Туған ағасы 17 жыл құлдыққа салған екі қыздың інісі қандай жағдайда қайтыс болған?
Руслан Өтепбай қыздарды құлдықта ұстаған ағасы мен жеңгесіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
17 жыл бойы туған ағасында құлдықта болған апалы-сіңлі Назгүл бен Құндыз қазір Алматы қаласында ем алып жатыр. Бұл туралы журналист Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады turkystan.kz.
«Ардақты ағайын, Назгүл мен Құндызды Алматыға алып келдік. 3 аптадан бері қыздар ем-дом қабылдап жатыр. Апалы-сіңлі кешенді ем қабылдау үшін медициналық орталықтың жанынан пәтер жалдадық. Сонымен қатар, олардың тамағын әзірлеп, жуындырып, киімдерін тазалау үшін күтуші жалдадық. Қыздар үш ай бойы емді Алматы қаласында қабылдайды», - деді тележүргізуші.
Руслан Өтепбай қыздарды құлдықта ұстаған ағасы мен жеңгесіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Жақында әлеуметтік желіде қыздар інісінің ағасынан қорлық көріп, қиналып қайтыс болғанын айтып жатқан видео тараған болатын. Журналист енді бұл оқиға да тексерілетінін жеткізді.
«Қыздарды құлдықта ұстаған ағасы мен жеңгесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар оқыс жағдайда қайтыс болған інілерінің өлімі қалай орын алғанын анықтау үшін тілшілер дәлелдер жинауда. Таяуда ашылмаған басқа да жайттарды эфирде тәптіштеп айтамыз. Ал әзірге басты мақсат— қыздардың денсаулығын ретке келтіру», - деп жазды Руслан Өтепбай.