«Ұлы дала жорығының» шабандоздары Астанадан Түркістанға аттанды

Бүгін Қазақстанда Астана-Түркістан бағыты бойынша «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі екінші маусымы бастау алды, деп хабарлады turkystan.kz.

«Ұлы дала жорығының» шабандоздары Астанадан Түркістанға аттанды
ашық дереккөзі

Жорық қатысушыларын шығарып салу шарасына марафон-бәйгеге ұйытқы болған ұлттық спорттың жанашыр азаматтары – ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов, ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, «JORYQ» ат спорты федерациясы Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Әлібек Әлденей қатысты. Өз сөзінде Исламбек Салжанов марафон-бәйгенің маңыздылығын тілге тиек етіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Кеше ғана Ұлттық спорт түрлері бойынша VI фестивальдің ресми ашылуын өткіздік. Ал бүгін болса, баршамыз екінші рет ұйымдастырылып отырған «Ұлы дала жорығының» басталу салтанатына жиналып тұрмыз. Ұлттық спорт қауымдастығы 2 жыл қатарынан серіктес болып, «Ұлы дала жорығы» жобасын қолдап отыр.  Ұлттық спортымыз - ата-бабаларымыздан бізге қалған асыл мұрасы және аманаты. Ұлттық спорттың артында ұлтымыздың рухы мен намысы, тарихы мен салт-дәстүрі тұр. Ұлттық спортымыз - елімізді біріктіретін негізгі факторлардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық спорттың дамуы мен насихатталуына ерекше назар аударып отыр. «Ұлы дала жорығы» әлемде жоқ республикалық марафон-бәйге. Бүгін осы бәйгеге еліміздің барлық аймағынан 100-ден астам шабандоз қатысуда. Олар 14 күнде 1300 шақырым жерді шауып өтеді. Астанадан басталған бәйге Түркістанда мәресіне жетеді. Мен барлық шабандоздарға сәттілік тілеймін! Осы жобаны ұйымдастырып, қолдап отырған Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігіне, «Аманат» партиясына және Әлібек Әлденей бауырымыз бен барлық атсалысқан азаматтарға алғысымды білдіремін! Қазақ елінің аспаны ашық болып, Көк туымыз мәңгі желбірей берсін!» – деді Исламбек Салжанов.

«Ұлы дала жорығы» марафонының жалпы жүлде қоры – 65 млн теңге. Жеңімпаз командаға 30 млн теңге, 2-орынға 20 млн теңге, ал 3-орынға 15 млн теңге табысталады. Өз кезегінде «JORYQ» ат спорты федерациясы Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Әлібек Әлденей жорықтың бұл жолы да жоғары деңгейде өтетініне сенімді екенін жеткізді.

«Тәуелсіздікке қол жеткізіп, егеменді ел болғалы Қазақстанда ұлттық спорт түрлері жоғары қарқынмен дамып келеді. Ұлттық спорттың артында ұлттық құндылық тұр. Жорық біздің еліміздің салт-дәстүрін насихаттап, өткен мен бүгінгіні жалғайтын тамаша жоба. Марафон-бәйгеге қатысып отырған барлық шабандоздарға сәттілік тілеймін! Сәттілік серік болсын!» – деді Қамқоршылық кеңесінің төрағасы.

Іс-шара ұйымдастырушысы Ғани Дүйшеновтың айтуынша, марафон 14 бөлікке бөлінген.

«Бірінші кезең 50 шақырым. Одан кейін 12 кезеңде 100 шақырымды жүріп өтеді. Соңғы 14-кезеңде 50 шақырым жолды бағындырып, Түркістанда мәреге жетеді. Атырау облысынан басқа барлық өңірден командалар қатысып жатыр. Барлығы марафонға сақадай-сай. Жылқылар ветеринариялық тексеруден өтті», деді ол.

Жалпы саны 19 команда жеребе бойынша белгіленген уақытқа сәйкес Астана іргесіндегі Қаражал ауылынан Сабынды ауылына аттанды. Шабандоздар ұзындығы 1300 шақырым болатын маршрут Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстарын басып өтіп, 19 қыркүйекте Түркістан қаласында өз мәресіне жетуге тиіс. Жобаның жүлде қоры 65 млн теңге (демеушілер есебінен). Жеңімпаз команда 30 млн теңге, екінші орын иегерлері 20 млн теңге, ал қола жүлдегерлер 15 млн теңге көлемінде сыйақы алады. Марафон жұмысына 2 халықаралық, 2 қазақстандық төреші және 2 халықаралық, 3 қазақстандық ветеринар шақырылды. Айта кетейік, «Ұлы дала жорығы» жобасы республикалық «JORYQ» ат спорты федерациясы, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің, «АMANAT» партиясының және ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының қолдауымен жүзеге асырылады.