Ақтөбелік жастардың жайы қалай?
Бүгінде Ақтөбе облысында 930 мыңнан астам тұрғын бар.
Оның 267 мыңға жуығы – жастар. 14-35 жас аралығындағы жастардың 161 341-і қалада тұрса, 105 448-і ауылдық елді мекендерде өмір сүріп жатыр. Бүгінде облыс жастарына қандай жағдай жасалып жатыр? Биыл қанша жас баспанамен, қаншасы жұмыспен қамтылды? Осы орайда біз жауапты органдардың өкілдерімен тілдескен едік...
Биыл 15 мың жас жұмысқа орналасты
Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің бас маманы Мәди Кемешовтің айтуынша, бүгінде өңірде жастарды тұрақты жұмыспен, баспанамен қамту мәселелері басты назарда тұр. Өткен жылы осы орайда өңір бойынша 22 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылған. Ал биыл 35 мыңнан астам жасты еңбекпен қамту жоспарланған. Қазір осы жоспардың 44,5 пайызы орындалған.
– Биыл жыл басынан бері облыс бойынша 15 836 жас жұмыспен қамтылды. Оның ішінде бос жұмыс орындарына – 6 775, жастар тәжірибесіне – 1 284, әлеуметтік жұмыс орындарына – 498, уақытша сипаттағы қоғамдық жұмыс орындарына – 1 667 жас жіберілді. Сондай-ақ облыста жүзеге асырылып жатқан «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 112 жас қатысса, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы аясында 76 адам жұмысқа орналасты. Өңірімізде 250-ге жуық жас қысқамерзімді кәсіптік оқыту курсына қатыстырылса, 3 202 адам «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Оның 153-і 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грантқа ие болды, – дейді
ол.
Мәди Кемешов жыл басынан бері жастарға жылдық 2,5 пайыздық жеңілдікпен несие беру үшін 187 адамға 935 млн теңге қаржы бөлінгенін айтады. Соның арқасында биыл 200-ден астам жас «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы 2,5 пайыздық жеңілдетілген жастарға арналған несиеге қол жеткізген.
Ақтөбе облыстық статистика департаментінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде өңірде 21,9 адам жұмыссыз жүр. Оның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 2,1 пайыз. Бұл республикалық көрсеткіштен төмен. Республикадағы жастардың жұмыссыздық деңгейі – 3,6 пайыз.
– Облыстағы жұмыссыз жастардың саны – 3 815. Оның ішінде ауылдық жерлерде тұратыны – 175 адам. Яғни, жұмыссыз жастардың үлесі қалада көп. Ал өңірдегі NEET санатына жататын жастардың үлесі – 7,1 пайыз. Яғни, осы санатқа жататын облыста 11 644 жас анықталып отыр. Бүгінде облыста жастарды жұмыспен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр, – дейді бас маман.
Студенттерге жатақхана жеткілікті ме?
Қазір Ақтөбе облысында жастарға жоғары білім беретін 6 оқу орны бар. Оның екеуі мемлекеттік болса, 4-еуі – мемлекеттік емес оқу орны. Қазір бұл оқу орындарында жалпы саны 24 542 студент білім алып жүр. Оның ішінде 13 452 студент күндізгі бөлімде оқиды.
Өңірдегі екі әскери оқу орны, атап айтсақ, Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институты мен М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты режимдік тәртіпте жұмыс істейді. Бұл оқу орнының білім алушыларына барлық жағдай жасалған. Ал қалған университеттердің студенттері жатақханада жатып оқиды. Мәселен, бүгінде 4 жоғары оқу орнына тиесілі жатақханалардағы орындар саны – 4 580. Ал оларда 3 373 студент тұрып жатыр. Шамамен білім алып жүрген жастардың бір бөлігі ғана жатақханаларда тұрады. Көбі оқуға өз баспанасынан, жалдап тұратын пәтерінен немесе туысының үйінен қатынайды.
Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Дина Жаманбаеваның айтуынша, жаңа оқу жылына жатақханаларды дайындау мақсатында биылғы жылы облыстық бюджеттен 67,2 млн теңге қаржы қарастырылған. Шығындардың негізгі бөлігі жатақханалардағы төсек-орындарды жаңартуға, зақымданған жиһаздарды ауыстыруға, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалған. Алайда білім алушыларға жайлы жағдай жасау үшін колледж жатақханаларының жиһаздары мен жабдықтарын жаңарту мәселесі күн тәртібінде тұр.
Бұл мәселе бойынша биыл «AMANAT» партиясы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі аймақтық кеңес мүшелері мен «Жастар Рухы» жастар қанаты облыстық филиалының өкілдері арнайы рейд өткізді. Аталған филиал өкілдерінің айтуынша, колледж жатақханаларына қатысты кейбір мәселелер шешімін тауып жатқанымен, оларды жүзеге асыру биыл оқу процесімен қат-қабат келген. Дегенмен бұл мәселе осы айдың аяғына дейін шешілуге тиіс.
Бұдан бөлек, биыл жоғары оқу орны студенттерінің ішінде оқу үлгерімі жоғары және облыстағы қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысатын 145-іне 215 мың теңге көлемінде облыс әкімінің стипендиясы табыс етілді. Сондай-ақ өңірдегі кәсіптік және техникалық білім беретін оқу орнының 45 студентіне 105 мың теңге көлемінде бір реттік стипендия берілген.
Жалпы, облыстағы білім алатын, еңбек ететін жастардың барлығы бүгінде жастар ресурстық орталығына жүгінеді. Оларға бұл орталықтың мамандары әлеуметтік, психологиялық, ақпараттық жағынан әркез қолдау көрсетеді. Қазір Ақтөбе облысында мұндай 14 орталық бар. Оның біреуі облыстық болса, біреуі — қалалық, ал 12-сі – аудандағы орталықтар.
– Жыл басынан бері облыстағы жастар ресурстық орталықтарына түрлі мәселелермен 4 мыңнан астам жас жүгінген. Оның ішінде 187-сі психологиялық қолдауға мұқтаж болса, 3 737-сі әлеуметтік мәселелер бойынша көмек алған. Ал заңгерлік-құқықтық қолдауға ие болған жастардың саны – 83. Жалпы, биыл облыс бойынша мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру барысында есепті кезеңде 2 279 шара өткізіліп, оларға 81 940 жас қатыстырылды, – дейді Мәди Кемешов.
Баспаналы болды,
кәсіп ашты
Бүгінде Ақтөбе облысында жастарды баспанамен қамту мәселесі өте өзекті. Себебі пәтер жалдап, тапқан нәпақасын соған жаратып жүрген жастардың қатары көп. Ресми емес мәліметтерге сүйенсек, облыс бойынша шамамен үй кезегінде тұрған 14 мың жас бар.
Былтыр өңірде облыс әкімінің бастамасымен «Ақтөбе жастары» бағдарламасы жүзеге асырылып, соның нәтижесінде 42 жас отбасы баспаналы болды. Бұл мақсатқа жергілікті әкімдік 300 млн теңге, ал «Отбасы банкі» АҚ 300 млн теңге қаржы бөлді. Соның арқасында жас отбасылар 23 жылға дейінгі мерзімге 5 пайызбен құны 15 млн теңге болатын пәтерлерге қол жеткізді. Биыл да бұл бағдарламаны жүзеге асыру жоспарлануда. Дегенмен оған қатысатын жастардың саны белгісіз.
Бұдан бөлек, биыл өңірде «Отбасы банкі» АҚ-ның мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары арқылы 342 жас баспаналы болды.
Ақтөбе облысында биыл «Ауыл аманаты» жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Осы бағдарлама аясында жұмыссыз ауыл жастарын кәсіптік дағдылауға бағытталған «Дем» жобасы іске асырылып, 12 аудан бойынша 278 жұмыссыз тегін білім алды.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында облыстық ішкі саясат басқармасының мамандары ауылдық жерлердегі 35 жасқа дейінгі жастарға скринингтік жұмыстар жүргізіп, ауыл жастарының паспортын жасақтады. Скрининг нәтижесінде, 12 аудандағы «Ауыл аманаты» жобасына енген 24 ауылдық округтен 278 жұмыссыз жас анықталды. Осы жұмыссыз жастардың ішінен 22-сі «Дем» жобасының бірінші кезеңіне қатысып, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік-мәдени және қаржылық сауаттылық бағыттары бойынша тегін білім алды. Сондай-ақ «Білім және ғылым», «мәдениет және өнер», «бизнес және кәсіп», «медиа», «ақпараттық технологиялар» және «волонтерлік» салаларындағы жастар бастамаларын қолдауға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты жобасы жүзеге асырылды. Жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 9 миллион теңге бөлінді. Жоба арқылы 300 мың теңге көлемінде 30 ауыл жасына қайтарымсыз грант берілді. Осылайша, өңір жастары жеке кәсіп ашуға мүмкіндік алды, – дейді Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы жастармен жұмыс бөлімінің бас маманы Мәди Кемешов.
Айта кету керек, соңғы жылдары Ақтөбе өңірінде кәсіпкерлік саласына бет бұрып, оқу курстарына қатысып, жеке кәсіп ашып жатқан жастардың қатары көбейіп келеді. Бүгінде облыста кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы арқылы 153 жас 1 млн 380 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант иегері атанса, 500-ге жуық жас «Ауыл аманаты» жобасы арқылы қаржы алып, кәсібін кеңейткен.
Данагүл ҚАЗИХАН,
Ақтөбе облысы