225
Тәртіп сақшысына бағынбасаңыз 11 млн теңге айыппұл төлейсіз
Тәртіп сақшысына бағынбасаңыз 11 млн теңге айыппұл төлейсіз
Ішкі істер министрі тәртіп сақшысына бағынбағандар мен оларға қарсы күш көрсеткендерге 11 миллион теңге айыппұл салуды қолға алмақ, – деп хабарлайды Астана арнасы.
Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель Мәжіліске Құқық қорғау жүйесін жетілдіру бойынша заң жобасын таныстырды. «Құқық қорғау жүйесін жетілдіру бойынша» заң жобасына өзгерістер енсе, тәртіп сақшысына бағынбай, оған күш көрсеткен азаматқа 11 миллион теңге айыппұл салынады. Айыппұлды төлей алмағандар 3 жарым жылға жуық мерзімге түрмеге қамалады.
Ал халық қалаулылары заң жобасының бұл талаптарымен, яғни, айыппұлдарды екі есе өсірумен келіспейтіндіктерін білдірді. Төрт айлық есептік көрсеткіш бір күн түрмемен есептеледі. Депутаттар темір тордағы сотталғандардың санын онсыз да азайта алмай отырғанда, жаңа адамдарды қамаймыз ба деп бұл түзетуге қарсы шығып отыр.
ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов: «Екі бап бойынша жауапкершілікті арттыру керек деген тапсырма алдық. Бұрын айыппұл 100 АЕК және 45 тәулікке дейін қамау болса, енді ол 200 АЕК пен 75 тәулікке дейін қамауға ұлғайтылды. Террористік әрекеттерге қарсы операция кезінде тәртіп сақшысына бағынбағаны үшін деген ұсынымды қостық. 380-ші бойынша да солай, бұрын 2 мыңға дейін болса, екі есе көтеріп, 5 мыңға жеткіздік. Өйткені 41-ші баптың айыппұлы 500-ден 10 мың АЕК дейін айыппұл салуды қарастырады», – деп түсіндірдің жаңадан енгізілетін түзетулерді.
Ал Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мұндай түзетулермен мүлдем келіспейтіндігін айтып, қарсылық білдірді. «Елбасы орта дәрежедегі қылмыстық теріс қылықтар үшін жазаны жеңілдетуді тапсырды. Ал сіздер айыппұлдарды таңғаларлық көлемге, 11 млн-ға өсіруді сұрап отырсыздар. Сондықтан бұл түзетумен келісе алмаймыз. Қайта қарап, екінші оқылымда сәйкестендіріп әкеліңіздер, әйтпесе оны қабылдауға болмайды», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Осы ретте депутаттар әйелдерді ұрып соғу және денсаулығына жеңіл зиян келтіру дерегі бойынша 23 пен 34 мың теңге көлемінде айыппұл салынатындығын, ал тәртіп сақшыларына сондай күш қолданылса, неге миллиондап айыппұл салынуы керек екендігін түсіне алмайтындығын да қоса айтты.
Ал Бас прокурордың бірінші орынбасары аса ауыр емес, орта деңгейдегі қылмыстар бойынша айыппұлдар төмендеуі мүмкін екенін айтты.,: «Бұл айыппұлдар төтенше жағдай мен террористік операциялар кезінде орган қызметкерлері мен әскерилерге бағынбаған тұлғаларға қатысты қолданылады. Басқа жағдайларда кең көлемде қолданылмайды», – деді ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Иоган Меркель.
Заң жобасы ұзақ талқыға түскенімен, депутаттар құжатты алғашқы оқылымда-ақ мақұлдап жіберді.