Шымкентте ер адам бұрынғы сүйіктісінің күйеуін қызғаныштан өлтірген
Ұсталған адам уақытша ұстау изоляторына қамалды
Шымкентте кісі өліміне күдікті азамат қолға түсті, деп хабарлады turkystan.kz.
12 қыркүйек күні сағат 12:30 шамасында «102» арнасына көпқабатты үйдің кіреберісінде жергілікті тұрғынды ер адам соққыға жыққаны туралы хабарлама келді. Шақырту түскен мекенжайға Тұран ауданының полицейлері мен жедел жәрдем барды.
«Медицина қызметкерлері 35 жастағы азаматтың қайтыс болғанын мәлімдеді. Жедел тергеу тобы жәбірленушіні оның бірге тұратын әйелінің бұрынғы сүйіктісі қызғаныштан ұрып-соққанын анықтады. Қарсыласының есінен танып қалғанын байқаған азамат оқиға орнынан қашып кеткен», - делінген хабарламада.
Polisia.kz сайтының мәліметінше, Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктінің сырт келбеті мен жеке деректерін негізге алып, оны шұғыл іздеуге кірісті.
«Жедел уәкіл Арман Арипжанов қашып кеткен адам бірінші кезекте жеке заттары мен құжаттарын алу үшін үйіне барады деп болжады. Күдіктінің Түркістан облысы Ленгер қаласының тұрғыны және оның автокөлігі жоқ екенін білген ол бірден такси жүргізушілерінің тұрағына барды. Жүргізушілердің бірі іздеудегі ер адамға ұқсас кісі Alphard-қа мініп кеткенін айтқан», - делінген хабарламада.
Полиция қызметкері күдікті мінген көлікті Тоғыс елді мекенінде тоқтатып, ер адамды ұстады. Күдікті Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.