Үсік жүреді: 4 қазандағы ауа райына болжам

Республика аумағы бойынша тұман күтіледі.

Үсік жүреді: 4 қазандағы ауа райына болжам
Ашық дереккөз

 

 

Бүгін Қазақстан аумағының басым бөлігіне антициклон жотасы әсер ететіндіктен, жауын-шашынсыз ауа райы болады.

Елдің батысында, солтүстік-батысы мен шығысында атмосфералық фронттардың өтуі әсерінен жаңбыр жауады, шығысында жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын күтіледі. Республика бойынша тұман болады. Сондай-ақ елдің солтүстігінде, оңтүстігі мен батысында екпінді жел тұрады.

Түнде Ақмола облысының оңтүстігінде, шығысы мен орталығында, Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстік-шығысында – 1-3 градус, Қостанай облысының оңтүстік-шығысында 1 градус үсік жүреді.

Түркістан, Қызылорда облысының орталығында, шығысы мен оңтүстігінде өрт тұтану қаупі сақталады.

Жамбыл облысында, Атырау облысының оңтүстігі мен шығысында өрт қаупі жоғары.