"Қазцинк" зауытында жарылыс болғаннан кейін Өскемен тұрғындары ауа сапасын тексеруді және балаларды қашықтан оқытуға көшіруді сұрап жатыр, деп turkystan.kz тілшісі KTK телеарнасының сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Телеарна мәліметінше, қазіргі уақытта қала тұрғындары ауа сапасын мұқият тексеруді талап етуде. Олардың айтуынша, қалада "тыныс алу қиындағандай" жағдай байқалады.
Азаматтар өз алаңдаушылықтарын әлеуметтік желілерде де бөлісіп жатыр. Олар экологиялық жағдай ең алдымен балалардың денсаулығына әсер етуі мүмкін деп қауіптенеді. Сондықтан тұрғындар мектеп оқушыларын қашықтан оқуға көшіруді, ал мамандардан тексерісті күшейтуді сұрайды.
Алайда "Қазгидромет" мамандары ауа сапасына жүргізілген мониторинг нәтижесін жариялап, көрсеткіштердің қалыпты екенін мәлімдеді.
"Мониторинг нәтижесі бойынша аталған шығарындыларға байланысты ешқандай шектен тыс ластану тіркелген жоқ. Стационарлық автоматты бекеттерде де нормадан асу анықталмады. Тек көміртек тотығы, күкіртсутек және хлорлы сутек бойынша аздаған шектен асу байқалды", – делінген "Қазгидромет" хабарламасында.