671
"Қара жорға" билейтін құлтемір
"Қара жорға" билейтін құлтемір
Семей қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы «Қара жорға» биін билейтін робот жасап шығарды, – деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Семейдегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Әділ Ордаев пен ұстазы Бақытбек Нұрлыбекұлы арнайы бағдарлама түзіп, роботтарды буын биіне икемдеген. Құлтемірді жасаған авторлар қазақтың ұлттық өнерін осылайша ұлықтағымыз келді деп отыр.
Жобаны жасауға бірнеше ай уақыт кеткен. Бағдарламасы тез жасалғанмен, 18 бөлшектен құралған моторды ұлттық биге көндіру оңай болмапты. Дегенмен, авторлар талмай ізденіп, табандылық көрсеткенде ғана нәтижеге қол жеткізуге болатындығын дәлелдеді.
«Роботты тек қана билеткізбей, оған жан беру керек деп ойлаймын. Сондықтан біз роботтарды билеткізу кезінде, әрбір қозғалысты сақтау кезінде өзіміздің жүрегіміздің кішкене бөлігін бердік деп санаймыз. Болашақта олар тек «Қара жорға» ғана емес, «Қамажай» билерін де билейді деген ойдамын», – дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Әділ Ордаев.