Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Президенті жанындағы стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сараптама тобы» туралы өкімге қол қойды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Стратегиялық даму мәселелері жөніндегі сараптама тобы – Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган. Ол ҚР ұзақмерзімді дамуына қатысты тұжырымдамалық тәсілдер мен басымдықтарды сараптамалық тұрғыдан пысықтау мақсатында құрылған.
Сараптама тобының негізгі міндеттері – концептуалды тәсілдерді анықтау және сараптамалық жағынан әзірлеу, талдамалық, әлеуметтік, сондай-ақ форсайт зерттеулердің нәтижесін талқылау.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Сараптама тобының жұмыс органы саналады.
Сараптама тобының отырысы қажет кезде, алайда кем дегенде айына бір рет өткізіледі. Отырысқа мемлекеттік органдар, ғылыми ұйымдар, сарапшылық қауымдастықтар, іскерлік орта, азаматтық қоғам өкілдері және Сараптама тобының құрамына енбеген басқа да мамандар қатыса алады.