Қызылордада дәрігерлер 549 грамм болып туған нәрестеге күрделі ота жасады

/
Қызылордада дәрігерлер 549 грамм болып туған нәрестеге күрделі ота жасады
Қызылорда Облыстық перинаталдық орталығы

Облыстық перинаталдық орталықта 24 апта 3 күндік жүктілік мерзімінде оперативті жолмен дүниеге келген, салмағы небәрі 549 грамм болатын Н. есімді нәрестеге күрделі хирургиялық операция жасалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Орталықтың мәліметінше, өмірінің 27-тәулігінде нәрестенің жағдайы өте ауыр деп бағаланды. Терең шала туылуына байланысты ауыр дәрежелі бронхөкпелік дисплазия, неонаталдық пневмония, некроздаушы энтероколиттің ауыр дәрежесі, перитонит және ішектің тесілуі анықталды.

Нәрестенің жағдайын тұрақтандыру мақсатында қажетті қарқынды емдеу шаралары жүргізіліп, гемотрансфузия жасалды. Хирургтердің бақылауымен орындалған операция барысында тоқ ішектің некрозға ұшыраған бөлігі резекцияланып, стома шығарылды.

Операцияға неонатальды хирург Б. Маханбетияров, көмекші хирург С. Нүсіпқожаев және балалар анестезиологы И. Самсонов қатысып, кәсіби әрі үйлесімді жұмыс атқарды. Сондай-ақ операциялық мейіргер Н. Ұзақбай мен мейіргер З. Сайлаубекова ота барысының сапалы өтуіне өз үлестерін қосты.

Операциядан кейін нәрестенің жағдайы әлі де өте ауыр. Қазіргі уақытта ол қарқынды ем қабылдап, дәрігерлердің тұрақты бақылауында.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары