Тоқаев пен Байденнің қашан және қалай кездесетіні белгілі болды

Президент мемлекет және үкімет басшыларын дәстүрлі түрде қабылдау рәсімін өткізіп, жеке келіссөз жүргізуге мүмкіндік болады.

Тоқаев пен Байденнің қашан және қалай кездесетіні белгілі болды
akorda.kz

Ақ үй БҰҰ Бас Ассамблеясының саммиті барысында АҚШ президенті мен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кездесуі өтетіндігін растады, деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесшісі Джейк Салливан келесі аптада әлем көшбасшылары БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясының ашылуына жиналатынын мәлімдеді.

АҚШ Президенті Джо Байден сәрсенбіге дейін Нью-Йоркте болып, бұл мүмкіндікті бірқатар мәселе бойынша АҚШ-тың мүддесі мен құндылықтарын ілгерілету үшін пайдалануға тырысады.

Сейсенбі күні Джо Байден Бас Ассамблеяға өзінің жыл сайынғы жолдауын жариялайды. АҚШ президенті өзі және оның әкімшілігі америкалық көшбасшылық ұстанымдарын ілгерілету үшін қабылдаған қадамдары туралы айтады. Олар әлемдегі мейлінше өзекті мәселелерді шешу бағытында өзге мемлекеттермен әріптестікке негізделген.

Кеңесші АҚШ президентінің Орталық Азияның бес мемлекеті: Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан басшыларымен кездесуі жоспарланғанын атап өтті.

Джейк Салливанның айтуынша, «С5+1» президенттердің тарихтағы тұңғыш саммиті болмақ. Ол іс жүзінде 2015 жылы басталған болатын, содан бері тек күшейіп келеді және мемлекеттер көшбасшылары деңгейіне жетті.

Алғашқы саммит көшбасшыларға аймақтық қауіпсіздіктен бастап, сауда және өзара іс-әрекеттер, климаттың өзгеруі мен басқаруды жақсарту және заң үстемдігін арттыруға бағытталған реформаларға дейінгі бірқатар мәселені талқылауға мүмкіндік береді.