«Samruk-Kazyna Construction» «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының орындалуына кедергі келтіріп отыр – маман

«Samruk-Kazyna Construction» АҚ өткен аптада жобалау ұйымдарына берілген технологиялық талаптарды дайындауды тым кешіктірді.

«Samruk-Kazyna Construction» «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының орындалуына кедергі келтіріп отыр – маман
ашық дереккөз
866

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының техникалық құжаттамасында кейбір жиһаз бұйымдарының параметрлері бір ғана қазақстандық жеткізушімен толық сәйкес келеді. Бұл туралы Жиһаз жасаушылар гильдиясының басқарма мүшесі Игорь Проценко «AMANAT» партиясындағы бизнес-қауымдастықтар басшыларымен кездесуде мәлімдеді.

Ол Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы еліміздің барлық өңдеу өнеркәсібін дамытудың қуатты драйвері бола алатынын атап өтті. Алайда, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ өткен аптада жобалау ұйымдарына берілген технологиялық талаптарды дайындауды тым кешіктірді.

«Мынадай бір «қызық» жағдай орын алып отыр. Техникалық құжаттамада жиһаздың кейбір үлгілері, атап айтқанда, оқушылар үстелі мен орындықтары Павлодардан бір кәсіпорын өндіретін өнім номенклатурасымен толық сәйкес келеді. Басқа өндірушілердің мүдделері мен технологиялық мүмкіндіктері ескерілді ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Егер солай болса, неге жиһаздың балама модельдеріне сілтеме жоқ? «Лоббизм» және «протекция» деген сөздерді қолданғым келмейді, алайда әлеуетті өнім өндірушілер аясын күрт қысқарта отырып, «Samruk-Kazyna Construction» «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының дұрыс орындалмай қалу қаупін төндіріп, «көлеңкелі импортқа» жол ашады», – деді Игорь Проценко.

Еске сала кетейік, «АМАNАТ» партиясы сайлауалды бағдарламаның орындалуына мониторинг жүргізу аясында осы жылдың шілде-тамыз айларында өңірлік кеңестер базасында салалық вице-министрлер мен отандық кәсіпкерлердің қатысуымен кеңейтілген жиындар өткізді.Онда барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалалар қамтылды. Кездесулерге барлығы 600-ге жуық кәсіпкер, оның ішінде ірі бизнес-қауымдастықтардың басшылары қатысты. 230-дан астам өзекті мәселе көтеріліп, олардың әрқайсысы «AMANAT» партиясының бақылауына алынды.

Партия «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында бизнес үшін ұзақмерзімді және қолжетімді несиелік ресурс мәселесін шешуге тырысады. Өндіруші бизнеске қолдау көрсетіліп, өндірістік, көлік және коммуналдық инфрақұрылым қолжетімді болады. Ал аграрлық кешен мен жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары үшін неғұрлым жеңіл салық мөлшерлемелері енгізіледі. «AMANAT» 2027 жылға дейін шағын және орта бизнестің жұмысына бөгет болатын кемінде 15 мың артық реттеуші кедергіні жояды.

Серіктес жаңалықтары