«Ауыл аманаты» жобасы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
«Ауыл аманаты» жобасы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
– Өткен аптада Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барған Үкімет басшысы Әлихан Смайылов өңірдегі «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру тәжірибесі өзге өңірлерге үлгі болуы керектігін, әсіресе, тауарлық несие беру механизмін республикаға тарату туралы айтқан болатын. Осы орайда жобаның жүзеге асырылу барысы және тауарлық несие алған тұрғындар жайлы айтып берсеңіз. – Өздеріңізге белгілі, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы облыста алғаш рет былтыр қолға алынды. Содан бері аз уақыттың ішіндегі бұл бағдарламаның жемісі көңіл қуантарлық. Жалпы, биыл республика бойынша ауылдарды дамытуға, оның ішінде осы «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға 100 миллиард теңге қаржы бөлінді. Соның есебінен ауылдарда кәсіпкерлік бастамаларды да іске асыру жоспарланды. Бұл мақсатта біздің өңірімізге 19 миллиард теңге қаржы қарастырылған болса, бүгінде оның 6,5 миллиард теңгесі бөлінді. Қазір «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 6 миллиард теңгеге 1389 жоба мақұлданды. Оның 930-ына 4 миллиард теңге көлемінде несие берілді. Қалған ауылдарды дамытуға, оның ішінде ауыл шаруашылығының әлеуетін көтеруге бағытталған 12,5 миллиард теңге көлеміндегі қосымша қаржы жыл аяғына дейін бөлінуге тиіс. Бүгінде Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасына 6 шағын қала және 134 ауылдық округ қатысып жатыр. Осы шағын қалалар мен ауылдарда жалпы саны 1 122 жаңа жұмыс орны құрылып, 103,4 мыңнан астам құс сатып алынды, 48 жылыжай салынды. Атап айтсақ, бағдарлама аясында құс шаруашылығы бойынша 404 жоба, ал өсімдік шаруашылығы бойынша 137 жоба қолға алынды. Сондай-ақ ауылдарда шағын бизнесті дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, «Ауыл аманаты» бағдарламасының шеңберінде бүгінде ауылдық жерлерде 85,9 гектар алқапқа көкөніс, 60 гектарға картоп егілді. 44 сүт және 32 ет өңдеу нысаны ашылып, 35 наубайхана өз жұмысын бастады. Сондай-ақ қазір облыс елді мекендерінде жалпы саны 280-ге жуық жеке кәсіпкерлік нысаны қарқынды жұмыс істеуде. Мұның барлығы осы бағдарламаның жемісі деуге болады. Өткен аптада облысымызға келген жұмыс сапарында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов осы жоба аясында қол жеткізген көрсеткіштерімізді жоғары бағалады. Премьер-Министр Ақтөбе облысының тәжірибесін барлық облыс әкімдеріне кеңінен тарату керектігі жөнінде тапсырма бергенін жеткізді. Егер біз жоба аясындағы жұмыстарды жыл аяғына дейін осы қарқынмен жүзеге асыратын болсақ, бағдарлама сәтті іске асып, өңіріміз республикаға үлгі болары анық. Енді «Ауыл аманаты» жобасының ережелері мен тиімді тұстарына тоқталсақ, жалпы бұл бағдарламаға зейнеткерлер мен мемлекеттік қызметкерлерден басқа барлық ауыл тұрғындары қатыса алады. Жобаға қатысушыларға несие 2,5 пайыз жеңілдікпен беріледі. Бағдарлама шартына сәйкес бір тұрғынға берілетін несиенің мөлшері – 8 миллион 625 мың теңге. Ал «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы ауылшаруашылық өндірістік кооперативтеріне берілетін несие мөлшері – 27 миллион 600 мың теңге. Бағдарламаға қатысатын кез келген тұрғын жеңілдікпен несие алу үшін жеке мүлкін кепілге қоюға тиіс. Қазір ауыл халқы тұрып жатқан үйлерін, техникаларын кепілге қойып, кәсіп ашу үшін несие алып жатыр. Бұл орайда жобаға қатысушыларға ешқандай шектеу жоқ. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында елді мекендерде мал шаруашылығынан гөрі өсімдік, құс шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Сонымен қатар аталған несие ауылға қажетті шағын бизнестің түрлерін дамытуға берілуде. Атап айтсақ, жоба аясында тұрғындар 2,5 пайыз жеңілдікпен берілетін несиені шағын бизнестің 14 түріне рәсімдеп жатыр. Мысалы, олардың қатарында монша, тігін цехы, наубайхана, шаштараз және тағы басқа нысандар бар. Бағдарлама шартына сәйкес, несие азық-түлік дүкені мен такси қызметінен басқалардың бәріне беріледі. Сол себепті бұл бағдарламаның тиімділігі мол. Сондай-ақ қазір облысымызда тауарлық несие беру механизмі де барынша жолға қойылған. Үкімет басшысы бұған қатысты да өз пікірін білдіріп, біздің тәжірибемізді өзге өңірлерде жүзеге асыру керектігін айтқан-ды. Енді осы бағыттағы жұмыстарға тоқталсақ, қазір Ақтөбе облысы бойынша жалпы саны 330 отбасына 4 580 бас мал тауарлық несие берілген. Мұндай қолдау, негізінен, ауылдық жерлерде тұратын несие алу үшін кепілге қоятын мүлкі жоқ, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға көрсетіліп отыр. Бұл отбасылар өзі тұратын ауылда немесе көрші елді мекендегі ірі шаруашылықтардан ірі қара алып, оның төлін көбейтуде. Алған малынан сүт өнімдерін өндіріп, қосымша табыс та табуда. Ережеге сәйкес, қолдау көрсетілетін отбасылар мен шаруашылық басшылары өзара екі жақты келісімшартқа қол қояды. Осы келісімшарт аясында мал алған адам шаруашылық басшысына екі-үш жылдан кейін алған төлінің есебінен қарызын қайтарады. Жалпы, бағдарлама шартына сәйкес, кез келген жобаға қатысушыға бір жыл каникул беріледі. Бір жылдан кейін өзара келісімге сәйкес қожалық иесіне мал алған тұрғын төлінің 40-50 пайызын қайтаруға керек. Қазір бұл орайда облыста жақсы үрдіс қалыптасып, жағдайы бар, малы көп шаруалар мен кәсіпкерлер аз қамтылған отбасыларға ерекше қолдау білдіруде. Бұл, бір жағынан, ауыл халқының ауызбіршілігін білдірсе, екінші жағынан, кәсіпкерлердің өз кәсібін дамытқанының айғағы. Сондай-ақ мұндай қолдау шаралары шаруашылығы бар азаматтардың ауылға деген жанашырлығы мен халықтың өзара ынтымақ-бірлігін көрсетеді. Мысалы, биыл көктемде көп адам малды буаз күйінде алды, қазір алған ірі қара саны екі есеге көбейді. Бұл – бір. Екіншіден, мал алған отбасылар қазір ауылда сүт өнімдерін өндіруде. Жасаған өнімдерін сатып, табыс көзін тауып отыр. Міне, түптеп келгенде, тауарлық несиенің жұртшылыққа берері көп. Сондықтан алдағы уақытта жоба жалғасын тапса, ауылдың жағдайы бұдан да жақсы дамиды деп сенеміз. Шынында, ауыл тұрғындарының көбі басында жобаның тиімділігін түсінген жоқ, қазір бұл бағдарлама табыс көзі екенін білген соң, оған қатысуға өтініш білдіріп жатқандар жетерлік. Бір мысал, облыстағы үлкен аудандардың бірі Шалқар ауданына қарасты Есет Көтібарұлы және Жаңақоныс ауылдық округінде «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, тауарлық несие алып жатқандардың белсенділігі жоғары. Есет Көтібарұлы ауылдық округі Байқадам ауылының тұрғыны Алтынбек Үмбетов биыл бағдарлама аясында «Нұралы» шаруа қожалығынан 15 бас сиыр алып, қазір төлін өсіріп отыр. Ол бір жылдан кейін ғана шаруашылыққа төлін беріп тұрады. Ал қалғанын өзі өсіріп, қорасындағы мал санын көбейтпек. Міне, бұл жоба – Алтынбек сияқты қарапайым тұрғындарға үлкен қолдау. – «Ауыл аманаты» бағдарламасын сәтті жүзеге асыруда облыста алда келе жатқан аудандарды атап кетсеңіз. Сондай-ақ жоба аясында кооператив құру ісі қалай дамып жатыр? – Қазір жобаны жүзеге асыру көрсеткіші бойынша өңірде көш бастап тұрған аудандар — Мәртөк, Қарғалы және Алға ауданы. Өкінішке қарай, ең төменгі орындарда Әйтеке би мен Байғанин аудандары тұр. Осыдан 5-6 жыл бұрын облыста дәстүрлі емес шаруашылықтарды дамытуға басымдық берілген болатын. Ал қазір ауылдарда қолыңнан келген кәсіпті бастауға барлық мүмкіндік беріліп отыр. Бір сөзбен айтқанда, «Ауыл аманаты» тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда. Биыл облыста бағдарламаға қатысушыларға кооператив құру міндеті қойылды. Жалпы, кооператив құрудағы негізгі міндет – тұрғындардың уақытында жерін жыртуына, малына бақташы шығаруына, жем-шөбін жинауына көмектесу, қолдау шараларын ұйымдастыру. Кооператив құрудағы басымдықтарға тоқталсақ, біріншіден, оның құрамындағы адамдар үшін өнімнің де, қызметтің де бағасы төмен болады. Екіншіден, кооперативтер бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алса, оған мемлекет тарапынан 50 пайызға дейін субсидия төленеді. Үшіншіден, әр шаруаның өндірген өнімін кооператив жинап алып, бір жерге тапсыра алады, яғни, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуде ешқандай проблема болмайды. Сондай-ақ кооператив өз кезегінде ветеринарлық, агрономиялық, есеп қызметін жасап отыруы керек. Ережеге сәйкес, мұндай бірлестік құрамында ең кемі үш адам болуға тиіс. Бүгінде Ақтөбе облысы бойынша елді мекендерде 50-ден астам кооператив құрылды. Қазір олар өз жұмысын бастап кетті. – «Ауыл аманатына» қатысушылар өндірген өнімдерін қайда өткізіп жатыр? Бұл бағытта сіздің басқарма тарапынан қандай қолдау шаралары жүргізіледі? – Бүгінде облыста «Ауыл аманаты» жобасына қатысушыларға Ақтөбе қаласындағы «Табыс» коммуналдық базарынан арнайы сөрелер бөлінді. Сол жерде апта сайын елді мекеннен келген шаруалар өз өнімдерін сата алады. Сондай-ақ қазір біз базар аумағынан жұмыртқа, сүт өнімдерін сатуға да арнайы орындар бөліп жатырмыз. Жалпы, бұл бастама — бағдарламаға қатысушыларға үлкен демеу. Себебі бұл сөрелердің барлығы тұрғындарға тегін беріледі. Екіншіден, шаруалар өндірген өнімдер аудандағы дүкендер мен кәсіпорындардан де ауысып жатқан жоқ. Мәселен, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Хромтау ауданында ашылған екі наубайхана ауыл халқын нан өнімдерімен қамтып отыр. Бұл аудандағы бір бөлке нанның бағасы – 160 теңге. Қазір бұл наубайханалар аудандағы «Восход-ORIEL» компаниясымен өзара келісімшартқа қол қойып, өз өнімдерін кәсіпорынға өткізуді жоспарлап отыр. Тағы бір мысал, биыл маусым айының аяғында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруда көшбасшы атанған Мәртөк ауданына қарасты Тәңірберген ауылдық округі Ақтөбе қаласындағы «Болашақ» шағын ауданынан арнайы павильон ашты. Қазір бұл жерден ақтөбеліктер қолжетімді бағамен жаңа және сапалы сүт өнімдерін, тары, жент, ірімшік, кұрт және тағы басқа өнімдерді сатып ала алады. Бір таңғаларлығы, осы жобаның арқасында Тәңірберген ауылдық округінде жұмыссыздық толығымен жойылған. Осы округтен 70-ке жуық адам несие алып, жеке кәсіп бастады. Сондай-ақ қазір облыс тұрғындары өздері өсірген бау-бақша өнімдерін «Табыс» коммуналдық базарына көтерме бағамен тапсырып жатыр. Бұл екі жаққа да тиімді. Ал қала тұрғындары ауылдың таза, табиғи өнімдерін осы жерден қолжетімді бағамен сатып алуда. Жалпы, бұл бағдарламаның артықшылығы сол, бүгінде облыстағы барлық елді мекендерде жұмыссыздар мен атаулы әлеуметтік көмек алатындардың саны азайды, кәсіп ашып, табыс тауып жатқандар қатары артты, тіпті, бірқатар азаматтар қаладан ауылға қоныс аударып жатыр. Ауылдардың жағдайы жақсарып, жаңа жұмыс орындары құрылуда. – Ақтөбе облысында жыл сайын тамыз айының ортасында жиын-терін науқаны басталады. Қазір өңірде егінге орақ түсті ме? – Қазір бірқатар аудандарда егін ору жұмыстары басталып кетті. Биыл облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары 747 мың гектар жерге егілді. Оның ішінде дәнді дақылдардың егіс алқабы – 439 мың гектар. Қазір осы дәнді дақылдарды жинау басталды. Бүгінге дейін өңірде 14 мың гектар егіс алқабынан арпа, бидай, тары өнімдері жиналды. Әзірге аудандардағы шаруалар гектарына 8,4 центнер өнім алып жатыр. Алдын ала болжам бойынша биыл орташа өнім көлемі жылдағыдай болмақ. Қазір Хромтау ауданында дәнді дақылдардан гектарына 14 центнерден, Алға ауданында 11,7 центнерден өнім жиналып жатыр. Нақты нәтижелер жаппай ору жұмыстары жүргізілген кезде белгілі болады. Әзірге нәтиже осындай. Ал мал азығына келсек, биыл Мұғалжар, Қарғалы, Темір, Алға, Ойыл, Қобда, Мәртөк, Әйтеке би аудандарында бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды түрде жүргізілді. Биылғы егістің шығымы жаман емес, нақты көрсет-кіш күзде белгілі болады. Биыл Ақтөбе облысына егіс жинау жұмыстарына 14 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Оның 3 мың тоннасы өткен айда өңірге әкелінді. Қазір дизельдің бағасы – литріне 235 теңге. Жуырда Үкімет отырысында Премьер-Министр жиын-терінге байланысты дизель отынының бағасын төмендету туралы тапсырма берді. Соның салдарынан тамыз айында баға арзандауы мүмкін. Жем-шөп жинау науқанына келсек, биыл өңірде Байғанин, Шалқар аудандарынан басқа елді мекендерде ешқандай қиындықтар жоқ. Бұл екі ауданда шаруалар бұрын шабылмаған жерлерді шауып алып жатыр. Былтырғыға қарағанда бұл аудандарда шөптің шығымы аздау, дегенмен тұрғындарға жеткілікті мөлшерде үлестірілетін болады. Сөз соңында айтарым, Ақтөбе облысында ауылдардың жағдайын жақсарту, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларын дамыту бағытындағы жұмыстар жолға қойылған. Жыл сайын өңірде жаңа кәсіп ашқан, мал, құс, өсімдік шаруашылықтарын дамытып жатқандар саны артып келеді. Бұл халықтың табысы артып жатқанын, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы, тұрмысы түзелгенін көрсетеді. Жалпы, бүгінде облысымызда тірлігі жарасқан, бірлігі берік, қаймағы бұзылмаған ауылдар көп. Оларда өте еңбекқор, ауызбіршілігі мықты азаматтар тұрады. Лайым, халқымыздың бірлігі мәңгі, еңбекке деген құлшынысы зор болсын! Еліміз аман болсын! – Әңгімеңізге рақмет!
Данагүл ҚАЗИХАН, Ақтөбе облысы