұл өзге­ріс­ке түбегейлі қарсы, тіпті қымбатшылықты одан әрі шарықтатып, инфляцияны аспандатады деп қауіптеніп отыр.

Қосылған құнға салынатын салық кейде қо­сыл­ған құн салығы немесе қосымша құн салығы деп те аталады. Қосылған құн салығы өндірістің әр кезеңінде алынған қосымша құнға ғана са­лы­натын салық. 
Кәсіпорындар, бір жағынан, сатылған өнімде­рі­нен қосымша құн салығын алады, екінші жа­ғынан, жабдықтаушылардан өндіріс құралдарын са­тып алушы ретінде қосылған құн салығын тө­лейді. Дегенмен салық тауардың бағасына тікелей әсер етеді немесе бағасына қосылады. Демек, ха­лыққа, яғни тұтынушыға да тікелей әсері бар. Сон­дықтан ҚҚС-ны тұтыну салығы десек түсі­нік­тірек болады. ҚҚС, ең алдымен тауарлар мен қыз­меттерді көбірек тұтынуға мүмкіндігі бар адам­дарға әсер етеді. 

Яғни, қосылған құн салығы, айналып кел­генде тауарлар мен қызметтердің бағасына қосылып, халықтың табысына тікелей әсер етеді.

Бюджеттің жыртығын жамауға талпыныс

Әлемдік тәжірибеде бұл жанама салық түрі са­лық салудың жақсы тәсілі ретінде танымал. Се­бебі ол – қарапайым және тиімді, сонымен қатар мем­лекеттің кірісін көбейтеді. Бюджеттің маңыз­ды көзінің бірі. Мәселен, биылғы 7 айдың қо­ры­тындысы бойынша салық түсімдерінің ішінде ең үл­кен өсім осы ҚҚС-да байқалған. Өткен жылғы сәй­кес кезеңмен салыстырғанда ҚҚС түсімдері 822,1 миллиард теңгеге, 39 пайызға өскен.

Үкімет те ҚҚС-ның түсімдерін бюджетті тол­тыра­тын маңызды көзге балап отырған сыңайлы. 2023 жылғы алғашқы 7 айда мемлекеттің бюджет кірісі 12 805,5 млрд теңгеге жетіп, былтырғыға қа­ра­ғанда 12,1 пайызға өскенімен, бюджет балан­сы бойынша көрсеткіш көңіл көншітпейді. Мем­ле­кет бюджетінде 2 393,1 млрд теңге мөлшерінде тап­шылық бар. Бұл ретте өткен жылғы сәйкес ке­­­зеңімен салыстырғанда тапшылық 4,5 есеге өс­кен. Негізінен, тапшылықтың ұлғаюы бюджет шы­ғыстарының едәуір өсуіне, ал кірістердің аз мөл­шерде өскеніне байланысты болып отыр. 

21 қыркүйекте Ұлттық экономика министр­лігі­нің өкілдері кәсіпкерлермен бірге қосылған құн салығы мөлшерлемесін көтеру мәселесін тал­қы­лады. Іс-шараға ҰЭМ басшысы Әлібек Қуан­ты­ров, Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әм­рин, «Атамекен» ҰКП Төралқасының төрағасы Райымбек Баталов, ҰЭМ салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев және бизнес-қоғамдастық өкілдері, атап айтқанда ма­шина жасау, өңдеу өнеркәсібі, сүт, тау-кен, метал­лургия, астық, электр энергетикасы салаларында жұ­мыс істейтін компаниялар қатысты.

Министрлік ұсынылып отырған мөлшер­леменің ұлғаюы туралы бастама бюджет­ке қосымша түсімдер әкеледі, сондай-ақ көрші елдерден әкелінетін тауарлармен салыстырғанда отан­дық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арт­тырады деп санайды. 

– Жаңа Салық кодексін әзірлеуге барлық мүд­де­лі тараптар қатысуда. Біз бизнес саласында ҚҚС-ты көтеру бойынша сұрақтар туындап жат­қа­нын түсінеміз. Сондықтан барлық айтылған идея­­­­лар мұқият қарастырылады, – деді министр. 

Талқылау кезінде «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасы және бизнес өкілдері ҚҚС мөл­шерлемесінің жоғарылауы инфляцияны же­дел­дететінін айтты. Райымбек Баталов бұл мәселе егжей-тегжейлі зерттеуді қажет ететінін және бұл жаңа Салық кодексінің барлық мәселенің ішіндегі ең маңыздысы екеніне тоқталды.

– Бізге мөлшерлемені көтеруге түрткі болған дәйек­тер мен аналитика көбірек керек. Қазір ана­литика аздық етеді. Сараптама ҚҚС не үшін кө­тері­ліп жатқанын түсіну үшін керек. Алдын ала есеп­теуіміз бойынша ҚҚС мөлшерлемесін көтеру ин­фляцияға әкеліп қана қоймай, нақты мәнде ЖІӨ өсу қарқынының жылына 1 пайызға төмен­деуіне әкеледі. Бұл жайт Мемлекет басшысының ұлт­тық экономика көлемін екі есеге ұлғайту тура­лы тапсырмасын орындауға қауіп төндіреді. Бізге кө­бірек дәйек керек. Оның үстіне кәсіпкерлердің ба­сым бөлігі ҚҚС мөлшерлемесін көтеруге қарсы, – деді «Атамекен» ҰКП басшысы Райымбек Баталов талқылау кезінде.

Дегенмен Ұлттық экономика министрі Әлі­бек Қуантыров салықтың өсуінің ин­фля­цияға әсері шамалы екенін айтты. Министрдің есеп­теуінше, инфляция бір жылда ең көп дегенде 0,8 пайызға көтерілуі мүмкін.

– Біздің есептеулеріміз бойынша инфляция бір жылда максимум 0,8 пайызға өседі. Содан кейін оған экономика үйренеді. Келесі жылдан мұн­дай әсер болмайды. Құн салығын көтерудегі мақ­сат – бюджет кірістерін толықтыру. Егер біз оны көтерсек, республикалық бюджетке жыл сайын 2,4 трлн теңгеге дейін қосымша қаражат тү­седі. Осы ақша тікелей әлеуметтік және басқа да маңызды шығыстарға жұмсалады, – дейді ми­нистр.

Сондай-ақ Қуантыров Қазақстандағы қо­сым­ша құн салығы Ресеймен салыстырғанда тө­мен екенін айтты.

– Бізде бәсекелестік Ресейге қарағанда төмен. Ресейдің экономикасы біздің эко­номикамен салыстырғанда сегіз есе үл­кен. Әрине, олар­дан бәсекелестік бойын­ша қысым бар. Олар 20 пайыз (қо­сымша құн салығы) төлейді, бірақ Қазақстанға экспорт жасағанда соны қайтарып алады. Өздеріңіз біле­сіз­дер, біздің азық-түлік дүкен­де­рінде Ресей­ден әкелетін тауарлар көп. Біздің экс­порт­­таушыларға, импорттау­шы­ларға осын­дай қысым болып жатыр. Жал­пы, бағаға ондай үлкен әсер бол­май­ды, – деді Қуан­тыров.

Кейін бірнеше күн өткен соң «Атаме­кен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы ҚҚС мөл­шерлемесін өсіруге қарсы екендерін ай­тып, мәлімдеме жасады. 
Ұлттық палата басқарма төрағасының орын­басары және «Атамекен» ҰКП жаңа салық ко­дексінің жобасына ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұ­мыс тобының басшысы Тимур Жаркеновтың ай­туынша, «Атамекен» бизнес-қоғамдастықтың ба­сым бөлігімен бірлесіп, ҚҚС мөлшерлемесін кө­теруге үзілді-кесілді қарсы. Бұл шара тауарлар ба­ғасының күрт өсуіне, инфляцияға және шағын биз­нестің орташа, ал орташа бизнестің ірі биз­неске айналуына кедергі келтіреді.

– ҚҚС мөлшерлемесін өсіруге болмайды. Ашық жұ­мыс істеген кәсіпкерлер әрі қарай да ашық жұ­мыс істеуге мәжбүр болады. Ал көлеңкеде жұмыс іс­тегендер сол жерде қалып қояды. Ортада тұр­ған­дар сұр аймақты таңдайды. Осылайша, Пре­зи­дент­тің шағын бизнестің орта бизнеске айналуына қа­­­­тысты тапсырмасы орындалмай қалады, – деді ҰКП өкілі.

Бизнес-қоғамдастық мөлшерлемені өсіруге жол бермеу керек екенін айтады. Олардың ай­туын­ша, бұл шара өсуге емес, Қазақстан Респуб­ли­ка­сындағы бүкіл кәсіпкерліктің құлдырауына әке­леді.  Оның үстіне қосымша құн салығының мөл­шерлемесін осылай тез өзгертуге болмайтынын да ескертті. 
ҚҚС-ны өсіру қаншалықты, кімге тиімді бола­ды? Оның салдары қандай? Осы және өзге де сұ­рақ­тарға жауап іздеп, экономист сарапшылардың пікірін білдік. Олардың сөзінше, бұл қадам азық-түлік бағасын одан әрі шарықтатып, елдегі ин­вестициялық климаттың нашарлауына әкеп соғады.

Мақсат Сералы,
экономист:

Бюджет тапшылығын реттеудің басқа да жолдары бар

– Қосылған құн салығын көбейту қазір тиім­сіз. Әсіресе, шағын және орта бизнес субъек­ті­леріне кері әсер етеді. Бұл жерде Үкімет өзінің по­зициясын анықтауы керек. Не үшін мұндай ша­ра қабылдамақ? Егер де бюджет дефициті бай­қалатын болса, соның орнын толтыру мақса­тын­да, әлеуметтік бағдарламаларды қаржылан­дыру мақсатында көтеретін болса, онда түсінікті. Қаражат тапшылығы кез келген салықтық-нор­мативтік базаларды өсіру арқылы реттеледі. Ол біріншіден, Ұлттық қордағы ақ­шаның салымын көбейтуге негізделеді. Әрі қарай мемлекеттік бағдарламалар ар­қ­ылы жүзеге асады. Дефицит бар екені анық. Яғни, оның орнын толтыру үшін қо­сымша құн салығын 12 пайыздан 16 пайызға көтермекші. Бұл дұрыс емес деп есеп­тейміз.

Өйткені біз оны көтеру арқылы тікелей халықтың табыс деңгейіне, әлеу­меттік жағдайына әсер етеміз. Қосымша құн салығы өсетін болса, онда авто­матты түрде, азық-түлік, жалпы кез келген ел аумағына кіріп жатқан тауардың ба­ға­сы өседі. 15-20 пайызға қымбаттап кетеді. Сондықтан қазір бізге салық мөл­шерін өсірудің қажеті жоқ. Бізде орта тап әлі қалыптаспаған. Халықтың басым бө­лігі кедейлік деңгейінде күн кешіп отыр. Орташа жалақы алатын азаматтардың са­ны аз, ең төменгі күнкөріс мөлшерінде жүрген азаматтардың саны өте көп. Сон­дықтан бұл мәселеге мән беруіміз керек.

Иә, мойындау керек, қазір бізде бюджет тапшылығы бар, бірақ жағдайды рет­теу үшін қосымша құн салығын өсіру емес, басқа да нормативтерді қарас­тыруы­мыз керек. Мысалы, көлеңкелі экономикадағы бизнесті шығарып, заң­дастыру.  Яғни, олардың салық төлеуіне қолайлы жағдай жасау. Еліміздегі кө­лең­келі бизнестің үлесі өте жоғары. Шамамен экономикадағы бизнестің үштен бірі – көлеңкелі экономика. 

Одан кейін осы уақытқа дейін ұрлаған, тонаған шетелге капитал шығарған, салықтан жалтарған кәсіпорындар бар, байлар бар. Қаншама миллиардтаған қаражат шетелге кетті. Біз солармен де жұмысты күшейтуіміз керек. 

Сонымен қатар қазір елімізде 2 миллионға жуық шағын және орта бизнес су­бъектісі тіркелген. Әйтсе де, олардың тек қана 1 миллион 4 жүз мыңға жуығы ғана нақты жұмыс істеп тұр. Қалғандарының жұмысы не үшін тоқтап тұр? Со­лар­ды да біз ынталандыруымыз керек. Неліктен олар жабылып қалып жатыр? Олар да – біздің салық төлеушілеріміз. Салық төлеу мәдениетін, тәртібін қа­лып­тас­тыруымыз керек. 

Сосын бюджет бағдарламалары бар, Ұлттық қордан бөлініп жатқан қаражат бар, соларды айқындауымыз керек. Бағдарламалар қаншалықты мақсатты түрде жүр­гізіліп жатыр, қаншалықты қайтарымды болып жатыр, оны да қарауымыз ке­рек. Яғни, бұл шаралар Үкіметке қаншалықты қажет? Қазіргі мемлекеттік бағ­дарламалардың біразын алып қарайтын болсақ, көптеген сұрақ туындайтын мә­­­селелер бар. Барлығын саралап, экономикалық талдау жүргізуіміз қажет.

Қосылған құн салығын өсіруден 2030, тіпті 2050 жылға дейін бас тартуымыз ке­рек, өйткені қазіргі экономикалық жағдайда бұған тәуекел ете алмаймыз. Ол үшін ішкі нарықтағы кәсіпкерліктің даму деңгейі, елдің өзін-өзі қамтамасыз ету дең­гейі 65-70 пайызға жетуі керек. Сол кезде ғана біз қосылған құн салығын өсіру туралы ойлана бастаймыз.

Расул Рысмамбетов,
қаржыгер:

Бизнес одан сайын көлеңкеге кетуі мүмкін

– ҚҚС мөлшерлемесін бірден 4 пайызға көтеру – өте тәуекелді қадам. Ұлттық экономика министр­лігі, басқа да мекемелердің ниеті түсінікті, олар бюджетті тол­тырғысы келеді. Себебі салық түсімі төмен, кіріс аз. Бірақ бұл қадамнан кейін бизнес одан сайын кө­леңкеге кетуі мүмкін. Сонымен қатар ҚҚС, айна­лып келгенде, біз өзіміз төлейтін салық. Біз өндіретін өнім аз, көбінесе бәрін сырттан сатып аламыз. Им­порт көлемі жоғары. 

Одан бөлек, ҚҚС мөлшерін өсіру туралы бастаманы көтерушілер кейін ҚҚС кейін қайтады деген пікірді алға тартып отыр. Дегенмен ҚҚС қайтарып алу мүмкін емес деуге де болады. Мәселен, менімен серіктес компаниялар қазір ақшаларын ала ал­май отыр. Бұл – өте қиын процесс, оған қоса жемқорлық жайлаған.

Демек, мәселе көп және бірден алып төрт пайызға көтере салуға болмайды. Бизнеске тиімді деп те айтып жатыр, бірақ, нақты мөлшерлеменің қанша екеніне қарау керек, ал ол – жоғары. Маман ретінде айтсам, клиенттерім ҚҚС төлейтін бол­са, олардың бас офисін Ташкентке көшіре салу тиімді болар еді. Ол жақта мөлшерлеме – 12 пайыз. 

Сондықтан, 12-ден 14-пайызға бірден көтеру өте күрделі, сұрағы мол әрі тәуекелі көп мәселе.

Қорыта айтқанда, сарапшылар да, кәсіпкерлер де ҚҚС мөлшерлемесін бірден 4 пайызға көтеру туралы бастаманы қолдап отырған жоқ. Олар бұл шешім ең алдымен бағаның өсуіне, қызметтердің қымбаттауына әсер етіп, ең аяғы бизнесті көлеңкеге жасырынуға мәжбүрлейтін қадам деп бағалап отыр. Ал бастамашылар қазынаны қалай толтырудың қамымен бас қатырып жатқан сияқты. Жаңа Салық кодексін қабылдау аясында ұсынылып отырған өзгеріс әлі талқылана жатар. Не десек те, бұл қадам қазынаны толтырғанмен, халықтың қалтасын одан сайын ортайтатынын есте ұстаған жөн.
 

 


 

Серіктес жаңалықтары